Тіл қылыштан

Ертеңгілік жоспары

Тақырыбы: «Туған тілім – ана тілім»

Бұл ертеңгілік балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға, тілдің қадір-қасиетін сезінуге және мемлекеттік тіл мәртебесін құрметтеуге бағытталған тәрбиелік іс-шара ретінде құрастырылды.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Амандасу

Біз әдепті баламыз,
Біз ерекше боламыз.
Қонақтарды көргенде,
«Сәлеметсіздер ме!» – деп
Сәлемдесіп аламыз.

Әнұран

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

«Жүректен жүрекке» шеңбері

Балалар бір-біріне жылы тілек айтып, жақсы көңіл-күй қалыптастырады.

II. Тәрбиеші сөзі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі даярлық тобының «Туған тілім – ана тілім» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – ел тарихының жарқын беті. Қазіргі Қазақстан шежіресі 1991 жылғы 16 желтоқсаннан басталады. Бұл күні Қазақстан өзін тәуелсіз, егемен мемлекет деп жариялады. Жаңа дәуір 1991 жылдың желтоқсанынан басталды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің сын сағаттарында нар жүгін мойымай көтерген қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады.

III. 20 жылдағы жетістіктер

Балалар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы маңызды жетістіктерін кезекпен атап өтеді.

  • 1-бала (Ардақ)

    Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

  • 2-бала (Сабира)

    Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны – мемлекеттік рәміздер.

  • 3-бала (Малсұр)

    Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен айналымға енгізілді.

  • 4-бала (Ару)

    «Қазақстан – 2030»: барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы – Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы.

  • 5-бала (Берікжан)

    Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады.

  • 6-бала (Нұрасыл)

    Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енді.

  • 7-бала (Алишер)

    Елордамыз – Астана қаласы. Бүгінгі Астана – Қазақстанның тарихи жетістіктерінің символы.

  • 8-бала (Еркежан)

    Елбасы Жарлығымен 1997 жылдың 11 шілдесінде бекітілген «Тіл туралы» Заңның 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені айқындалды.

  • 9-бала (Жанерке)

    Ел басшылығы бұл жылды Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу жылы деп жариялады.

Тәрбиеші сөзі:

Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім – мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім – мен де бірге өшемін!

Ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, тіл – қастерлі де құдіретті. «Тіл – біздің тұтастығымыз», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген сөздер бекер айтылмаған. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс.

Туған тілдің абыройын асқақтату – әр азаматтың абзал борышы. Жас ұрпақты парасатты, білімді, іскер, отансүйгіш тұлға етіп тәрбиелеуде мемлекеттік тілдің орны ерекше. Тіл – таусылмайтын байлық.

IV. Сергіту сәті

«Қара жорға» биі

Балалар бой жазып, «Қара жорға» биін билейді.

V. Тақпақтар

Сабира

Сүйесің өз тіліңді,
Боласың білімді.
Өз тілің үйретер
Өнерді, ғылымды.
Ардақта тіліңді!

Алишер

Ана тілім – қазақ тілім, туған тілім,
Қасиетті тілімнің мәнін біл.
Ана тілді құрметтеңдер, адамдар,
Заманға сай өзге тілдің бәрін біл!

Ару

Тілім барда мақтанам,
Тілім менің аппақ ән.
Бірлігімді бүгінгі
Ана тілім сақтаған.
Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілі ардақты,
Ақ сүтіндей ананың.

Еркежан

Қазақ тілім – туын биік ұстаған,
Қазақ тілім – кең далама ұқсаған.
Қазақ тілім – мәртебелі, еңселі,
Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

Ғалия

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім – мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

Мәди

Жанымнан қымбат
Ана тілім маған.
Ана сөзден тыңдап,
Үлгі-өнеге алам.

Жанерке

Ана тілім – анам,
Аппақ қардай арым.
Мұра еткен бабам,
Жарқыраған жаным.

Нұрасыл

Тіл сенің –
Тірліктегі жан ләззатың!
Тіл сенің –
Ар-арманың, махаббатың.

Малсұр

Ана тілім – елдігім,
Ана тілім – ерлігім.
Тілді биік құрметтеп,
Тойлап жатыр ел бүгін.

Ардақ

Сенің әрбір тынысыңмен күш кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

Берікжан

Ана тілім – тірегім,
Ана тілім – жүрегім.
Қасиетті елімнің
Тек өзің деп білемін.

Әділхан

Ана тілім – дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қасіретім, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

Назира

Тілсіз келген білімнің
Түбі нағыз қиындық.
Көсегесін тілімнің
Көтеремін ту қылып.

VI. Ойын: «Ұйқасын тап» (мақал-мәтелдер)

Балалар мақал-мәтелдің жалғасын тауып, тілдің қадірін түсіндіретін нақыл сөздерді еске түсіреді.

  1. 1. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.

  2. 2. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді.

  3. 3. Тілмен байланған тіспен шешілмес.

  4. 4. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.

  5. 5. Жақсы сөз – жарым ырыс.

  6. 6. Тіл – адам ойының айнасы.

  7. 7. Тіл қылыштан өткір.

  8. 8. Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.

  9. 9. Тисе терекке, тимесе бұтаққа.

  10. 10. Айтылған сөз атылған оқпен тең.

  11. 11. Бал тамған тілден у тамар.

  12. 12. Көп сөз – бос сөз.

  13. 13. Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын.

  14. 14. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл.

  15. 15. Таза сөйлеу – биік мәдениеттілік.

  16. 16. Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.

  17. 17. Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың.

VII. Ән

«Ана тілім»

Жанерке мен Ару ән орындайды.

Қорытынды: «Жүректен жүрекке»

Жақсылыққа құмармыз,
Жақсы адам боп шығамыз.
Таза сәби жүректен,
Қабылдаңыз мың алғыс!

Бізді қолдап отырған
Сіздерге де мың алғыс!

Осымен «Туған тілім – ана тілім» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Көп рақмет!