Қағаз ханшайымы
Сабақ туралы мәлімет
Өткізілген орны
Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, аудандық «Шұғыла» балабақшасы
Тәрбиеші
Қожамұратова Гүлім
Білім беру саласы
Таным
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Айналамен танысу
Тақырыбы
«Шуақты көктем»
Мақсаты
Көктем мезгілін сипаттау, балаларды табиғат көріністерімен таныстыру.
Табиғат ерекшеліктері мен өзгерістерін бақылау арқылы балалардың тілін дамыту, табиғатты аялауға тәрбиелеу және табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білуге баулу.
Әдіс-тәсілдер
- Көрсету
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
Көрнекіліктер
- Көктем мезгілі туралы суреттер
- Құстардың суреттері
- Қызғалдақ гүлінің суреті
Мотивациялық кезең: шуақты күнмен бастау
Тәрбиеші балалардың назарын күннің жарқырап тұрғанына аударып, бүгінгі күннің ерекше шуақты екенін айтады. Топта қонақтардың отырғанын атап өтіп, олармен амандасуға шақырады.
Шаттық шеңбері
Арайлап таң атты,
Күн сәулесін таратты.
Жарқырайды қаламыз,
Жарқырай түс, даламыз!
Қайырлы таң!
Қайырлы таң, қонақтар!
(Балалар шеңберге тұрып, өлең жолдарына сай қимыл-қозғалыс жасайды.)
Тақырыпты ашу: жұмбақ арқылы
Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады:
Қар еріп, су көбейіп,
Сай-салаға ағады.
Ағаш басы бүршік атып,
Жапырақ ашып, гүл шығады.
Айтыңдаршы, бұл қай кезде болады?
Балалардың жауабы: бұл құбылыстар көктем мезгілінде болады.
Көктемдегі өзгерістер
- Күн жылынады, қар ериді, жылғалардан су ағады.
- Құстар туған жерге оралады (құстардың түрлерін атап айтуға ынталандыру).
- Ағаштар бүршік жарады, жапырақ жаяды; жеміс ағаштары гүлдейді.
- Алғашқы гүлдер шығады: бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ.
- Егістік жұмыстары басталады: жер жырту, сеялкамен дән себу.
Наурыз айындағы мерекелер
8 наурыз
Аналар мерекесі
22 наурыз
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы
Қонақ кейіпкерлер: «Ару Көктем»
Есік қағылып, топқа әуенмен «Ару Көктем» кіреді. Ол балалармен және қонақтармен амандасып, көктемнің қуанышын жеткізеді.
Сұрақ-жауап
- Қазір жылдың қай мезгілі? — Көктем.
- Көктемнің қай айы? — Наурыз.
- Көктем айларын атаңдар. — Наурыз, сәуір, мамыр.
Көктем туралы өлең жолдары
Көктем, көктем, көктемде,
Құстар келіп жеткенде,
Қуанып бір қаламыз,
Әнмен қарсы аламыз.
Көктем қандай көңілді,
Күміс жаңбыр төгілді.
Мөлдір аспан ашылып,
Күн пердесі сөгілді.
Көкке бояп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Бау-бақшада, орманда
Құстар әні төгілді.
«Қағаз ханшайымы» және тапсырмалар
Әуенмен «Қағаз ханшайымы» кіріп, балаларға қағаздар елінен келгенін айтып, бірнеше қызықты тапсырма ұсынады.
1-тапсырма: жұмбақтар
-
Таңмен көзін ашады, әлемге нұрын шашады. Ол не?
Жауабы: Күн.
-
Жылт-жылт етеді, жылғадан өтеді. Ол не?
Жауабы: Су.
-
Қыста киімін тастайды, көктемде қайта киіне бастайды. Ол не?
Жауабы: Ағаш.
2-тапсырма: жаңылтпаш
Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Көктем күні шуақты,
Сай-салада су ақты.
Көктем күні күркіреп,
Жаңбыр жауды сіркіреп.
Көктем күні күркіреп,
Шыға келді қыр түлеп.
3-тапсырма: тыйым сөздер
- Құстарды атуға болмайды.
- Құстардың ұясын бұзуға болмайды.
Сергіту сәті
Күн болып жанайық,
Су болып ағайық.
Терең-терең дем алып,
Жүгіріп, жүгіріп алайық.
Шығармашылық жұмыс: қызғалдақ құрастыру
Түсіндіру
Көктемгі күн жерді қыздырып, табиғаттағы тіршілік оянады. Қызғалдақтар жер-анадан күш алып, жапырағын жайып, күлтелерін көтеріп, күнге қарай созылады.
Себелеп өткен жылы жаңбыр гүл жапырақтарын жуып, шаңын кетіреді. Гүлдер жерді көріктендіріп, адамға жақсы көңіл күй сыйлайды. Кейбір өсімдіктерден дәрі жасалады, ал гүлдер жәндіктер үшін қорек көзі әрі паналық қызмет атқарады.
Жапсыру реті
- Сабақты жапсырамыз.
- Күлтешесін орналастырамыз.
- Жапырағын төменнен жоғары қарай жапсырамыз.
Балалар өз бетінше жұмыс орындайды. Дайын жұмыстар мадақталады.
Ойын: «Жақсы мен жаман»
Мақсаты
Егер әрекет жақсы болса — қол шапалақтау, ал жаман болса — тыныш отыру.
Әрекеттер
- Көшет отырғызу.
- Ағаштарды сындыру.
- Құстарға жем шашу.
- Құстың ұясын бұзу.
- Ағаштарға су құю.
- Гүлдерді жұлу.
- Құстарға ұя жасау.
Тәрбиелік мәні
- Табиғатты қорғау дағдыларын бекітеді.
- Жақсы мен жаманды ажырата білуге үйретеді.
- Жауапкершілік пен жанашырлық сезімін қалыптастырады.
Ойын соңында қонақ кейіпкер балаларға алғыс айтып, қоштасады.
Рефлексия: қорытынды сұрақтар
- Бүгін қандай оқу іс-әрекеті болды?
- Сабақ ұнады ма?
- Қонаққа кімдер келді?
- Олар қандай тапсырмалар әкелді?