Цирк сөзіне дыбыстық талдау жасау
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақтың мақсаты: болашақ ұрпаққа терең білім беріп, өнегелі тәрбие қалыптастыру.
Сабақтың міндеттері:
- Ц дыбысы мен әрпін таныстыру; осы дыбыс арқылы берілген сөздерді оқуды және жазуды меңгерту.
- Ц дыбысы қатысқан жаңа сөздермен жұмыс арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамыту.
- Хайуанаттарға сүйіспеншілігін арттырып, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілік және әдіс-тәсілдер
Көрнекілігі
- Ц дыбысының баспа және жазба түрлері
- Кеспе әріптер
- Дыбыстық белгілер
- Слайд материалдары
Әдіс-тәсілдері
- Баяндау
- Ізденушілік
- Сұрақ-жауап
Сабақ жоспары
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Қайырлы күн, достым.
Қайырлы күн болсын.
Күлші, кәне, досым,
Бүгінгі күн міне,
Сәттілікке толсын.
Бүгінгі сабағымыз ерекше өтеді. Себебі бізге қонақтар келіп, сендердің тәртіптерің мен білімдеріңді тамашалайды. Барлығыңа сәттілік тілеймін!
Ой сергіту сұрақтары
- Дыбыс деген не?
- Әріп деген не?
- Дыбыстар нешеге бөлінеді?
- Дауысты дыбыстардың түрлері қандай?
- Сөз неден құралады?
- Сөйлем неден құралады?
- Сөйлем дегеніміз не?
- Сөйлемдегі сөздер қалай жазылады?
II. Сергіту сәті
Біз кішкентай баламыз,
Өсіп-өніп толамыз.
Көкке қарап талпынып,
Күнге қолды созамыз.
Дөңгелене тұрамыз,
Керегені құрамыз.
Уық болып иіліп,
Шаңыраққа киіліп,
Киіз үйді құрамыз.
III. Жаңа сабақ: «Ц» дыбысы
Балалар, киіз үйге ұқсайтын тағы қандай ғимаратты көрдіңдер? Әрине, цирк.
Қазақ циркі — өнер саласының бір түрі. Қазақстанда небәрі 3 цирк жұмыс істейді: Алматыда, Қарағандыда және Астанада.
1) Ой қозғау
Циркте болып көрдіңдер ме? Өз әсерлеріңмен бөлісіңдер.
Циркте жұрт самсаған,
Мәз болса деп жан салам.
Ду күлдірсем оларды,
Қуанамын мен соған.
Осы сәтте сайқымазақ кіріп келеді: «Егер тапсырмаларды дұрыс орындасаңдар, хайуанаттар өз өнерлерін көрсетеді!»
2) Суретпен жұмыс
«Цирк» сөзінде бізге таныс емес қандай дыбыс естіледі? Бұл — Ц дыбысы. Хормен айтайық: Ц – Ц – Ц.
Талқылау: Ц дыбысын созып айта аламыз ба? Жоқ.
Олай болса, Ц қандай дыбыс? Дауыссыз дыбыс.
Жұмбақ
Тік жардай түсті,
Шұбатылған тұмсығы күшті.
Таситын жүкті —
Бұл қандай мықты?
Жауабы: Піл
Тапсырма: шешу сөзін буынға бөліңдер.
3) Тіл дамыту жаттығулары
Ца – ца – ца
Цо – цо – цо
Цу – цу – цу
Ци – ци – ци
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Жауабы: Түйе
4) «Цирк» сөзіне дыбыстық талдау
Үстім жолақ,
Тісім — орақ.
Күшім мол-ақ,
Барып тұрған қайсармын.
Өзің айтшы, қайсы аңмын?
Жауабы: Жолбарыс
5) Оқулықпен жұмыс
Бағандағы сөздерді оқыңдар, мағынасын түсіндіріңдер және дыбыстық талдау жасаңдар.
Сөздік жұмыс
- Цех
- Қажетті бұйымдар жасалатын өндіріс орны (мысалы: кәмпит, нан және т.б.).
- Цемент
- Құрғақ, ұнтақ, тез қататын құрылыс материалы.
- Концерт
- Өнерпаздар өнер көрсететін мәдени шара.
- Цифр
- Сандардың таңбасы.
Айбат берген жалым бар,
Қайрат берген тәнім бар.
Күркіреймін ақырсам,
Қайсы аңмын, табыңдар.
Жауабы: Арыстан
«Цирк» мәтінімен жұмыс
Мәтінді тізбектей оқыңдар, мазмұнын түсіндіріңдер.
Адамға серік,
Күзетке берік.
Жауабы: Ит
IV. Сергіту сәті
Қимыл-қозғалысқа арналған қысқа сергіту жаттығуларын орындаймыз.
V. Дәптермен жұмыс
- Ц әрпінің элементтерін анықтау, ауада жазып көрсету.
- Тақтаға жазып көрсету.
- Дәптерде жазу: бастырып көркем жазу, дыбыстық талдау.
Жеміс-жидек жегенім,
Балды жақсы көремін.
Жауабы: Аю
«Жоғалған әріпті тап» ойыны (Ц / С)
Орманда туып, жетілемін,
Талдан талға секіремін.
Айуан боп өскеніммен,
Тамақ жеймін қос қолыммен.
Әттең үйде тумағанмын,
Әйтпесе ғой құдды адаммын.
Жауабы: Маймыл
VI. Сабақты бекіту
Бүгін күннің бетін бұлт басқандай көрінеді. «Бұлттарды желмен қуайық»: төмендегі сұрақтарға жауап беріп, білімімізді бекітеміз.
Сұрақ
Ц қандай дыбыс?
Жинақтау
Ц туралы алған білімдеріңді «күн шапағына» топтастырыңдар.
Маңызды қорытынды
- Ц — дауыссыз дыбыс.
- Ц көбіне орыс тілінен енген сөздерде кездеседі.
- Мысалдар: цемент, авиация, марганец.
VII. Қорытынды
Балалар, күніміз әрқашан жарық болып, бізге жылуын шаша берсін!
Сабақ соңында оқушыларға «қуанышты хабарлама» үлестіріледі.