Халқымыздың билік айтар даналар, Даналардың өзі анадан жаралар
Кіріспе сөз
Армысыз, ұстаз-аналар, көктемдей құлпырған қыздар! Қазақ халқы әйел затын әрдайым ерекше қадірлеген. Ана — әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қамқоршысы; ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы.
Көктемнің шуағын ала келген әйел-аналардың дәстүрлі мерекесі — 8 Наурыз да келіп жетті. Өздеріңізді құлпырған қызғалдақтай әсем мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Өлең жолдары
Асыл анам — асыл жандар болаттай,
Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.
Ана десем, сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Берсе барлық адамға ана мейірін,
Орнар еді бар әлемге тыныштық.
Осындай ізгі ниетпен «Ана — өмірдің гүлі» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Концерттік бағдарлама
Ұстаз-аналар құрметіне өнерпаздарымыз өз өнерлерін ұсынады.
Ән: «Алтын анам»
Орындаушы: ________________
Ән: «Ана лебізі»
Орындаушы: Есқалиев Жамбыл
Ән: «Жан ана»
Орындаушы: ________________
Күй: «Секіртпе»
Орындаушы: 5 «Б» сынып оқушысы __________________
Би: «Шығыс биі»
Орындаушылар: 7 «Ә» сынып оқушылары
Ән: «Әгугай»
Орындаушылар: ________________ және __________________
Би: «Өзбек биі»
Орындаушы: 6 «Б» сынып оқушысы __________________
Жүргізуші сөзі: Ана туралы толғаныс
Адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бойымыздағы ең асыл қасиеттер бізге әуелі анадан дариды.
Ананың нәзік үні, жұмсақ та аялы алақаны, жан жылуымен аялауы — бәрі де бізді әлдилеп жұбатады, көңілімізді сергітеді. Ана өз перзентін қандай болса да — әдемі не ұсқынсыз, ақылды не аңғал, мейірімді не қыңыр — бәрібір шексіз сүйеді.
Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы — киелі. Халқымыз «Ат биеден туады, алып анадан туады» дейді. Дүниеде анасыз адам жоқ: қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел басқарған көсем де, күміс көмей әнші мен мың бұралған биші де анадан туып, ананың мейіріміне қанып өседі.
Қысқа үндеу
Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.
Өлең жолдары
Ана — жүрек, жүректі құдіретте,
Ана — тірек, тіректі құрметте.
Ана — шың, шыңыңа сағынып жет,
Ана — күнің, күніңе табынып өт.
Ана алдындағы парыз
Адамзат ең алдымен ана алдында қарыздар. Ана қарызы алтынға бөлеп, ақ орда салуды қаламайды. Ана баласының ер жетіп, азамат болып қалыптасуын қалайды. Анаға осыдан артық сыйдың керегі жоқ.
Өлең жолдары
Айналайын адамдар,
Ана сынды панаң бар.
Өміріңе гүл болған,
Көңіліне қараңдар.
Келсең үйге кешігіп,
Сөндірмейді еш үміт —
Өкінішке қалмаңдар,
Ана жанын кеш ұғып.
Бітпей кейде таласың,
Қалжырап та қаласың,
Қартаймайсың бірақ та,
Аман болса анашың!
Қорытынды сөз
Өмірде анаға деген сағыныш, оның ыстық мейірімге толы жылы құшағын аңсамайтын адам кемде-кем. Күннің шуақты сәулесіндей ана жүрегі мен ананың махаббаты әр перзент үшін қымбат. Сондықтан ана атына кір келтірмей, оларды әрдайым ардақ тұтып, құрметтеу — бәріміздің парызымыз.
Әйел — Ана. Әйел — Өмір. Әйел — тіршіліктің өзегі. Өмір бесігінде әлди тербетіп, адамзатқа ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі қастерлі: сөзі — өсиет, тұғыры — биік. Алтын құрсағынан алып тұлғалар өсіп шығады; ананың жүрегі кең, жүзі мейірімді, қолы қайырымды.
Ұлы ғұламалар «Адамды бесіктен бастап баулиды, өмірдің іргетасы ананың қолымен қаланады» дейді. Бұл — шындық. Аумалы-төкпелі заманда ұрпағын аман-есен бүгінге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.
Баязиевтің «Ана туралы ой» өлеңінен
Халқымыздың билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар.
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін —
Сізден жақын адам бар ма, аналар?!
Балаға ең жақыны сіз ғой, ана,
Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана.
Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ,
Теңесе алар бір-ақ нәрсе — Отан!
«Ана — өмірдің гүлі» атты мерекелік кешіміз осымен аяқталды. Адам баласы үшін ең қастерлі сөз — Ана. Мерекелеріңіз құтты болсын!