Құранды жерге тастама
Тақырып
Имандылық – ізгіліктің негізі
Мақсаты
- Оқушыларға адалдық пен имандылық туралы мәлімет беру.
- Рухани-адамгершілік тәрбие беру.
- Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, сыйластық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыру.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Кітап көрмесі
- Қанатты сөздер
Сабақ құрылымы
- 1 Кіріспе бөлімі
- 2 Жыр-қоржын
- 3 Хадистер
- 4 Мұсылмандық қағидалар
- 5 Тыйым сөздер
- 6 Қорытынды
Психологиялық дайындық
Сөз анасы — сәлем
Қайырлы күн, баршаға!
Қызықты күн болсын!
Бүгінгі күн біздің
Сәттілікке толсын!
Біздің алар бағамыз
Кілең бестік болсын.
Кіріспе
Мұғалім сөзі
Құрметті оқушылар мен ұстаздар! Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Имандылық – ізгіліктің негізі». Бұл тақырыпты таңдауыма Абай атамыздың «Адам бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы мұсылман дінінен табылады» деген ойы себеп болды. Расында, адалдыққа, кішіпейілділікке, имандылыққа, өтірік айтпауға, зорлық-зомбылыққа бармауға, бірлік пен ынтымаққа, үлкенді сыйлап, құрмет көрсетуге тәрбиелеудің маңызды жолдарының бірі — мұсылман дінін танып-білу, оның құндылықтарын түсіну.
Жыр-қоржын
Күн келеді көмектеспес жиғаның,
Ара түсер терген иманың.
Парыздарды жас кезіңнен өтеп,
Сауапты істен өз-өзіңді тыймағын!
Алла сөзі — ұмтыл Кәрім Құранға.
Оны оқысаң, келер сабыр, шыдам да.
Міндеттерін орындаған мүміндер
Аллаға әркез жағар, болар ұнамда.
Жақсы сөйлеп, ойлан әсем тілекпен.
Амал жасап, шын ниетпен, жүрекпен.
Дін туралы айтар болсақ, осы орай,
Ислам діні құралған бес тіректен.
Ислам діні — таза дін.
Шаршамастан насихаттап жазамын.
Қияметте ең бірінші сұралар,
Жүрек нұры, рухтың азығы — намазың.
Намазсыз жан екі өмірде қиналады,
Намазбенен жанға азық жиналады.
«Көздің нұры», — деген Расул Мұхаммед,
Өйткені бұл — шүкірі көп ғибадат.
Отыз күнге ішіп-жеуден тыйылған,
Бір Аллаға серік қоспай сыйынған —
Үшінші тірек — ораза:
Оны ұстасаң, қорықпайсың қиыннан.
Байланысы адам менен Алланың,
Дейді Алла: «Тек Мен үшін арнадың».
Өзі берер, сауабын да өзі өлшеп —
Нәпсің басып, сауаптан құр қалмағын.
Зекеті жоқ өмірдегі байлығың —
Ақыретте азап пен қайғы-мұң.
Қияметте сол байлығың жылан боп,
Оралар мойныңа — осыны ұғын!
Алла алдында бір әкім де, бастық та
Өзіңді ұрындырмасын қастыққа.
Зекетіңді беріп жүргін ұмытпай,
Болмасын деп жоқшылық та, аштық та.
Қажылыққа қаржысын қимаған,
Ақыретте көп сұрақты жинаған.
Ниетің шынайы болса егер,
Сонда жәннатты Алла сыйлаған.
Хадистер
-
1
Кездескенде бірінші болып сәлем берген адам — тәңір алдында иманды адам. Иманның көркем сипаты — сабырлы әрі кеңпейілді болу.
-
2
Адамдардың көбі тілінен шыққан сөздер арқылы тозаққа кіреді. Сондықтан тілді тіс пен екі еріннің қорғанындай сақ ұстау керек.
-
3
Тамақ салынған табақтың шетінен ғана алып жеу керек. Ортасына қол жүгіртпе, береке ортада болады.
-
4
Біреуге зиян келтірме және біреудің саған залал келтіруіне жол берме. Бұл екеуі де исламға жат.
Мұсылмандық қағидалар
Иманның басы — сенім.
Иманның тәні — намаз.
Иманның жүрегі — Құран.
Иманның көрінісі — ықылас.
Иманның сөзі — Аллаға тілек.
Иманның нұры — шындық.
Иманның дәмі — тазалық, пәктік.
Иманның жемісі — ораза.
Иманның шипасы — ар, ұят.
Сөз сөйлеу әдебі
- Үлкен кісінің сөзін бөлме. Екі адам арасында сөз тасымалдама, бір-біріне шағыстырма.
- Сыр сақтай біл. Әуелі амандаспай тұрып сөз бастама.
- Дөрекі сөйлеме, тіліңді балағат сөзге үйретпе. Біреудің көңіліне жара салма.
- Сыпайы сөйле. Өзің анық білмейтін жайтты сөз етпе.
- Айтқан уәдеңде тұр. Өтіріктен аулақ бол.
Тыйым сөздер
- Ұмытпа: есікті теппе.
- Шаршасаң, сәл аялда, бірақ жер таянба.
- Жақыныңа мылтық, пышақ сыйлама.
- Түнде далаға кір жайма.
- «Бәрін айтқызбай-ақ білем» деп, төрге қарап керілме.
- Ұлттық салттан бұлжыма: жұма күні кір жума.
- Түнде далаға шықсаң, аспанға қара, бірақ жұлдыз санама.
- Жатқан кісінің үстінен аттама.
- Дастарқаннан аттама.
- Бос бесікті бекерден-бекер тербетпе.
- Құранды жерге тастама.
- «Өзім қумын» деме: кісі ақысын жеме.
Имандылық ұғымы
Имандылық — адам бойындағы адамгершіліктің, ізгіліктің, кісіліктің айқын белгісі. Ол күнделікті өмірде мінезден, сөзден, ниеттен және адамдармен қарым-қатынастан көрінеді.
Имандылықты қалай түсінеміз?
Қорытынды
Осы сабақтан қандай ой түйдіңіз?
Түсінгенім: иманды адам болу үшін сабырлы, сыпайы болу керек.
Түсінгенім: ешқашан өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау керек.
Түсінгенім: дөрекі сөйлемеу, тілді балағат сөзге үйретпеу қажет.
Түсінгенім: ата-ананы және ұстаздарды құрметтеу — үлкен өнеге.
Ән
«Болайықшы осындай»