Моғолстан мемлекетінде негізгі роль атқарған тайпа

Тарих сабағының жоспары

Бұл материал Моғолстан мемлекетінің құрылуы, этникалық құрамы, ішкі-сыртқы саяси ахуалы және әлсіреу себептері туралы жүйелі түсінік қалыптастыруға арналған.


Сабақтың мақсаты

Білімділік

Моғолстан мемлекетінің құрылуы мен этникалық құрамын түсіндіру, саяси тарихындағы негізгі оқиғаларға жан-жақты шолу жасау.

Дамытушылық

Тарихи оқиғалар мен құбылыстарды талдау, салыстыру және дербес қорытынды жасау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Елін, халқын қадірлейтін, жауапкершілігі жоғары азаматтық ұстанымды қалыптастыру.


Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Сыныпты түгендеу.
  • Сабаққа назар аударту.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тапсырма: оқиғаларды ханның билік еткен уақытымен сәйкестендіру.


Жаңа сабақ жоспары

1) Моғолстанның құрылуы және жер аумағы

XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, оның шығыс бөлігі — Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті қалыптасты. Ал ұлыстың батыс бөлігінде, Мауараннахрда, кейінірек Әмір Темір мемлекеті күшейді.

«Моғолстан» атауы шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» дыбысының түсіп қалуымен байланысты: «моғол», «моғолстан» түрінде орныққан.

Мемлекеттің қалыптасу кезеңінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы маңызды рөл атқарды. Поладшы хан болуға құқылы болмағандықтан, дулат ақсүйектері өздеріне ықпалды, Шағатай әулетінен шыққан 16 жастағы Тоғылық-Темірді 1348 жылы хан көтерді.

Тарихшы Мұхаммед Хайдардың дерегінше, Шағатай мемлекеті үлестерге бөлінгенде дулат әмірі Поладшының атасы Өртөбеге Маңлай-Сүбе жері берілген. Бұл аймақ Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінгі кең алқапты қамтыған.

2) Халықтың этникалық құрамы

  • Жетісу өңірін б.з.д. III–II ғасырлардан бастап үйсін, қаңлы тайпалары мекендеді.
  • V–VI ғасырларда түрік тілді тайпалар қоныстана бастады.
  • XIII ғасырда келген моғол тайпалары (арлат, чорас, калучи) жергілікті халықпен араласып, біртіндеп түркіленді.

3) Ішкі және сыртқы жағдай

Саяси тұрақсыздық күшейген кезеңде билікке келген Тоғылық-Темір хан ішкі-сыртқы жағдайды реттеуге ұмтылып, XVI ғасырдың басына дейін ықпалы сақталған әулеттің негізін қалады.

Ол хандық аумақты біріктіріп, бір орталыққа бағындыру саясатын жүргізді. Мемлекеттің орталығы Алмалық қаласы болды. Дулат тайпасының мұралық лауазымы — ұлысбегі атауы сақталды.

Тоғылық-Темір исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдатты. Мұхаммед Хайдардың жазуынша, бір күнде 160 мың адам исламды қабылдағаны айтылады. Ханның бұйрығымен дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерге қатаң жаза қолданылған.

4) Моғол хандығының әлсіреуі

Моғолстанда саяси бытыраңқылық күшейген тұста, Мауараннахрда билікті өз қолына жинақтаған Әмір Темір Моғолстанға жорықтар ұйымдастырды.

Сонымен бірге шығыстан XIV ғасырдың басынан ойраттардың шабуылдары жиілеген. М. Х. Дулатидің дерегі бойынша, Уәйіс хан 10 жыл ішінде қалмақтардың 612 шабуылына тойтарыс берген.

1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін бытыраңқылық жалғасып, хандық билік үшін талас оның ұлдары Жүніс пен Есен-бұға арасында өршіді. Дулат әмірлерінің қолдауымен 1433 жылы Есен-бұға хан болды, бірақ тартыс тоқтаған жоқ. Есен-бұға қайтыс болған соң, Ферғанада (Жетікентте) билік жүргізген Жүніс Моғолстанға оралып, өзін хан деп жариялады.

Моғолстан Жүніс ханның немересі Абд ар-Рашид тұсында ыдырай бастады. XVI ғасырдың басында мемлекет құлады, ал Жетісу аймағы Қазақ хандығының құрамына енді.


Негізгі оқиғалар хронологиясы

Уақыты Оқиға
1348 Шағатай ұрпағы 16 жастағы Тоғылық-Темір Моғолстан ханы болып сайланды.
1360–1361 Тоғылық-Темір Мауараннахрға екі рет жорық жасап, ұлы Ілияс-Қожаны хан тағына отырғызды.
1365 (22 маусым) Ташкент маңындағы шешуші «Батпақ шайқасы»: Әмір Темір Ілияс-Қожаға қарсы шықты.
1371–1372 Әмір Темірдің Моғолстанға алғашқы жорығы.
1380–1390 Әмір Темір 120 мың адаммен Моғолстанға бірнеше рет жорық жасады.
1428 Уәйіс хан қайтыс болды.
1433 Дулат әмірлерінің қолдауымен Есен-бұға хан тағына отырды.

Сөзжұмбақ: «Моғолстан»

  1. 1. Мауараннахрдағы билікті өз қолына алуды мақсат еткен билеуші? Әмір Темір
  2. 2. 1348 жылы Моғолстан ханы болып сайланған Шағатай ұрпағы кім? Тоғылық-Темір
  3. 3. Дулат әмірлерінің қолдауымен хан тағына отырған кім? Есен-бұға
  4. 4. XIV ғасырдың басында Моғолстанға шығыстан кімдер шабуыл жасап отырды? Ойраттар
  5. 5. Мемлекеттің орталығы болған қала? Алмалық
  6. 6. Мемлекеттік дін? Ислам
  7. 7. Әмір Темір мен Ілияс-Қожа арасындағы шешуші шайқас? Батпақ шайқасы
  8. 8. Моғолстанда негізгі рөл атқарған тайпа? Дулат
  9. 9. Әмір Поладшы тәуелсіз хандық құру үшін Моғолстанды қай аймақтан біржола бөліп алуға күш салды? Мауараннахр

Жаңа сабақты бекіту (сұрақ–жауап)

Негізгі сұрақтар

1) Моғолстанның алып жатқан аумағы қандай?
Шағатай ұлысының шығыс бөлігі — Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағы.
2) Моғолстан территориясы туралы қай еңбекте жазылған?
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде.
3) Моғолстанның орталығы қай қала?
Алмалық.
4) Неліктен «Моғолстан» деп аталды?
Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» дыбысы түсіп қалып, «моғол» атауы орныққан.
5) «Батпақ шайқасы» туралы не айтуға болады?
Тоғылық-Темір хан қайтыс болғаннан кейін Әмір Темір Мауараннахрдағы билікті толық өз қолына алу үшін Ілияс-Қожаға қарсы шықты. 1365 жылғы 22 маусымда Ташкент маңында шешуші шайқас өтті. Жазба деректер бойынша, екі жақтан шамамен 10 мыңға жуық адам қаза тапқан. Бұл шайқаста Ілияс-Қожа жеңіске жетіп, Әмір Темір шегінуге мәжбүр болды.
6) Моғолстан тағына кімнің ұрпақтары отырды?
Шыңғыс хан әулеті (Шағатай ұрпақтары).
7) Моғолстан хандығы кімнің тұсында ыдырай бастады?
Жүніс ханның немересі Абд ар-Рашид ханның тұсында.

Бағалау

Сабаққа белсене қатысқан оқушылардың жұмысы бағаланады.


Үй тапсырмасы

1) Оқу

§25. «Моғолстан» тақырыбын оқу және мазмұнын меңгеру.

2) Бекіту

Тақырып соңындағы тест сұрақтарына жауаптарын табу.

Қысқаша түйін

Моғолстан — Шағатай ұлысының ыдырауы нәтижесінде құрылған, Жетісу мен Қырғызстанды қамтыған мемлекет. Оның тарихы дулат әмірлерінің ықпалымен, Тоғылық-Темірдің орталықтандыру әрекеттерімен, Әмір Темір жорықтарымен және ойрат шапқыншылықтарымен тығыз байланысты. XVI ғасырдың басында Моғолстан саяси тұрғыдан әлсіреп, Жетісу өңірі Қазақ хандығына қосылды.