Дәстүр ата - бабаларымыздың дүние танымымен астарлас
Ұйымдастыру туралы мәлімет
- Өткізген
- Өтепбергенова Құндыз Сағатқызы
- Тақырыбы
- Дәстүрді дәріптейік
Мақсаты
- Ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, баланың ата-ана өміріндегі маңызын ашу және ата-ананың балаға берер тәлім-тәрбиесін көрсету.
- Оқушыларды ата-бабаларымыздың дүниетанымын қастерлеуге, дәстүрді дәріптеп, салтты сыйлауға үйрету.
- Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту.
Кіріспе
(Сахнада сазды әуен ойналады, «Сарыарқа» күйі шырқалады.)
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен-кіші — жасымыз да, кәріміз де.
Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым,
Гүл-гүл жайнап мына біздің төрімізге.
Туған соң адам боп, білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең, жұрт айтады надан деп.
Бауырласқан тәніміз, бұзылмаған антымыз,
Кең даланың ежелгі — қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де бар дәстүр мен салтымыз.
Осы ойларды негізге ала отырып, «Дәстүрді дәріптейік» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Неліктен бұл тақырып?
Бұл тақырыпты таңдауымыздың себебі — өз халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, дінін құрметтеп, мәртебесін көтеру. Салт-сана мен дәстүр — бізді басқа халықтардан ажырататын басты белгі, ұлттың рухани «құжаты».
Дәстүр — ата-бабаларымыздың дүниетанымымен астасқан, ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпаққа мирас болып келген қасиетті қазына.
Тәрбиенің алтын арқауы
Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұрпақты адамгершілікке, әдепке, еңбекке баулу жолында қалыптасқан тәрбие тәсілдері өте көп. Соның айғағы — ғасырлар бойы жинақталған әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелі дәстүрлер.
Сайыстың ашылуы
Жыр жолдары
Той деп бүгін көңіл шіркін тасады,
Той деп бүгін халқым шашу шашады.
Арамызда бүгін болар сайысты,
Сөзден жүйрік жыршы бетін ашады.
Сахналық рәсім
- Сайыстың басталу салтанатында ақ жаулықты әже тілек айтып, бата береді.
- Шашу шашылып жатқанда әсем әуен ойналады.
- Жүргізуші әуен ырғағымен тойдың ашылуына арналған өлең жолдарын оқиды.
Негізгі бөлім
Мұғалім сайыстың әр кезеңімен таныстырады.
Ата-аналар сайысының кезеңдері
- I кезең. «Сұрасаң менің тегім…»
- II кезең. Эрудиттер байқауы
- III кезең. «Ата-баба дәстүрі — әдептілік негізі»
- IV кезең. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»
- V кезең. «Ұлттық өнер — ұлттық тағам»
Әділқазылар алқасына арнау
Ақты ақ деп, аққа жақ боп баға берер,
Алқасы — әділқазы, кемеңгерлер.
Беріңіздер әділ бидей әділ баға,
Шындықты ұрпақтарың сонда көрер.
(Әділқазылар алқасымен таныстыру.)
I кезең: «Сұрасаң менің тегім…»
Таныстыру кезеңі: әр отбасы өзін өлеңмен немесе қара сөзбен таныстырады.
II кезең: Эрудиттер байқауы (сұрақ-жауап)
Өткізу тәртібі
- Ұлттық киімдегі екі қыз бала табақшамен сандық пен конвертті алып шығады.
- Әр отбасынан балалар ортаға шақырылады.
- Сандық ішіндегі нөмірленген асықтарды алу арқылы тапсырма анықталады.
- Отбасы ақылдасып, бірлесе жауап береді.
1) Байғазы және көрімдік
Байғазы — балалар мен жастардың жаңа киіміне немесе жаңа затына (мысалы, қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін сый-кәде.
Көрімдік — жаңа туған балаға, жас келінге, құдаға, күйеуге «көрдім» деген ниетпен берілетін сый. Оның мәні — жақын-жуықтың адамгершілігін, ақжарқын ықыласын таныту.
Айырмашылығы: көрімдік көбіне адамға (жанға) қатысты берілсе, байғазы көбіне затқа байланысты беріледі.
2) Жасау және енші
Жасау — ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік. Дәстүр бойынша жасауға кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әшекейлі бұйымдар қосылған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан.
Енші — балалары ер жетіп, жеке отау болғанда ата-анасының енші бөліп, мал-мүлік беруі.
Айырмашылығы: қызға берілетін дүние — жасау, ал ұл-қыз жеке шаңырақ көтергенде берілетін үлес — енші.
3) Иткөйлек (итжейде) және қырқынан шығару
Иткөйлек (итжейде) — бала қырқынан шыққан соң оның алғашқы көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жіберу дәстүрі. Балалар қуып жетіп, мойнындағы тәттіні алып, бөлісіп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырымға алады, ал алыс жолға шыққандар амандық тілеп, өзімен бірге алып жүруі мүмкін.
Қырқынан шығару — сәби туғанына қырық күн толғанда 40 қасық сумен шомылдырып, тырнағын алып, қарын шашын алу рәсімі. Оған әжелер мен әйелдер қатысып, кәде беріліп, дастархан жайылады.
Мағыналық айырма: «қырқынан» — сәбидің қырық күндік рәсімі, ал «қырқы» — адам қайтқаннан кейін қырық күн өткен соң берілетін ас. Екеуін шатастыруға болмайды.
4) Тәбәрік және ерулік
Ерулік — ауылға жаңа отбасы көшіп келіп қоныстанғанда, көрші-қолаңның жаңа үйге ас апарып, табақ тартуы. Бұл — жатсындырмай, ортаға тартудың, сыйластықтың белгісі.
Тәбәрік — біреу тойда жүлде алса, бәйгеден келсе немесе құдалықта кәде алса, қасындағыларға үлес беруі. Жұрт «тәбәрік бер» деп сұрайды, ал олжалы адам әдеп бойынша беруге тиіс; бермесе сараңдық саналады.
Тәбәріктің түрлері: олжа, сый-кәденің үлесі, жүлденің бөлінісі, тойдан таратылатын тәтті-дәм сияқты үлестірімдер.
5) Тыйым сөздер — тәрбиенің құралы
Тыйымдар — халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі ықпалды құралдарының бірі. Олар көбіне балаларға арналып, жаман әдеттен, жат қылықтан, әдепсіз істен сақтандырады.
Мықыныңды таянба
Жақынынан айырылған адам қайғырып, мықынын таянып жылайды деген түсінікпен байланысты.
Үйге қарай жүгірме
Көбіне суық хабар жеткізуге асыққанда жүгіретіндіктен, жамандық шақырмасын деген ырым.
Тізеңді құшақтама
Жалғыздықтың белгісі деп қабылданған.
Үйде ысқырма
«Үйдің ырысы кетеді» деген наным бар.
Үлкеннің жолын кеспе
Әдепсіздік саналады және «жолы болмайды» деп тыйылған.
Жеті атаға дейін қыз алыспау, қыз беріспеу
Қан тазалығын сақтау мақсатындағы қағида.
III кезең: «Ата-баба дәстүрі — әдептілік негізі»
Бұл кезеңде салт-дәстүрді сахналау арқылы әдеп, сыйластық, бірлік секілді құндылықтар көрсетіледі.
Қорытынды ой
Кең даланың ежелгі — қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де бар дәстүр мен салтымыз.
Тілім бар да — қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар — ата жолы, салтым бар.