Білімнің атасы кітап
Білім кілті — кітапхана
Кітапхана — білімнің бастауы, ойдың шамшырағы, рухани әлемнің есігі. Бұл жазба кітапханаға жасалатын танымдық саяхаттың мазмұнын жинақтап, кітаптың қадірін арттыруға бағытталған негізгі ойларды ұсынады.
Мақсат 1
Кітапхана өмірімен таныстыру.
Мақсат 2
Білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру.
Мақсат 3
Кітапқа қызығушылықты арттырып, оны күтіп ұстауға үйрету.
Көрнекіліктер
- Білім мен кітап туралы плакаттар
- Кітап көрмесі: «Кітап — бір әлем»
- Жазушылар суреттері
Кітап туралы қанатты сөздер
«Кітапты сүйіңдер: ол өмірлеріңді жеңілдетеді, өзіңді де, өзгені де сыйлауға үйретеді; ақыл-ойыңды шыңдайды; бүкіл адамзатқа сүйіспеншілік сезімін оятады».
«Кітап — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті».
«Білімнің бас құралы — кітап».
«Оқуды қойған адам — ойлауды да қояды».
Сабақтың барысы
Кітапханашының кіріспе сөзі
Армысыздар, оқушылар! Бүгін бізде ерекше сабақ: кітапхана сабағы. Кітапхана мен 7-сынып оқушылары бірлесіп дайындаған «Білім кілті — кітапхана» атты кітапхана сағатына қош келдіңіздер!
А. Байтұрсыновтан
Балалар, бұл жол басы жаңалыққа.
Келіңдер, оқып, байқап қаралық та.
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық — өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңіздер, іздеп, тауып алалық та?
Кейіпкер: Кітап
Кітап
Балалар, сәл кешігіп қалдым-ау деймін, кешіріңдер! Сендермен дос болып қайтатыныма сенімдімін.
Кітапханашы
Қош келдіңіз, қымбатты достарымыз! Жоғары шығыңыздар.
Кітап пен кітапхананың мәні
«Кітап» сөзі араб тілінде «жазба» деген мағына береді, ал түрік тіліндегі «дәптер» ұғымымен де сабақтас. Қазақ кітап баспасында 1800 жылы «Сейфүл-Мәлік қиссасы» деп аталатын тұңғыш қазақша кітаптардың жарық көруі — маңызды тарихи дерек.
Кітап — атадан қалған асыл мұра, көненің көзі, ескінің сөзі. Ал кітаптар әлемі — кітапхана. «Кітапхана» сөзі грек тілінен алынған, мағынасы — «кітаптар тұрағы».
Оқу залы
Оқырман өзіне қажетті кітапты алып, кітапхана ішінде отырып оқиды.
Абонемент
Мұндағы кітаптарды үйге алып оқуға болады.
Оқырман формуляры
Әр оқырманның «куәлігі»: алынған кітаптар осы құжатқа тіркеледі.
Ескерту
Қажетті кітапты табуға кітапханашы көмектеседі — сұраудан қысылмаңыздар.
Жұмбақтар: «Кітап»
Оймен өсейік, жұмбақ шешейік.
-
Бірінші әріп — көзде бар, мұрында жоқ.
Екінші әріп — тісте бар, бұрымда жоқ.
Үшінші әріп — бетте бар, білекте жоқ.
Төртінші әріп — құлақта бар, жүректе жоқ.
Бесіншісі — «П» әрпі, ақырғысы…
Жұмбақ шешкен баланың ақылдысы.Жауабы: Кітап
-
Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңе тұрсаң қарап күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды оқи берсең кіргізеді.Жауабы: Кітап
-
Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.Жауабы: Кітап
-
Қабат-қабат қаттама,
Қаптамадан аттама.
Ақылын оның ала бер,
Айтқан сөзін жатта да.Жауабы: Кітап
Кітаптың кеңесі
Білімнің атасы — кітап. Кітап адамды ел мен жерді сүюге, талапты әрі кішіпейіл болуға, төзімділікке баулиды.
Кітапты пайдалану ережелері
- Кітапты жыртпай, кірлетпей, бүлдірмей таза ұстау — бәріміздің міндетіміз.
- Кітаптың бетіне сурет салмаймыз, парағын жыртпаймыз және суреттерін қимаймыз.
- Тамақ ішіп отырып кітап оқымаймыз.
- Мұқабасын қаптап, қажет болса жыртылған жерін желімдеп, кітапты ұқыпты ұстаймыз.
Көрініс: «Ескі кітап»
Жазғы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Оқушылар мектеп кітапханасынан оқулық ала бастады. Ләйлә 1-сыныпты аяқтап, 2-сыныпқа көшкен еді. Ол оқулықтарын алып үйіне келгенде, анасы қабағындағы кірбіңді байқап:
Анасы
Қызым, не болды? Біреу ренжітті ме?
Ләйлә
Жоқ.
Анасы
Онда не болды?
Ләйлә
Маған мұқабасы мыжылған, ескі кітаптар берді. Ондай кітапты оқығым келмейді…
Анасы
Қызым, неге ренжисің? Ақылды бала кітаптың жыртылған жерін желімдеп, тысын қаптап, жаңартып алады. Кітаптың сыртына емес, ішіне үңілу керек. Ол — әр адамның сырлас досы. Сондықтан оны күтіп ұстап, кейінгі іні-қарындастарыңа (сіңлілеріңе) таза күйінде берген жөн.
Анасының сөзін мұқият тыңдаған Ләйлә кітаптарын желімдеп, ретке келтіре бастады.
Кітап қадірін білетін, ұқыпты балалар көбейе берсін!
Шежіре кезеңі: мақал-мәтел сайысы
«Үлгі сөзі — атаның, үйренеміз — мақалын» демекші, мақал-мәтелдер арқылы білімді бекітейік.
Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
Кітапсыз үй — жансыз дене.
Күш — білімде, ал білім — кітапта.
Артық ғылым — кітапта, ерінбей оқып көруге.
Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол.
Оқысаң — озарсың, оқымасаң — тозарсың.
Қорытынды ой
Кітапты қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында пайдаланады. Одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады.
Ислам Шұғаевтан
Кітапты оқымай сыйламаған,
Білімге жанын жағып қинамаған.
Өсірген кімнің болсын ой-өрісін,
Сол кітап — бек ақылшы күнде маған.
Түлекті тәрбиелер кітап — мектеп,
Өседі сол кітаптан бұтақ көктеп.
Молайтып ақылыңды сан еселеп,
Береді білім нәрін кітап көптеп.
Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, кітап — әр адамның өмірлік досы. Сондықтан кітап оқып, кітаппен дос болайық.
Кітапхана сіздерді күтеді
Енді сіздер кітапхананың қай жерде орналасқанын, мұнда көптеген кітаптар бар екенін білесіздер. Келіңіздер, бірге оқиық!