Иманы күшті ел мықтыСабақтың мақсаты
Иманы күшті ел — мықты
Бүгінгі тәрбие сағаты ұлттың рухани тірегін нығайтуға бағытталады: салт-дәстүрді құрметтеу, имандылық, бір-бірімен жақын қарым-қатынас, адалдық, тазалық, мейірімділік, жат әдеттерден сақтану, әдептілік пен инабаттылықты қалыптастыру.
Сабақтың түрі
Тәрбие сағаты
Әдістері
- Баяндау
- Әңгіме
- Әдеби монтаж
Қатысушылар
- Ауыл имамы
- Ата-аналар
- Оқушылар
- Ұстаздар
Қолданылған әдебиеттер
- Құран
- Абайдың қара сөздері
- «Сыныптағы тәрбие журналы», №5, 2007
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Ұрпағын тектілікпен өсірген ата-бабамыз бала тәрбиесіне әрдайым үлкен жауапкершілікпен қараған. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, рухани тәрбиенің қоғамды қалай ұйыстыратынын айқын көреміз.
Бір кезде жазу-сызуды білмеген, хат танымаған халықтың өзі шешен, ақын, жыршы, әнші, зергер, сәулетші, қара қылды қақ жарған билер мен қазыларды тәрбиелеп шығарды. Ал бүгінде ұрлық, алыпсатарлық, маскүнемдік, нашақорлық, алаяқтық сияқты кеселдер көбейіп барады.
Сондықтан болашақта иманды, әділ, адал, мейірімді, таза, шыншыл ұрпақ тәрбиелеуді жүйелі түрде қолға алу қажет. Осы мақсатпен имандылыққа арналған «Иманы күшті ел — мықты» атты тәрбие сағатын өткізіп отырмыз.
Имамның сөзі
Біздің дініміз — Ислам. Дін негізінен адамды рухани тұрғыдан тәрбиелейтін мектеп: әдеп, иба, ынсап, қанағат, мейірім, шапағат, бауырмалдық, адалдық, ізгілік сияқты жан тазалығына бастайды.
Ислам барлық уақытта адам баласын иманға тәрбиелеп келеді. Иман әр адамның жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталады. Ал иман дегеніміз — Аллаға және Алланың істеріне күмәнсіз сену.
Өзін мұсылман санайтын әрбір адамның бойында адамгершілік, әдептілік, имандылық қасиеттері болуы абзал.
Мұғалімнің түсіндірмесі
Иман — араб тілінен аударғанда «сенім» деген ұғымды білдіреді. Өмір заңдылықтарына айқын сеніммен қарап, адамгершілік міндеттері мен мақсаттарын бұлжытпай орындайтын ақ ниетті, адал жүректі, көпшіл адамды иманды дейміз.
Иман әр тұлғаның жүрегінде орнығады: тілмен айтылған сөзді жүрекпен бекітіп, санамен нығайту — оның өзегі.
Көрініс: Абайдың он жетінші қара сөзі
Кіріспе
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өз өнерлерін айтып, таласып келіп, ғылымға жүгінеді.
Қайраттың сөзі
«Ей, ғылым, өзің білесің ғой: дүниеде еш нәрсе менсіз кәмелетке жетпейді. Әуелі өзіңді білуге ерінбей, жалықпай үйрену керек — ол менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей, жалықпай орнына келтірмек те — менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абырой мен мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтын күнәкарлықтан, көрсеқызар жеңілдіктен, шайтанның азғыруынан құтқаратын да — мен. Адасқан жолға бара жатқан адамды қайта жиып алатын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?»
Ақылдың сөзі
«Не дүниеге, не ахиретке пайдалысы мен залалдысын білетін — мен. Сенің сөзіңді ұғатын — мен. Менсіз адам пайданы іздей алмайды, залалдан қаша алмайды, ғылымды түсініп үйрене алмайды. Осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?»
Жүректің сөзі
«Мен — адамның денесінің патшасымын. Қан менен тарайды, жан менде мекен қылады: менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде, тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жайын ойлататын — мен. Үлкенге ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратын да — мен. Бірақ мені таза сақтай алмаса, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритін — мен, жаманшылықтан жиреніп тулайтын — мен. Әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбандық дейтіннің бәрі менен шығады. Менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?»