Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы

Сабақтың тақырыбы

«Атамекен – құт мекен»

Сабақтың мақсаты

  1. Ел тәуелсіздігінің 21 жылдығына орай тарихи деректер туралы білімді толықтыру және жүйелеу.
  2. Қоғам мүшесі ретінде мемлекет алдындағы жауапкершілікті дамыту.
  3. Еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш және құрмет сезімдерін қалыптастырып, ой қозғауға баулу.

Сабақтың форматы

Түрі:
Аралас сабақ
Әдістері:
Ой қозғау, пікірталас, ойын

Ресурстар

  • Көрнекіліктер: ҚР рәміздері, карта, суреттер, «Тарих-ақпарат» бұрышы (кітап сөресі)
  • Техникалық құрал: интербелсенді тақта

Сабақтың барысы

(Құрманғазының «Сарыарқа» күйі баяу ойнап тұрады. Экраннан қазақ жері туралы суреттер көрсетіледі.)

Кіріспе сөз

Қайырлы күн, балалар! Біз — қазақпыз!

Есігі ашық, төрі кең,
Жылап өттік жылдар өмір өрінен.
Жетер енді, желпінейік, қарайық,
Мына өмірге иегердің көзімен.

Жұмыр жердің тыныс-тіршілігін жіті бағып, оның бар асылы мен жасығын тарих таразысына салған ұлы көш алға басып келеді. Бұл — уақыт көші, өмір көші. Осы көштің куәсі болған халқымызға ХХ ғасыр сыйлаған ғаламат оқиғаны еске түсірейік.

Сұрақ-жауап

Сұрақ:

Балалар, бұл қай ғаламат оқиға деп ойлайсыңдар?

Жауап:

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы.

Сұрақ:

Қазақстан халқы бүгінде мағыналы мереке қарсаңында. Бұл қай мереке?

Жауап:

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы.

(Экраннан «ҚР Тәуелсіздігіне — 20 жыл» эмблемасы көрсетіледі.)

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Біз Тәуелсіздіктің 21 жылдығын еркін де еңселі ел ретінде қарсы алдық. Осы жылдар ішінде елімізді бүкіл әлем таныды. Бүгінде 130-дан астам ұлт бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Өзіңдікі — елің де, өзіңдікі — жерің де.
Өзіңді өзің етпе бос,
Тәуелсіздік төрінде!

Ендеше, Қазақстан Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерекесіне орай өткізілетін «Атамекен – құт мекен» атты тарихи-танымдық сабағымызды бастайық.

(Экраннан ҚР картасы көрсетіліп, үстінде «АТАМЕКЕН» сөзі ірі әріптермен жазылады.)

«Атамекен» ұғымы: ой қозғау

Балалар, алдымызда — кең байтақ жеріміз. Асанқайғы бабамыз айтқандай, суы — сүт, топырағы — май, қойнауы — қазыналы мекен. Жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын қасиетті атамекеніміз туралы ой бөлісейік.

Ассоциация ойыны: «Атамекен» дегенде ойларыңа не келеді?

Мақсат

Еліміздің байлығы мен сұлулығын, атамекенімізді бізге аманат еткен бабаларымыздың ерен еңбегі, батырлығы, қайсарлығы елестейді.

Сезім

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, бейбітшілік бастамаларын қолдайтын, Азия мен Еуропадағы қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастыққа үлес қосатын, әлемнің көптеген елінде елшілігі бар кең байтақ Отаным елестейді.

(Экранда «Барыс» бейнесі көрсетіледі.)

Томирис

Алтайдан Каспийге дейін созылған тәуелсіз жерім, көгімізде желбіреген көк Туымыз, айбынды Әнұранымыз, тұғырлы Елтаңбамыз ойға оралады.

Дияс

Елордадағы еліміздің қасиетті орындарының бірі саналатын «Атамекен» этномемориалдық кешені елестейді.

(Кешен суреттері слайд түрінде көрсетіледі.)

Мұғалім

Рахмет, балалар! Ойларың ұтқыр, сөздерің орнықты. Енді «Атамекен» сөзінің әр әрпіне жеке тоқталайық.

А — «Ата-баба»

Оқушы пікірі

«А» — ата-баба. Ата-бабамыз жүріп өткен жол елестейді. Ғабиден Мұстафиннің «Ата-бабасын сыйламау — азғындықтың белгісі» деген сөзі ойға оралады. Әрдайым ата дәстүрін сақтап, ата-анаңның абыройы мен ары болатын азамат болуды аңғартады.

Назерке

«Атадан жақсы ұл туса…» дегендей, халқымыздың біртуар перзенттері — Абылай мен Абай есімдері еске түседі.

Мұғалім

«А» әрпіне қатысты ойларың мазмұнды. Ата-баба жолын еске алғанда, жүрекке жігер құйылып, елге деген мақтаныш арта түседі.

Сергіту сәті: мақал-мәтел сайысы

«Сөздің көркі — мақал» демекші, мақал-мәтелді жалғастырып жарысайық: біреуіміз бастаймыз, екіншіміз аяқтаймыз.

  • Атаңның баласы болма, адамның баласы бол.
  • Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.
  • Ағадан ақыл, атадан нақыл.
  • Отан үшін отқа түс, күймейсің.
  • Пәлен жерде пайда бар, өз жеріңдей қайда бар.
  • Туған жердің жері де көрікті, елі де сүйікті.

Мұғалім

Рахмет, балалар! Белсенділігің мен тапқырлығың қуантады.

Т — негізгі ұғымдар

Т — Тәуелсіздік

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланғаны ойға оралады. Ата-бабамыздың арманы бізге Тәуелсіздік таңы болып жеткенін сезінеміз.

Т — Теңге

1993 жылғы қарашада тәуелсіз еліміздің ұлттық валютасы айналымға енді. Теңге — халықтың байлығы, ел еңбегінің өлшемі, тәуелсіздіктің белгісі.

(Экранда теңге үлгілері көрсетіледі.)