Оразақын Асқар - ақын
Кеш барысы
І жүргізуші (Әмірхан)
Армысыздар, құрметті қонақтар! Қазақ еліне танымал ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Оразақын Асқардың мерейтойына байланысты «Өлеңім – өмірбаяным» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер.
ІІ жүргізуші (Айгерім)
Сырттан жау сан қайтара шапқан қазақ,
Сан өшкен отын қайта жаққан қазақ.
Тап болып кең пейілі тар заманға,
Тағдырға ән-күймен мұң шаққан қазақ.
Оразақын Асқар жырынан
Елдікке ерте қанат қаққан қазақ,
Сол жолда талай азап тартқан қазақ.
Арманға өліп-талып жеттің зорға,
Айырыла жаздап тіл мен салттан қазақ.
Ақынның өмір жолына шолу
Туған жері мен білімі
Оразақын Асқар 1935 жылғы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей-Қаратас өңірінде дүниеге келген. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған.
1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң» газеті редакциясына қызметке тұрған. Осы жылдары өлеңдері аталған газетте және «Шұғыла» журналында жиі жариялана бастайды.
Өз өмірі туралы естелік
Интерактивті тақтадан оқу
Көшпенді қазақтың ішінде тудым. Талдықорғанның Жаркент деген жерінен 1930 жылдары әкелеріміз Қытай жеріне ауып барыпты. Мен бес жылдан кейін дүниеге келіппін.
Аналарымыз туғанымыздан бесік жырын құлағымызға құйып өсірсе, әкелеріміз батырлар жырын, қиссаларды айтушы еді. Біз мектепке бармай тұрып-ақ батырлар жырын жатқа айтатынбыз.
Ауылдың тойларына куә болып, ән мен күйді, таңға дейін айтысатын аға-апаларымызды тыңдап өстік. Сол себепті өлең-жырға жақын өстік деп ойлаймын.
Мектепке барғаннан кейін Абайдың өлеңдерін жатқа оқыдым. Жетінші сыныпта оқып жүргенімде әкем қатты сырқаттанып, 50 жасында көз жұмды.
Анам 13 бала көтерген екен. Түрлі сырқаттан ем табылмай, бәрі ерте дүниеден озыпты. Содан қалғаны – мен...
Әкем жарықтық: «Балам, елге оралуға қандай да бір мүмкіндік туа қалса, ата-мекенімізге орал», – дейтін.
Қазақстанға оралуы және шығармашылық белесі
1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына алғашқы өлеңдері енген. Содан бері 40-тан астам өлең жинағы жарық көрді.
Еңбек жолы
Ақын Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор қызметтерін атқарған.
Қоғамдық мойындау
1996 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ерен еңбегі үшін Тәуелсіздіктің 10 жылдығы медалімен марапатталған. Түркі әлемінің «Ақбозат» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты. Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Зерттеушілік еңбегі
Оразақын Асқар – ақын ғана емес, қара өлең үлгілерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинаған зерттеуші. Ол жиырма мың жолдық материалды қамтыған екі кітап жариялаған.
Сондай-ақ ақын өз шығармаларында еліміздің елтаңбасы, әнұраны және мемлекеттік рәміздері туралы да терең жырлаған.
Өлең оқу бөлімі
Кеш бағдарламасында Оразақын Асқар шығармаларынан және тақырыптас өлеңдерден үзінділер оқылады. Төменде әдеби кеште орындалған бірнеше мәтін берілді.
«Ең жақсы өлең»
Оқушы: Зейнеш Телжан
Таудай сөздің түйіні бар тарыдай,
Өлеңнің де бермейді ғой бәрі ұнай.
Маған Пушкин – «Есімде өткен сол бір шақ»,
Маған Абай – «Желсіз түнде жарық ай».
Әбу десем, көкте көлбер ақша бұлт,
«Мен – қазақпын» десе Жұбан, жақтадық.
Айттық «Өзім туралысын» Қасымның,
Алғаш оқи бастағанда-ақ жатқа алып.
Тере берсем, бұл талайға тән бақыт,
Ой орманы Қадырды алыс самғатып.
Арғымағы алып ұшып Олжасты,
Келе жатыр дүние жүзін шарлатып.
Тұманбайдың бар «Студент дәптері»,
Төлегеннің «Сағыныш» әр сәттері.
Ақындарға бұлар ортақ ой тастап:
«Өлеңдегі өз биігіңді тап», – деді.
Асылды іздеп, менің де еш мазам жоқ,
Ойдың кенін күндіз-түні қазам көп.
Жаңа өлеңге кіріседі шын ақын:
«Ең жақсысын енді ғана жазам», – деп.
«Рәміздерім»
Оқушы: Мұхамбетғалиев Диас
Рәміздерім! Сен неткен маңызды едің?!
Сенсің асыл қазынам, нағыз керім.
Төбемде ту, төсімде елтаңбам бар,
Елұрандай аузымнан ән үзбедім.
Аспанымда көк туым тұр өң беріп,
Елтаңбамды төрімнен жүрем көріп.
Елұранмен әр таңда оянамын,
Рахаттанып, дүнием түгелденіп.
«Қазақпын»
Оқушылар: Жахия Бибіш, Хайрутдинов Дамир
Қазақпын мен – ұлт боп ұзақ ұйыған,
Сері елмін – ұнатқан күй, сүйіп ән.
Досқа құшақ ашып, жауға бас имей,
Тарихтың өткен талай сынынан.
Қазақпын мен – дем беріп бір-біріне,
Жеткен жаңа армандаған күніне.
Білген елмін – жау да оңай жік салып,
Рушылдық жететінін түбіне.
Таулы, орманды, көл-далалы жерім кең,
Франциядан бес есе үлкен делінген.
Пана болған мейірімді мансұқ қып,
Жеріме көз алартпасын көрінген.
Мемлекеттік мәртебе алған тілім бай,
Қиырым жоқ қиналатын ұғынбай.
Үйренбесе, өзге жүрсін жайына,
Тілін таңып, күнде текке ұрынбай.
Бар өзімнің үлгілі ерлік дәстүрім,
Қорғай білер елімді өз әскерім.
Қол сұқпасын ешкім дербестігіме,
Дос пейілімен келсе – дайын ас, төрім.
«Балалығым келді басыма»
Оқушы: Әбдіғазым Әмірхан
Сабақтан қайтып келем екі-үш қызбен,
Қыздар мәз болушы еді жүрсе бізбен.
Айтысып, әзіл-қалжың күлісеміз,
Нұр тамып, гүл жайнаған жастық жүзден.
Кәрі әкем көрінді алдан мыжырайып,
Бұл маған қыздар көрсе болар айып.
«Жүріңдер, мына жақта қызық бар», – деп,
Бір шетке қыздарды ертіп кеттім тайып.
Өзім де жылдар өтіп болдым кәрі,
Мойындай қойған жоқпын бірақ әлі.
Шынардай бой түзеді ұл-қыздарым,
Сүйсінер сымбатына жұрттың бәрі.
Бардым да журналға бір жыр ұсына,
Қызымның соға кеттім жұмысына.
Қызымның қасындағы құрбылары
Түртісіп қарап еді тұрмысыма.
Мен кетіп, жиған қыздар күлкіден ес,
Көргендей: «Бұл кім?» – депті бір түрлі елес.
«Әкем ғой», – десе қызым, сілтеп қолын,
«Алдама», – депті бәрі, – «мүмкін емес!»
«Қорға, қазақ тіліңді»
Оқушылар: Мирзагалиева Бақытгүл, Аманжолова Жұлдыз
Қорға, қазақ тіліңді – туды сын сағат,
Тарихынан алмаса, оңар кім сабақ?
Мемлекеттік мәртебесі бар тілің
Шетке үнемі қағылуда күн санап.
Бізде тұрып, біздің тілді білмеген,
Салт-сананың бірін көзге ілмеген.
«Қазақ тілі қысым жасап жатыр» деп,
Келімсек ши жүгіртуде іргеден.
Тиіс ұлың ана сүтін ақтауға,
Бәрін қойып, әдептен де аттауда.
Шындық үшін шырылдаудың орнына,
Жалақорды жан ұшыра жақтауда.
Қадірлемес қолда тұрған барды біз,
Осыншама неткен салқынқандымыз.
Тілімізге алып берген мәртебе –
Қорғамаймыз неге Ата заңды біз?
Мемлекеттік тілде жиын өтпесе,
Қазақша хат жеріне тез жетпесе,
Толып тұрса мәртебеңнен не қайыр?
Шет тілдегі жазуларға тек көше.
«Құспен сырласу»
Оқушы: Темирова Гаухар
Сипайын деп келіп едім таяп мен,
Неге ұшасың, түсінбейсің ғой, әттең.
Екеуміз де бұл өмірде жер басып,
Қарасаңшы, жүрміз екі аяқпен.
Қос бұтағы болсақ та өмір-теректің,
Сен басқасың, мен де бүгін ерекпін.
Сен алдыңғы аяғыңды қанат қып,
Мен алдыңғы аяғымды қол еттім.
Қос қанатпен сен самғайсың заңғарға,
Екі қолмен еңбек етем жан барда.
Қанат, қолға маза бермеу арқылы,
Ұқсамаймыз төрт аяқты аңдарға.
Ұша алмайсың сен қос қанат қақпасаң,
Қанат, қанат болмайды жер таптасаң.
Мен де адамша күн өткіздім демеймін,
Екі қолға бір қызмет таппасам.
«Топ торғай»
Оқушы: Түгелова Айгерім
Жасағандай кенеттен бейне жорық,
Кетті үйге тал түсте торғай толып.
Қаперімде аңғармай не болғанын,
Басымызды жасқадық қолмен қорып.
Ес жиғанша «торғай!» деп салып аттан,
Шығып кетті есіктен, шаңырақтан.
Секем алғыш көк құсын не болды екен,
Үйде отырған адамға жамыратқан?!
Оның сырын ақсақал білді үйдегі:
«Үйге талай қырдың қаз кірді, үйрегі;
Тағыларды адамға паналатқан,
Тұра ұмтылған қырдағы қырғи», – деді.
Қамқор қалпын ұстар деп бұзбай бекем,
Торғайлар да біз жайлы ізгі ойда екен.
Шындап қауіп төнгенде аң да, құс та
Адамдардан араша іздейді екен.
Абайдың 150 жылдығына арналған өлең
Оқушылар: Аян берген Алпамыс, Альбина Мақтаныш, Нұртас Райымбек
Абай жырын ата-анамнан естідім,
Қонақтың да айтары – Абай кешқұрым.
Мектепке бардым, ұстаздардан тыңдадым,
Қалт жібермей ешбірін.
Абай әні – анам айтқан бесік жыр,
Татьяна елмен бірге көшіп жүр.
Лирикасы – сурет, философия,
«Физика да», – десіп жүр.
Абай болды шығысым да, батысым,
Тырнақалды көркем сөзге қатысым.
Жігіт сөзі болды жастық туымыз
Мөлдір махаббат үшін.
Абай дара портретім үйге ілген,
Абай томы – бас боп кітап жидым мен.
Абай – тұңғыш эпопеям, қазақты
Күллі әлемге сүйдірген.
Тіл – тірек, тәуелсіздік – аманат
Ақынның ой түйіні
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...
Ана тілінде ата-баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар?
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар?
Бұл жолдарда ақын ана тілі өзге тілді үйренуге де негізгі тірек екенін, ал түпнұсқаның қадірін ең алдымен туған тіл арқылы ұғынатынымызды айқындайды.
Ақын болмысы
Оразақын Асқар қазақ екеніне мақтанады: әлемді қазақ болып таниды, төңірегін қазақ болып көретін, ұлттық болмысын таза сақтаған ақын. Ол тәуелсіздікті ең қастерлі жетістік деп біледі.
Тәуелсіздікке қызмет ету
Ақын ел тәуелсіздігінің қиындығы мен кемшілігін тек сынаумен шектелмей, сол қиындықтарды жеңуге, кемшіліктерді түзетуге, тәуелсіздікке нақты үлес қосуға үндейді.
Сабақты қорытындылау
Мұғалім: Саркулова А. Ж. «Өлеңім – өмірбаяным» тақырыбы бойынша әдеби кеш материалдары оқушылардың мәнерлеп оқу мәдениетін арттыруға, ақын өмірі арқылы отансүйгіштік сезімді күшейтуге және ана тілінің құндылығын терең түсінуге бағытталды.