Тәуелсіздік күнін
Мерекелік ертеңгілік сценариі
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік ертеңгілікке балалар залға вальс билеп кіреді. Іс-шараның басты мақсаты — балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін күшейтіп, мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіздік ұғымын тереңірек ұғындыру.
Тәрбиешінің кіріспе сөзі
Көк байрағын көтеріп,
Желбіреткен қазақпыз.
Түбі бір бауырды,
Елжіреткен қазақпыз.
Бостандықты сағынып,
Қолына алған қазақпыз.
Егеменді ел болып,
Жолы болған қазақпыз!
Құрметті балалар! Бүгін біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін салтанатты түрде атап өтеміз. Еліміз егемендік алып, санамыз жаңғырды. Жаңарған елдің болашағы — сендер. Ел қорғайтын нағыз азаматтар да — өздерің.
Ендеше, мерекемізді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастайық!
Балалардың өлеңдері
Бекжан
Туған жерде боламыз,
Ертең жігіт боламыз.
Отан — туған үйіміз,
Отан — туған еліміз.
Нұрлыаян
Отан — менің ата-анам,
Отан — досым, бауырым.
Отан — өлкем, Астанам,
Отан — туған ауылым.
Айшат
Отан — біздің анамыз,
Әлпештеген, өсірген.
Өмір нәрін аламыз,
Оның жұпар төсінен.
Нұрбағыт
Бізбен бірге бар әлем,
Қуанады балаша.
Қуанышқа бөленген,
Өмір қандай тамаша.
Айсана
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Медина
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл нұрын сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем —
Осы менің туған өлкем.
Қонақ: Ер Төстік
Сахналық көрінісТәрбиеші
Балалар, бүгін мерекемізге қонаққа Ер Төстік келіпті. Қане, амандасайық!
Ер Төстік
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендер қандай мерекені тойлап отырсыңдар?
Балалар
Тәуелсіздік күнін.
Ер Төстік
Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бақыт пен қуаныш әкелсін!
Жолда келе жатып, ағаштың түбінен мына қорапты тауып алдым. Қане, ашып көрейік. Ішінде хат бар екен. Тапсырмаларды орындауға сендердің көмектерің керек.
Тәрбиеші
Балалар, Ер Төстікке көмектесеміз бе?
Балалар
Көмектесеміз!
Сұрақ-жауап (бекіту бөлімі)
Тәрбиеші:
Балалар, сендер қайда тұрасыңдар?
Балалар:
Астана қаласында.
Тәрбиеші:
Біздің Отанымыз қалай аталады?
Балалар:
Қазақстан.
Тәрбиеші:
Елбасымыз кім?
Балалар:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Тәрбиеші:
Қазақстан Республикасының рәміздеріне не жатады?
Балалар:
Ту, Елтаңба, Әнұран.
Тәрбиеші:
Тәуелсіздігімізге неше жыл?
Балалар:
25 жыл.
Ұлттық ойын
Ер Төстік балаларға ойын ұсынады: «Оқтау тартыс». Ойын арқылы ұйымшылдық, ептілік және өзара қолдау сезімі нығаяды.
Тәрбиеші
Ер Төстік, біздің балалардың білімі қандай?
Ер Төстік
Рахмет, балалар! Сендер тәртіпті де білімді екенсіңдер. Енді менің жол жүретін уақытым болды. Сау болыңдар!
Балалар
Сау болыңыз!
Қорытынды
Балалар, сендер — еліміздің болашағысыңдар. Тәртіпті, білімді, ақылды болыңдар. Осымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған сабағымыз аяқталды. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Тәрбиеші: Тәжігүлова Н. С.
«Балдырған» тобы