Оқушының ұлттық сана сезімін қалыптастыру
Кіріспе
Егемен еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты — жан-жақты дамып, әлемдік білім кеңістігінен орын алу. Бүгінгі жас ұрпақ — елдің болашағы, халық тағдырын алға бастайтын азамат. Сондықтан жас ұрпаққа өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру — ғаламдық мәні бар мәселе.
Ғаламдану жағдайында ұлттық құндылықтарды, өз болмысымызды, ізгі дәстүрімізді сақтау жолындағы талпыныс — ұлттық сананы сақтау күресі. Бұл міндет ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетті және ұлттық салт-дәстүрді меңгерген, ұлттық сана-сезімі берік жеке тұлғаны тәрбиелеумен тікелей байланысты.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз заманының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулығы мықты өкілдері болмақ. Олар бабаларымыздың игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы жағдайда жұмыс істеуге даяр болады», — деп көрсетілген.
Демек, бүгінгі оқушы — егемен еліміздің ертеңгі ұрпағы. Ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті мен ойлау қабілеті саналы біліммен ұштасқанда ғана ұлттық негізі берік тұлға қалыптасады.
М. Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Негізгі бөлім
Құндылықтар — тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Олар шынайы, адамға тәуелді емес құбылыс болғанымен, адам санасында орнығады. Құндылық алдымен сезім арқылы қабылданып, сана арқылы түсініледі; соның нәтижесінде тұлға оны игеріп, өз әрекеті мен мінез-құлқына айналдырады.
Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға — ана тілін, ұлттық дәстүрді құрметтейтін; дүниетанымы кең, ақыл-ойы мен парасаты қалыптасқан; мақсат қоя білетін және оған жауапкершілікпен ұмтылатын; қарым-қатынас мәдениеті жоғары; Отанын сүйетін; күрделі жағдайда нақты шешім қабылдай алатын, салауатты азамат.
Осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш мектеп кезеңінің орны ерекше. Тәрбие сәби дүниеге келмей тұрып басталса, оны мектеп атты «білім кемесінде» ұлттық құндылықтар арқылы жүйелі түрде дамыту — аса маңызды міндет.
Абай: «Бала мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі — ата-анасынан, екіншісі — ұстазынан, үшіншісі — құрбысынан».
Қоғамға қызмет ететін болашақ ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру — ұстаздың басты парызы. Оқу мен тәрбие — егіз ұғым; оларды бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Тәрбие күнделікті сабақтың әрбір сәтінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.
Көп жылдан бері бастауыш сыныпта сабақ бере жүріп, «Бастауыш сыныпта оқу-тәрбие үдерісі арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыру» тақырыбында шығармашылық жұмыс жүргізіп келемін.
Мақсат
Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, тәні мен жаны сұлу, өзіне сенімді, халықтың салт-дәстүрін, Ата заңын, тарихын құрметтейтін, елжанды әрі әлемдік бәсекеге қабілетті тұлғаның негізін қалау; бастауыш білім мен тәрбиенің іргетасын берік қалыптастыру.
Міндеттері
-
Оқушының ұлттық сана-сезімін қалыптастыру.
-
Ана тілін, дінін, тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани мәдени мұраларды қастерлеуге тәрбиелеу.
-
Оқушы бойында жанашырлық сезімді, намысшылдықты және ұлттық мінезді қалыптастыру.
-
Сабақтарды және сыныптан тыс шараларды тартымды әрі тиімді ұйымдастыру.
-
Оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеу.