Отбасылық құқық
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақта отбасылық құқықтың негізгі ұғымдары мен тыныс белгілерін дұрыс қолданудың маңызы қатар қарастырылады.
Білімділік
Отбасылық құқық және пунктуация (тыныс белгілері) бойынша білімді тереңдету.
Тәрбиелік
Ілтипаттылыққа, ізденімпаздыққа және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
Жазу, сөйлеу және ойлау қабілеттерін дамыту.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Студенттермен сәлемдесу.
- Тізім бойынша студенттердің қатысуын белгілеу.
- Дәрісхананың және студенттердің сабаққа дайындығын тексеру.
- Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелерін таныстыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Венн диаграммасы арқылы салыстыру:
Салалас құрмалас сөйлем
Белгілері мен мысалдарын талдау.
Сабақтас құрмалас сөйлем
Белгілері мен мысалдарын талдау.
Жаңа тақырып: отбасылық құқық
Заңдық мағынада отбасы — некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын, отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға ықпал ететін, мүліктік және мүлікке қатысты емес жеке құқықтармен байланысқан адамдар тобы.
Негізгі ұғымдар
- Отбасылық құқық — отбасылық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы.
- Неке — отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі негізінде жасалатын еркек пен әйел арасындағы тең құқықтық одақ.
- Неке қатынастарын реттейтін негізгі акт — Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» заңнамасы.
Кей жағдайларда неке ресми тіркелмесе де, еркек пен әйел бірге тұрып, бала тәрбиелеуге қатысып, ортақ тұрмыстық жауапкершілік атқарса, ол да әлеуметтік мағынада отбасы ретінде қарастырылады. Сол сияқты кәмелетке толған балалардың ата-анасымен бірге тұрып, қамқорлық жасап, материалдық қолдау көрсетуі де отбасы байланысын күшейтеді. Ата-анасыз қалған кәмелетке толған аға-қарындастардың бір шаңырақ астында бір-біріне қамқор болуы да отбасы қатынасының көрінісі.
Отбасының түрлері: толық және толық емес
Толық отбасы
Әдетте ата-ана, балалар және кейде аға буын өкілдері (ата, әже) бірге өмір сүретін отбасы.
Толық емес отбасы
Балалардың ата-анасының біреуі ғана болатын отбасы. Ажырасу жағдайында екінші тарап алимент төлеуге міндетті. Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болғанда, мемлекет жәрдемақы арқылы қолдау көрсетуі мүмкін.
Толық және толық емес отбасылар заңмен және мемлекетпен тең дәрежеде қорғалады.
Неке мен отбасын қорғау
Неке мен отбасын қорғау екі түрде жүзеге асырылады: юрисдикциялық және бейюрисдикциялық.
Юрисдикциялық қорғау
Құқық бұзылған немесе даулы жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қорғау. Мысалы: сот, прокурор, АХАТ органдары, қамқоршылық органдары, ішкі істер органдары.
Бейюрисдикциялық қорғау
Азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік органға жүгінбей-ақ өз әрекеті арқылы құқықтары мен мүдделерін қорғауы (өзін-өзі қорғау). Мысалы: ата-аналардың өзара келісіп, бала тәрбиесіне қатысты мәселені мәмілемен реттеуі.
Сот арқылы қорғау — отбасы құқығын қорғаудың маңызды тетігі. Бұл процесте прокуратура, ішкі істер органдары, АХАТ, тәрбиелік мекемелер және әкімдіктер де рөл атқарады. Мысалы, әкімдіктер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды отбасыларға орналастыруға көмектесу міндетін атқарады.
Ажырасу (некенің бұзылуы) және дәстүрлі түсінік
Шариғат нормаларында некенің бұзылуы «талақ» ұғымымен байланыстырылған. Дәстүрлі түсінік бойынша кей жағдайларда талақты бірнеше рет айту тәртібімен ажырасу рәсімделген, ал «идда» мерзімі ішінде татуласу мүмкіндігі қарастырылған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу сирек кездескен. Бұған «әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген ұстаным, жетім-жесірдің көбеюіне жол бермеуге бағытталған құқықтық сана және әлеуметтік институттардың ықпалы әсер еткен.
Қазіргі Қазақстанда ажырасу мәселелері қолданыстағы неке және отбасы туралы заңнама нормаларымен реттеледі.
Жаңа тақырып: пунктуация (тыныс белгілері)
Тыныс белгілері (пунктуация) — жазба тілде қолданылатын шартты белгілер жүйесі.
Тыныс белгілерінің қасиеттері
Негізгі қызметі
Ойды нақтылы, дәл әрі түсінікті жеткізу; пікірді ала-құла етпей, анық білдіру.
Қосымша қызметі
Оқу мен айтылымдағы кідіріс, дауыс ырғағы және интонациялық ерекшеліктерді көрсету.
Тыныс белгілері дұрыс қойылмаса, мәтінді түсіну қиындайды: ой күңгірттенеді, сөйлем екіұшты болып кетуі мүмкін, тіпті сөйлем мүшелерінің қызметі өзгеріп, мағына бұрмаланады.
Мысал (мағынаны айқындау)
Бұл келген — сол Есіл бойындағы Қарасарт ауылының жиені, Жүсіп баласы Қожаш. (С. Көбеев)
Тыныс белгілерін қоюдың негізгі тіректері
- Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігі
- Сөйлемнің мағынасы
- Сөйлемнің интонациясы
Пысықтау: деңгейлік тапсырмалар
I деңгей — репродуктивтік
Мәтін ішінен кәсіби сөздерді тауып, сөйлем мүшесіне талдау жасаңыз.
Құқықтану — арнаулы қоғамдық білімдер саласы.
Құқықтану мамандығының мақсаты — түлектердің құзыретін әрі қарай дамытып, олардың қабілеттілігін қазіргі заман талабына сай деңгейде арттыру.
Құқық — мемлекет арқылы қамтамасыз етілетін, әділеттілік туралы адамдардың көзқарастарынан көрініс табатын, жалпыға бірдей міндетті нормалардың жиынтығы.
II деңгей — алгоритм
Адасқан сөздерді орнына қойып, сөйлем құрастырыңыз.
Тапсырма 1
Жеке құқық, отбасылық құқық, отырып, саласы бола, жүйесінде, қоғамдық ғылымдар, ие болады, ерекше орынға.
Тапсырма 2
Неке және отбасы, ана, әке және қорғауында болады, мемлекеттің, бала.
Тапсырма 3
Теңдігі, ерлі-зайыптылардың құқықтарының, отбасындағы.
Тапсырма 4
Өзара келісіммен, ішіндегі мәселелерді шешу, отбасы.
Тапсырма 5
Еркектер мен әйелдер үшін, белгіленеді, он сегіз жас болып, неке жасы.
III деңгей — эвристика
Тест сұрақтарына жауап беріңіз.
-
1) Еріндік және езулік дыбыстар араласып келген сөзді табыңыз.
A) Құлын. B) Сараң. C) Еркін. D) Әдеп. E) Баға.
-
2) Ұяң дыбыстардың қатарын көрсетіңіз.
A) м, д, з. B) р, х, з. C) б, ж, д. D) с, д, х. E) ғ, т, л.
-
3) Көмекші сөзді тіркесті табыңыз.
A) Жазамын. B) Ермек үшін. C) Келді. D) Сиыршы. E) Әке.
-
4) Есім сөзден жасалған туынды зат есімді табыңыз.
A) Азамат. B) Ұшқыш. C) Озат. D) Ойыншық. E) Суырма.
-
5) Болжалдық сан есімді табыңыз.
A) Он бүтін бестен бір. B) Тоғызыншы. C) Алтау. D) Сегіздерде. E) Жетпіс бес.
-
6) Тәуелденіп келген сұрау есімдігін көрсетіңіз.
A) Ешкім, әлдеқашан. B) Ғой, бірақ. C) Кімім? Кіміңіз? D) Кейбір, біреу. E) Алма, нарық.
-
7) Қате қойылған тыныс белгісін анықтаңыз.
A) Мектепке қарай бар. B) Сен-ақ ала бердің. C) Сен түгіл өзіне қимайды. D) Ол кінәні өзінен іздейтін-ді. E) Аз-ба, көп-пе.
-
8) Жайылма сөйлемді табыңыз.
A) Күз түсті. B) Жаңбыр көп жауды. C) Қар еріді. D) Қоңырау соғылды. E) Сағат жүріп тұр.
-
9) Автор сөзіне тән анықтаманы белгілеңіз.
A) Біреудің сөзінің мазмұны. B) Екі адамның сөйлескен сөзі. C) Қанатты сөз. D) Біреудің айтқан нақты сөзі. E) Біреудің сөзін жеткізушінің сөзі.
-
10) Омоним болатын сөзді табыңыз.
A) Балшық. B) Он бес. C) Мұғалім. D) Ауыз. E) Сау.
Қосымша пысықтау тапсырмасы: тыныс белгілері кестесі
Төмендегі сөйлемдерге тиісті тыныс белгілерін қойыңыз.
| № | Мысал | Нүкте (.) | Сұрақ белгісі (?) | Үтір (,) | Леп белгісі (!) | Қос нүкте (:) | Көп нүкте (...) |
|---|---|---|---|---|---|---|---|
| 1 | Маңайда тірі жан көрінбейді | ||||||
| 2 | Шіркін, қандай керемет | ||||||
| 3 | Менің бұл ісім сауап емес пе | ||||||
| 4 | Қарашы, мына бүлдіргенін | ||||||
| 5 | Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі ғылымға жүгініпті | ||||||
| 6 | Жиналыста сөз сөйлегендер: Асанов пен Қалиева |
Бекіту: шығармашылық жұмыс және сөзжұмбақ
Суреттер арқылы сөйлем құрастыру
Берілген суреттерді қатыстырып, мағынасы анық, тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемдер құрастырыңыз.
Сөзжұмбақ сұрақтары
- Азаматтық құқық қағидаларының бірі?
- Грек тілінен аударғанда «Халық билігі» деп аталады?
- Конституциялық құқық қоғамдық қатынастарды реттейтін әдістер?
- Өте жоғары инстанцияда істі қайта қарау мақсатында сот шешіміне шағымдану қалай аталады?
- Сайлаушының сайлауға келмеуі қалай аталады?
- Мемлекеттік құқықты басқаша қалай атайды?
Сөзжұмбаққа тиісті сандарды қойып, жасырын сөзді шығарыңыз.
Үй тапсырмасы
Төмендегі сөйлемдерге тыныс белгілерін қойып, мағынасын түсіндіріңіз.
Бағалау
Білім алушылардың жұмысы деңгейіне қарай әділ бағаланады: тапсырмаларды орындау сапасы, дәлелді жауап, сауатты жазылым және белсенділік ескеріледі.
Қорытынды
Отбасылық құқық — отбасылық қатынастарды реттейтін нормалар жүйесі; отбасы ұғымы неке, туыстық, бала асырап алу және тәрбиелеудің өзге нысандарымен байланысты. Ал пунктуация — ойды дәл жеткізудің және мәтін мағынасын айқындаудың маңызды құралы. Тыныс белгілерін дұрыс қолдану сөйлем құрылымын сақтап, мазмұнды түсінікті әрі бірмәнді етеді.