Асыл әжем
Кеш туралы
Бұл мәтін — 1 қазан — Қарттар күніне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты концерттік бағдарламаның сценарийі. Кештің өзегінде үлкенді құрметтеу, ата-әже өнегесі, ұрпақ сабақтастығы және алғыс айту мәдениеті көрініс табады.
Жүргізушілер
- Ақбас Ж. С. — мұғалім
- Қуантаева Қ. Т. — 9-сынып оқушысы
Сахналық белгі
Фанфар. Жүргізушілер сахна ортасына шығады.
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Армысыз, ауылымның асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би,
Сіздер үшін мереке — шашулары.
2-жүргізуші
Қош келдіңіз, ақ жаулықты аналар,
Ақыл кенін арқалаған аталар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған
Алаңсыз балғын шақты балалар.
Құттықтау
1-жүргізуші: Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар, ақ жаулықты аналар! Шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаушы ұстаздар қауымы! Баршаңызды қазан айының алғашқы мерекелері — Қарттар күні мен Ұстаздар күні тоғысқан қуанышты күнмен құттықтаймыз!
2-жүргізуші:
Аппақ шашың күн сайын қылаңдаған,
Зейнет емес, бейнеттен арылмаған.
Тәңірімдей табынып өтем мәңгі,
Қариялар — өзіңді ел сыйлаған.
Үлкенді сыйлау — елдің айнасы
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі іні-қарындастарына ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылық ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше.
Әр халықтың өзін өзгеден даралап тұратын қасиеті болады. Біздің халқымыздың ерекше белгісінің бірі — үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу.
Қазақ қарты — береке
Қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы тілегей теңіз болып келеді.
Осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1 қазан — Қарттар күнімен құттықтай отырып, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кешімізге қош келдіңіздер дейміз. (Пауза.)
Ресми құттықтаулар
Алғашқы сөз
Кешімізді бастамас бұрын сөз кезегін мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Кәмшат Аманжолқызына береміз.
Ауыл ақсақалына сөз
Алдында ақыл берер — қария ғой,
Жақсылар жақсылыққа жария ғой.
Жастарға ол парасатты кеңес берер,
Сөзге бай, ағып тұрған дария ғой.
Ауылымыздың ардагері ______________________________________ сөз алады.
Концерттік бағдарлама
Ән: «Асыл әжем»
Орындайтындар: Кеңесова Аяжан, Оразаева Ақнұр, Қуантаева Назгүл.
Тәрбиелік ой
Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берісіп, өзіндік қасиетіміздің қалыптасуына негіз болады. Ендеше «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» бөліміне құлақ түрейік. (Бастауыш сынып оқушысының монологы.)
Би: Қазақ биі
Той деп бүгін шашу шашады,
Той деп бүгін әлем сырын ашады.
Қарттар күні мерекесіне арналған
Бишілер өнерлерін шашады.
Мектебіміздің биші қыздарын қошеметпен ортамызға шақырайық! (8-сынып оқушылары.)
Анаға арнау
Асқар тауым, ақылгөйім, ғұлама,
Аспанымдай мәңгі жаса, құлама.
Ер жетсем де еркелігім қалмайды,
Көз алдымда сен тұрғанда, ұлы Ана!
Ата өнегесі
Ата — ардақты тұлға. «Әкеден ұл туса екен, ата жолын қуса екен» деген тілек — атаның мұрасын жалғастыруға үндейді. Ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп, өнеге көрсетіп, өсиет айтады.
Ән: «Ата — әже»
Орындайтындар: 6-сынып оқушылары.
Ән: «Асыл әжем»
Тұра тұршы есейгенде ұл-қызың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған бақыт неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын.
Сіздердің құрметтеріңізге 5-сынып оқушыларының орындауындағы «Асыл әжем» әнін қабыл алыңыздар!
Ой-толғау
1-жүргізуші: Қарттарды құрметтеу, олардың алдындағы перзенттік парызды ықыласпен орындау — әдептілік пен кішіпейілділіктің белгісі. Осындай қасиеттер жүрекке ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?
2-жүргізуші: Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, ертеңге сенімі — баланың ата-анасын ардақ тұтып, перзенттік қарызын бір сәтке де ұмытпауында. Қарт кісіні құт-береке деп тану — ұрпақ көрегендігі.
1-жүргізуші: Ұрпағы құрметтеген ата-ана әрдайым бақытты. (5–6-сынып оқушылары. Көркем сөз.)
Ізет сөздері
1-жүргізуші: Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету — ата-бабадан жалғасқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер.
2-жүргізуші:
Сіздерсіз бүгінгі ұлықпандар,
Мың жасаған ұрпақпен ұлық жандар.
Қарттар — тарих, қазына, ел қазығы,
Ей, адамзат, осыны ұмытпаңдар!
Ән: «Қос бәйтерегім: Әкешім — Анашым»
Орындайтын: Үсенова Айым (8-сынып).
Ақ тілек
Абырой-амандықтарыңыз арта берсін,
Бақ-дәулет қызығымен қатар берсін.
Ұрпағыңыз жиі келіп, жақсы көріп,
Таусылмас дәм-тұзыңызды тата берсін.
Тыныштық елімізге бере берсін,
Молшылық жерімізге ене берсін.
Жұртымыз аман болып әрбір күні,
Бейбіт өмір қызығын көре берсін.
Бата және қорытынды
Бата сұрау
Алатаудай кейпі биік қашанда,
Таң сызылып, күлер нұр шашарда.
«Бата бер» деп бар адам жаяр қол,
Бір биіктен бір биікке асарда.
Сіздерден бата берулеріңізді сұраймыз! (Бата.)
Кештің аяқталуы
1-жүргізуші: Бүгінгі «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кешіміз осымен аяқталды.
2-жүргізуші: Келіп тамашалағандарыңыз үшін көп-көп рақмет!