Қан оның құрамы

Биология (8-сынып): Организмнің ішкі ортасы. Қан және оның құрамы

Бұл сабақта оқушылар организмнің ішкі ортасын құрайтын сұйықтықтарды (қан, ұлпа сұйықтығы, лимфа) және қанның құрамын, қызметтерін, қан жасушаларының ерекшеліктерін түсінеді. Материал оқу дағдыларын, сыни ойлауды және денсаулықты сақтауға бағытталған жауапкершілікті дамытуға бағдарланған.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: қанның маңызы мен құрамын түсіндіру; оқу дағдыларын жетілдіру; қан жасушаларының белсенділігі туралы медициналық тұрғыда бастапқы түсінік қалыптастыру.
  • Дамытушылық: сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары арқылы белсенділікті арттыру; ой-өрісті және шығармашылық қабілетті дамыту.
  • Тәрбиелік: жеке бас гигиенасын сақтау, денсаулықты қорғау, жұқпалы аурулардың алдын алу дағдыларын қалыптастыру.

Сабақ форматы

  • Түрі: аралас сабақ
  • Әдіс-тәсілдер: топтық жұмыс, шығармашылық жұмыс, топтастыру, СТО элементтері, «Кубизм», «РАФТ», Венн диаграммасы
  • Көрнекіліктер: слайдтар, қан жасушаларының суреттері, электрондық оқулық, сызбалар, кеспе қағаздар

Негізгі идея

Қан — тіршілік үшін аса маңызды ішкі орта. Ол оттегін тасымалдайды, қорғайды, қоректендіреді, дене қызуын тұрақтандыруға көмектеседі және мүшелердің өзара байланысын қамтамасыз етеді.

Сабақтың құрылымы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу
  • Түгендеу, оқу құралдарын тексеру

II. Үй тапсырмасын тексеру («Кубизм» әдісі)

1) Зерттеңіз:

  • Адам қаңқасының бөлімдері
  • Сүйектердің байланысуы және буындар
  • Бұлшықеттің маңызы

2) Салыстырыңыз:

  • Сүйектің құрылысы
  • Бұлшықеттің құрылысы

3) Суреттеңіз:

  • Қол және аяқ бұлшықеттерінің айырмашылығы
  • Адам қаңқасының бөлімдері

Қысқаша анықтамалық (үй тапсырмасына тірек)

Адам қаңқасы

Қаңқа бір-бірімен буын арқылы жалғасқан жеке сүйектерден тұрады. Қаңқада 200-ден астам сүйек болады. Сүйектер пішіні мен мөлшеріне қарай ұзын, қысқа, жалпақ сүйектерге бөлінеді.

  • Ұзын сүйектер: қол-аяқ жіліктері
  • Қысқа сүйектер: омыртқа, алақан, табан, сайсақ сүйектері
  • Жалпақ сүйектер: жауырын, бас сүйек, қабырға, төс, жамбас

Сүйектердің байланысы және буындар

Сүйектердің сыртында бұлшықеттер мен сіңірлер бекінетін сайшалар, қантамырлар мен жүйкелер өтетін тесіктер болады. Қаңқаны құрайтын сүйектер әртүрлі байланыстар түзеді. Адам денесінде 230-дан астам буын бар. Әр буынның сырты тығыз дәнекер ұлпадан түзілген қабықпен қапталған.

Бұлшықеттердің маңызы және құрылысы

Бұлшықеттер қозғалысты қамтамасыз етеді, дененің тепе-теңдігін сақтайды және денені тік ұстауға көмектеседі. Бұлшықеттер бұлшықет ұлпасынан, тығыз және борпылдақ дәнекер ұлпалардан, қантамырлар мен жүйке талшықтарынан тұрады.

Қол бұлшықеттері иық белдеуі және қол бұлшықеттеріне бөлінеді; күш көп түсетіндіктен, екібасты және үшбасты бұлшықеттер жақсы дамыған. Аяқ бұлшықеттері жамбас белдеуі және аяқ бұлшықеттеріне бөлінеді; санның төртбасты және балтырдың үшбасты бұлшықеттері айқын дамыған.

III. Жаңа сабақ: қан — тіршілік көзі

Адам тіршілігі үшін ерекше маңызды ішкі орта — қан және қан жасушалары. «Қан — организмнің айнасы» деген тұжырым оның ағзадағы жағдайды көрсететін әмбебап көрсеткіш екендігін меңзейді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Жатырда қанды емізген,
Аусыз қорек жегізген,
Туғызып, түзеп, өсіріп,
Өзіңді өзім дегізген —
Тіршілік сөйтіп таралған.

Қызығушылықты ояту

Тапсырма: «Қан — өмір сыйлаушы» деген сөздің мағынасын ашыңыз. Қанды қандай жағдайларда «тіршілік тірегі» деп атауға болады?

Ойлануға сұрақтар

  • Қан қандай қызметтер атқарады?
  • Ол неліктен ағза жағдайын «айнадай» көрсетеді?
  • Қан айналымы бұзылса, қандай қауіптер туындайды?

IV. Топтастыру: қанның негізгі қызметтері

Оттегін тасымалдайды

Ұлпаларды тыныс алуға қажет оттегімен қамтамасыз етеді.

Қоректендіреді

Қоректік заттарды мүшелерге жеткізеді.

Қорғайды

Жұқпаларға қарсы қорғаныс механизмдерін іске қосады.

Жылуды тұрақтандырады

Дене қызуын бірқалыпты ұстауға қатысады.

Мүшелерді байланыстырады

Ағзаның жүйелерін біртұтас жұмысқа келтіреді.

Қызыл түсті сұйық ұлпа

Қан — дәнекер ұлпаның сұйық түрі.

Ішкі ортаның бөлігі

Қан, ұлпа сұйықтығы және лимфа — ішкі орта.

Гомеостазды қолдайды

Ішкі тұрақтылықты сақтауға қатысады.

Суретпен және электрондық оқулықпен жұмыс (бағыттаушы сұрақтар)

  • Суретте не бейнеленген? Не байқадыңыз?
  • Қанның құрамына не кіреді? Қандай түрлері бар?
  • Қан жасушалары қандай қызмет атқарады?
  • Жұқпалы аурулардан қалай сақтануға болады?
  • Денсаулық сақтау ережелерін атаңыз.
  • «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» мақалының мәні қандай?

Қанның құрамы және қан жасушалары

Организмнің ішкі ортасы

Организмнің ішкі ортасына қан, ұлпа сұйықтығы және лимфа жатады. Қан — дәнекер ұлпаның сұйық түрі.

Ересек адам ағзасындағы қан мөлшері дене салмағына байланысты шамамен 4,5–5 литр.

Қанның жалпы құрамы

Плазма

55%

Қанның сарғыш түсті сұйық бөлігі.

Қан жасушалары

45%

Эритроцит, лейкоцит, тромбоцит.

Қанды ыдыста тұндырғанда төменгі қоңыр-қызыл қабатта қан жасушалары басым болады.

Эритроциттер

Эритроциттер — ядросыз, қызыл түсті қан жасушалары. Пішіні ортасы қысыңқы, табақша тәрізді. Қызыл түсі гемоглобинге байланысты.

Эритроциттердің тіршілік ету ұзақтығы орта есеппен 120 күн.

Лейкоциттер

Лейкоциттер — ядролы, түссіз, амеба тәрізді қозғалғыш жасушалар. Олар сүйек кемігінде, лимфа түйіндерінде және көкбауырда түзіледі.

  • Ашқарында қанда аздау болады, тамақтанғаннан кейін көбейеді.
  • Тіршілік ету ұзақтығы: 2–5 тәулік.

Тромбоциттер

Тромбоциттер — қан пластинкалары. Олар сүйек кемігінің ірі жасушаларының ыдырауынан түзіледі. Түссіз, ядросыз, домалақ немесе сопақша пішінді (диаметрі шамамен 2–5 мкм).

Негізгі қызметі: қанның ұюына қатысу.

Қан плазмасының құрамы

Су

90–92%

Нәруыз

7–8%

Глюкоза

0,1–0,12%

Май

0,7–0,8%

Тұз

1%

V. Шығармашылық жұмыс: «Мағынаны ажырату» (РАФТ әдісі)

РАФТ: Р — рөл, А — аудитория, Ф — форма, Т — тақырып. Мұғалім тақырыпты ұсынады, әр топ өз жұмысының форматын таңдап, қорғайды.

1-топ: Темір тапшылықты анемия

Анемия (қаназдық) — қанда эритроциттер санының азаюы және гемоглобин деңгейінің төмендеуімен сипатталатын жағдай.

Себептері:

  • көп қан кету;
  • уытты заттардың, химиялық қосылыстардың, безгек ауруының әсерінен эритроциттердің бұзылуы;
  • сүйек кемігі, бауыр, көкбауыр зақымдануы;
  • эритроцит түзілуіне қажет заттардың (темір, В12 витамині) жетіспеуі.

Қан оттекпен жеткілікті қанықпағандықтан, мүшелер мен ұлпаларда оттек тапшылығы туындап, зат алмасу бұзылады. Эритроцит азайғанда қанның тұтқырлығы төмендеп, жүрек соғуы жиілеуі мүмкін.

Емі дәрігер нұсқауымен жүргізіледі; кей жағдайларда қан құю қолданылуы мүмкін.

2-топ: Темекі мен алкогольдің жүрек-қантамыр жүйесіне әсері

Тапсырма форматы: өлең, эссе, мақала, хат немесе мақал-мәтелдер жинағы.

Негізгі тұжырым:

Никотин жүрек соғуын жиілетіп, қан тамырларын тарылтады, жүрек бұлшықетінің тез шаршауына ықпал етеді. Алкогольдің уы қанға тез сіңіп, жүрек пен қантамыр жұмысына елеулі зиян келтіреді: тамыр қабырғасының серпінділігі төмендейді, ентігу күшеюі мүмкін.

Алдын алу:

  • көбірек қозғалу, дене белсенділігін арттыру;
  • спортпен және жаттығулармен шұғылдану;
  • күн тәртібін сақтау, ұйқы мен демалысты реттеу;
  • жеке бас гигиенасын сақтау;
  • темекі, алкоголь және басқа зиянды әдеттерден бас тарту.

Мақал-мәтелдер (іріктеме):

  • «Темекі шеккенің — денсаулықтың түбіне жеткенің.»
  • «Мастықтың түбі — мазақ, мазақтың түбі — азап.»
  • «Спорт — денсаулық кепілі.»
  • «Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі.»

3-топ: Қан тобына байланысты мінез ерекшеліктері

Тапсырма: «Қан тобы және мінез» тақырыбын құрастырып, қысқаша сипаттамаларды қорғау.

I топ

Ырымшылдыққа қарсы, жігерлі, табанды; әзілге бейім; құбылыстарға сын көзбен қарайды, нақтылықты ұнатады.

II топ

Сезімтал, көңілі тез қалуы мүмкін; сырттай ұстамды көрінгенімен, жүйкесі жұқалау; өзіне талап қойғыш, әрекетін бақылап отырады.

III топ

Секемшіл, ортаға сезікпен қарайды, уайымға бейім; бірақ тез сабасына түсіп, болған жайтты тез ұмытады.

IV топ

Мақсатына жетуде қайсар; кейде басқаларды өз мақсатына икемдеуге бейім; махаббат мәселесінде шыдамсыз әрі тұрақсыз болуы мүмкін.

Ескерту: бұл сипаттамалар — талқылауға арналған болжамды үлгілер. Мінез-құлыққа тәрбие, орта, тәжірибе және жеке ерекшеліктер кеңірек әсер етеді.

VI. «Сандар сыр шертеді» (ауызша тапсырма)

Сан Мағынасы
55% Қан құрамындағы плазманың үлесі
4,5–5 л Ересек адамдағы қан мөлшері
90–92% Плазма құрамындағы судың мөлшері
0,1–0,12% Плазмадағы глюкоза мөлшері
120 күн Эритроциттің тіршілік ету ұзақтығы
1% Плазмадағы тұз мөлшері

VII. Сабақты бекіту: «Ой толғаныс»

Венн диаграммасы

Венн диаграммасы арқылы эритроцит пен лейкоциттің айырмашылығы мен ұқсастығын салыстырыңыз.

Эритроциттер

  • ядросыз
  • гемоглобин бар
  • оттегі тасымалдауға қатысады

Ұқсастығы

  • қанның жасушалық элементтері
  • ағза қызметін қамтамасыз етеді
  • қанайналым жүйесінде болады

Лейкоциттер

  • ядролы
  • қозғалғыш
  • қорғаныс қызметін атқарады

VIII. Үй тапсырмасы

  • «Организмнің ішкі ортасы» және «Қан» тақырыптары бойынша шығармашылық жұмыс дайындау (сөзжұмбақ, ребус, мақал-мәтелдер жинағы және т.б.).
  • Тақырыпты мазмұндап келу.

IX. Бағалау

Оқушылар бағалау парағына сүйене отырып бағаланады, күнделікке баға қойылады.

Автор туралы мәлімет

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Жанай ауылы, Жанай орта мектеп-бақша КММ.

География-биология пәндері мұғалімі: Әгімбекова Базаргүл Алтынбековна.