Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшеліктерімен бірден дүниеге келмейді, әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру осы заман ағымына лайықты азамат, білімді, ойлы, өмірге құштар болып өсуіне үлесімізді қосуымыз керек

Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік: рухани құндылықтардың жаңаруы

Жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы мен шығармашылық тұрғыда дамуы тәрбиеден бастау алады. Қазақстанның ертеңі, ұлттық қауіпсіздігі, қоғамның құндылықтық бағдарлары туралы сөз қозғалғанда, тәрбие мәселелері әрдайым ерекше назарды қажет етеді.

Қоғамның сұранысы — білімді, адамгершілікті, тапқыр, кез келген жағдайда дербес шешім қабылдай алатын, ынтымақтасуға және өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезімі жоғары тұлғаны тәрбиелеу. Бұл әлеуметтік қажеттілік Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауларында да айқын көрініс табады.

Тәрбиенің стратегиялық мәні

Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады» деп атап өткен. Демек, тәрбиенің түпкі мақсаты — нарықтық қатынасқа көшу кезеңіндегі саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды еңсере алатын, ізгілігімен XXI ғасырды дамытатын, іскер әрі өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті дара тұлғаны қалыптастыру.

Қоғам күтетіні

Дербестік, жауапкершілік, ынтымақтастық, әділеттілік, шешім қабылдай білу.

Тәрбиенің өлшемі

Рухани тұрақтылық, ұлттық құндылықтарға адалдық, мәдениет пен ізгілікті әрекет.

Ұлттық құндылықтар — тұлға қалыптастырудың тірегі

Бүгінгі ұрпақтың жеке тұлғасын қалыптастыруда халқымыз ғасырлар бойы қастерлеген қасиеттерді дарыту шешуші мәнге ие. Ар-намыс пен ождан, атамекенге және ана тіліне сүйіспеншілік, әдеп-иба, қайырымдылық, жауапкершілік, үлкенді сыйлау мен құрметтеу — жас адамның өз еліне өгей тартып кетпеуінің басты шарты.

Адам тұлға болып бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру — тәрбиелеу мен жетілдіру арқылы жүзеге асады. Сондықтан біз жастардың осы заман ағымына лайықты, білімді, ойлы, өмірге құштар азамат болып өсуіне үлес қосуымыз керек.

Маңызды бағдар

Тұлға тәрбиесінде сүйіспеншілік тек өзіне және жақындарына бағытталмай, жалпы адамзатқа деген мейірім мен жауапкершілікке ұласуы тиіс.

Ғұламалар мұрасы және «жетілген адам» ұстанымы

Қай заманда да жас ұрпақ өнеге тұтатын ұлттық тәлім-тәрбие мен үлгі алар тарихи тұлғалар бар. Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари секілді ғұламалардың кемеңгер ойлары оқушылардың тұлғасын қалыптастыруда ерекше мәнге ие.

Ұлттық тәлім-тәрбиеге айрықша көңіл бөлген педагог М. Жұмабаев та өз мұрасында бала тәрбиесі мен тұлға мәселесін негізгі тақырыптардың бірі ретінде қарастырды. Ол «түзу адам», «жетілген адам» туралы айта отырып, тұлғаның болмысы оның келбетінен ғана емес, жүріс-тұрысынан және нақты іс-әрекетінен байқалатынын атап көрсетеді.

Өлшем

Нақты іс пен тұрақты мінез.

Қасиет

Таза жүрек, әділет пен адалдық.

Бағыт

Халқын сүю, ел мұқтажын ойлау.

Қазіргі қоғам талабы: жан-жақты дамыған тұлға

Тұлға — сан қырлы, мазмұны мен табиғаты күрделі әлеуметтік ұғым. Адам өсу, даму, жетілу үдерісінде біртіндеп «тұлға», «кісі» деген атқа ие болады.

Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді. Жаңа қоғам мүддесіне сай, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру — педагогтардың, Үкіметтің және барша халықтың ортақ міндеті.

Бала бойындағы қабілет нышандарын дамыту, оны қоғамның белсенді мүшесі ретінде дайындау білім беру мен тәрбиелеуді жеке тұлғаны дамытумен қатар жүргізгенде ғана толыққанды жүзеге асады. Осыған байланысты білім мазмұнын, оқыту әдістерін және тәрбиені ұйымдастыру формаларын жетілдіру қажеттілігі арта түседі.

Автор туралы

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның биология пәні мұғалімі, сынып жетекші — Зулкашева Айзада Дүйсенбаевна.

Тақырып

Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік — рухани құндылықтардың жаңаруы