Тыйым сөздер жазу

Қазақ тілі (6-сынып)

Сабақ тақырыбы: болымды етістіктер және болымсыз етістіктер. Бұл сабақта оқушылар қимыл-іс әрекеттің жүзеге асуы мен жүзеге аспауына қарай етістіктің екіге бөлінетінін өз бетімен тұжырымдап үйренеді.

Сабақтың мақсаты

Білімділік: етістіктің болымды және болымсыз түрлерге бөлінуін, жасалу жолдарын өз бетімен тұжырым жасау арқылы меңгерту; салыстыра оқытып, мағыналық айырмашылығына назар аударту.

Дамытушылық: дүниетанымын, қабылдауын, есте сақтауын және көркем жазуын дамыту.

Тәрбиелік: байланыстыра сөйлеуге, халық даналығының мәнін ұғынуға тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша

Сабақтың типі
Жаңа материалды меңгерту
Сабақтың түрі
Оқыта үйрету
Әдіс-тәсілдер
Топпен жұмыс, ойын, проблемалық ізденіс, талдау, сұрақ-жауап, байқау.
Көрнекілігі
Дидактикалық материалдар, таратпалар, бағалау парақшасы, слайдтар.
Пәнаралық байланыс
Орыс тілі, ағылшын тілі

Өткен тақырыпты пысықтау

1) Қарсы топқа сұрақ қою

Әр топ қарсы топқа 2 сұрақтан қояды. Мақсат — өткен білімді белсенді еске түсіру.

2) «Олжалы бестік» ойыны

5 сөз дайындалады: әр сөздің артында сұрақ жасырылған, ал бір сөздің артында тек «5» бағасы болады.

Ойын сұрақтары

  1. 1 «Мықты болсаң, тауып көр»: үнемі көмекші етістік болатын етістіктерді ата.
  2. 2 «Жүйрік болсаң, шауып көр»: көмекші етістік дегеніміз не? Мысал келтір.
  3. 3 «Ойлы болсаң, озып көр»: етістік құрамына қарай нешеге бөлінеді?
  4. 4 «Алғыр болсаң, алып көр»: құттықтаймыз, сен «5» бағасын алдың!
  5. 5 «Зерек болсаң, айтып көр»: етістік тұлғасына қарай нешеге бөлінеді? Мысал келтір.

Жаңа сабақ: байқау және ой тастау

Тақтамен жұмыс (мысал сөйлемдер)

1) Абай Бөжейдің пішінін жаңа, жақсылап көрді.

2) Жан-жануарлардың азығы қардың астында қалды.

Ой тастау: Бұл сөйлемдерде іс-әрекет жүзеге асты ма? Егер іс-әрекет жүзеге аспаса, сөйлемді қалай құрар едіңдер?

Тыйым сөздермен жұмыс

Қазақтың ырым-тыйым сөздері адамды жамандықтан сақтандырып, әдептілікке тәрбиелейді. Төмендегі тыйым сөздер арқылы болымсыз етістіктерді байқап көрейік:

  • Бос бесікті тербетпе.
  • Малды теппе.
  • Үй ішінде ысқырма.
  • Көпке топырақ шашпа.

Ереже: болымды және болымсыз етістік

Тұжырым

Іс-әрекеттің жүзеге асуына немесе жүзеге аспауына қарай етістік болымды және болымсыз болып екіге бөлінеді.

Болымды етістік

Қимыл-іс әрекеттің жүзеге асуын білдіреді.

Мысалдар: келді, жүрді, сөйледі.

Болымсыз етістік

Қимыл-іс әрекеттің жүзеге аспауын білдіреді. Болымсыз етістіктің жасалу жолдары:

1) Жұрнақтар арқылы

Негізгі немесе туынды түбір етістікке -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары жалғанады.

айт + па
қал + ма
ойна + ма
суар + ма
азсын + ба

2) Тіркес арқылы

Етістіктің есімше тұлғасы жоқ, емес сөздерімен тіркесіп жасалады.

өшірген жоқ
өшірген емес

Орыс тіліндегі ұқсастық

Орыс тілінде болымсыздық көбіне не шылауы арқылы беріледі:

  • сказал — не говорил
  • писал — не писал
  • спала — не спала

Ағылшын тіліндегі ұқсастық

Ағылшын тілінде болымсыздық not сөзі арқылы беріледі:

Do you speak English?

No. I do not speak English.

Маңызды айырмашылық: омоним жұрнақтар

Болымсыз етістік жұрнақтары кейде зат есім тудырушы жұрнақтармен омонимдес болады. Ажырата білу үшін екпінге назар аударамыз: болымсыз етістік жұрнағына екпін түспейді, ал зат есім тудырушы жұрнаққа екпін түседі.

көр-ме
көрме
шалма

Практика: оқулықпен және таратпамен жұмыс

Оқулықпен жұмыс

  • 220-жаттығу: ауызша.
  • 221-жаттығу: жазбаша.
  • 225-жаттығу: болымсыз етістік жаса; 1 етістікке морфологиялық талдау жаса.

Жеке оқушымен жұмыс (№1 таратпа)

  1. 1)Етістік дегеніміз не?
  2. 2)Дара етістік қалай жасалады?
  3. 3) Берілген сөйлемдерден күрделі етістікті тап; қайсысы негізгі, қайсысы көмекші етістік екенін ажырат:
Аман құс үнінен оянып кетті.
Осы кеште Ербол Бөкенші жаққа қайтпақ еді.

Жеке оқушымен жұмыс (№2 таратпа)

  1. 1)Күрделі етістік дегеніміз не? Мысал келтір.
  2. 2)Болымсыз етістік қалай жасалады?
  3. 3)Негізгі етістікке 5 сөз, туынды етістікке 5 сөз жаз.

Шығармашылық жұмыс (топтық)

Әр топқа төмендегі бағыттардың бірі беріледі. Мақсат — болымды/болымсыз етістіктерді орынды қолданып, қысқа мәтін құрастыру.

1-топ

Тыйым сөздер жазу.

2-топ

Баталы сөздер жазу.

3-топ

Пайдалы кеңес жазу.

4-топ

Әдептілік ережесін жазу.

Білімді бекіту (сұрақтар)

  1. 1.Болымды етістік нені білдіреді?
  2. 2.Болымсыз етістік дегеніміз не?
  3. 3.Болымсыз етістік қалай жасалады?
  4. 4.Болымсыз етістік зат есім тудырушы жұрнақпен омонимдес болғанда қалай ажыратамыз?

Бағалау және үй тапсырмасы

Оқушылар бағалау белгішелері арқылы бағаланады. Сабақ соңында үй тапсырмасы беріледі.