Жақты сөйлемнің белгілері

Сабақтың тақырыбы: Жай сөйлем

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: жай сөйлемдерді құрылымына қарай түрлендіріп, блоктап түсіндіру; әрқайсысының құрылымдық ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету.
  • Дамытушылық: тапсырмалар мен ойын элементтері арқылы ойлау қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: жаңа тақырыпты меңгерте отырып, тыңдай білуге, дұрыс сөйлеуге, сабырлылыққа тәрбиелеу; туған тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыру.

Ұйымдастыру

Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту сабағы
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, топпен жұмыс, тірек-сызбалармен жұмыс
Көрнекілігі
Слайд, дидактикалық материалдар
Сабақтың кезеңдері
Ұйымдастыру → Үй тапсырмасы → Жаңа сабақ → Бекіту

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Сәлемдесу
  2. 2 Түгендеу
  3. 3 Оқушылардың назарын сабаққа аудару

II. Үй тапсырмасын тексеру

1) «Сөз тіркесі» тақырыбы бойынша сұрақтар

  1. 1. Сөз тіркесі деген не? Мысал келтіріңіз.
  2. 2. Сөздер өзара қандай тәсілдер арқылы байланысады? Мысал келтіріңіз.
  3. 3. Сөздердің байланысу түрлері қандай? Мысал келтіріңіз.
  4. 4. Сөз тіркесінің қандай түрлері бар? Мысал келтіріңіз.
  5. 5. Сөз тіркесі мен тұрақты тіркестің айырмашылығы неде? Мысал келтіріңіз.

2) Мәтіннен сөз тіркестерін теріп жазу

Қиысу Матасу Меңгеру Қабысу Жанасу

Жануарлар өміріне үңіліп қарасақ, олардың ішінде адамдардың сенімді серігі — ит. Мұның өзіндік сыры бар. Ит — үй жануарларының ішінде ең алғаш қолға үйренгені. Бүгінде адамзат жер бетінде иттің үш жүзден астам түрін біледі. Ит өте сақ: ол иесін және оның қора-жайын қорғайтын сенімді хайуан. Ол — соғыста сапёр әрі байланысшы, мемлекеттік шекараны күзетуде шекарашылардың таптырмас жәрдемшісі. Ит адамға үлкен қызмет көрсетіп келеді.

Тапсырма: мәтіннен сөз тіркестерін тауып, байланысу түрлеріне қарай топтастырыңыз.

III. Жаңа сабақ

1) Сөйлем туралы түсінік

Сөйлем — тиянақты ойды білдіретін сөздер тобы. Айтылу мақсаты мен интонациясына, мазмұнына қарай хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты болып бөлінеді; құрамына қарай жай және құрмалас сөйлем болады.

Хабарлы

Асан бүгін сабаққа келмеді.

Сұраулы

Асан бүгін сабаққа келмеді ме?

Лепті

Асанның бүгін сабаққа келмегенін қарашы!

Бұйрықты

Асан ертең сабақтан қалмасын!

2) Жай сөйлем

Жай сөйлем — бір немесе бірнеше сөзден, сондай-ақ сөз тіркестерінен құралып, тиянақты бір ғана ойды білдіретін сөйлем.

Семантикалық бірлік

Сөздер бір-бірімен мағыналық байланыста болады.

Екпін тұтастығы

Сөйлемнің интонациялық тұтастығы сақталады.

Орын тәртібі

Сөздердің орын тәртібі (синтаксистік құрылым) бұзылмайды.

Жай сөйлемдерді құрылысына қарай жіктеу сөйлем мүшелерінің қатысуына байланысты жүзеге асады.

3) Жақты және жақсыз сөйлем

Жақты сөйлем

Бастауышы бар немесе бастауышты баяндауыш арқылы табуға болатын сөйлем.

Негізгі түр
  • Тұрлаулы мүшелері толық болады.
  • Тұрлаулы мүшелері үш жақта қиыса байланысады.
  • Кейде жасырын бастауышты баяндауыш арқылы табуға болады.
Мысал

Адамдар нарды көбінесе жүк тасуға пайдаланады.

Жақсыз сөйлем

Ойдың иесінен гөрі істелетін істің өзін көрсету басым болатын сөйлем. Бастауышын мүлде табуға келмейді.

Ереже
Баяндауыштың жасалу жолдары
  • -қы/-кі/-ғы/-гі жұрнақтары + жіктік жалғау + кел көмекші етістігі. Мысалы: Ардақтың оқығысы келеді.
  • Тұйық етістік + атау/барыс септік + мүмкін, жөн, керек, қажет. Мысалы: Үлкендерге орын беру керек.
  • Құрамында бастауышы бар тұрақты тіркес. Мысалы: Оның қорыққаннан төбе шашы тік тұрды.
  • Ілік септігіндегі тұйық етістік + керегі жоқ, қажеті жоқ. Мысалы: Оны айтудың қажеті жоқ.
  • -ып/-іп/-п + бол етістігінің болымсыз түрі. Мысалы: Оның сөзін түсініп болмайды.
  • Тұйық етістік + барыс септік + бол, жара, тура кел көмекші етістіктері. Мысалы: Ауылға баруға тура келді.

4) Жалаң және жайылма сөйлем

Жай сөйлемнің жалаң немесе жайылма болып бөлінуі тұрлаусыз мүшелердің қатысу-қатыспауына байланысты.

Жалаң сөйлем

Тек бастауыш пен баяндауыштан тұрады.

Әжем келді.
Жайылма сөйлем

Тұрлаусыз мүшелердің кемінде бірі қатысады.

Әжем қонақтан келді.

5) Толымды және толымсыз сөйлем

Толымды сөйлем

Айтылуға тиісті мүшелері түгел қатысатын жай сөйлемнің түрі. Басқа сөйлемдерге тәуелді болмай, дербес айтыла береді.

Мысал

Олар арттарына мәңгі өшпес із қалдырды.

Толымсыз сөйлем

Айтылуға тиісті тұрлаулы немесе тұрлаусыз мүшелердің бірі түсіп қалған сөйлем.

Мысал

— Қайдан келдің?

— Астанадан.

6) Атаулы сөйлем

Атаулы сөйлем — іс-оқиғаны баяндамай, тек соған байланысты жағдайды атап көрсететін жай сөйлем. Ол көбіне зат есімнен жасалады және құрамына қарай бір сөзден, сөз тіркесінен, күрделі сөзден де бола алады. Мағынасына қарай мезгіл, мекен, құбылыс, қимыл атауларын білдіреді.

Мысалдар
Қыс.
Қақаған аяз.
Алай-дүлей ұлыған боран.

IV. Білімді бекітуге арналған тапсырмалар

1) Синтаксистік талдау

Төмендегі жай сөйлемдерге синтаксистік талдау жасап, түрлеріне қарай ажыратыңыз.

  1. 1) Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
  2. 2) Үлкендерге құрмет көрсету керек.
  3. 3) Ұлылардың сөзін ұқпаған ұлып қалар.
  4. 4) Көп сөйлеген мылжың шын сөзді аз айтады.
  5. 5) Түс қайта әрқайсымыз өз шаруамызға кірістік.
  6. 6) Түс қайта шаруамызға кірістік.
  7. 7) Күз. Айнала сап-сары. Құлазыған дала.

Нұсқау: сөйлемнің түрін (жақты/жақсыз, жалаң/жайылма, толымды/толымсыз, атаулы) анықтап, сөйлем мүшелерін белгілеңіз.