Мамандық таңдаудың жеті қадамы
Кештің мақсаты
Бағыт-бағдар беру
Оқушыларға заман талабына сай мамандық таңдауға көмектесу, әр мамандықтың қызығы мен қиындығын терең ұғындыру, таңдау кезеңіндегі күмәнді нақты шешімге айналдыру.
Ой мәдениетін дамыту
Өз пікірін еркін айтуға, өзгенің көзқарасын құрметтеуге, жүйелі ойлап, дәлелмен сөйлеуге баулу.
Азаматтық ұстаным
Қоғамға қатысты азаматтық позицияны қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел болашағына жауапкершілік сезімін күшейту.
Жоспар
I. Кіріспе
Мамандықтар әлемінде
II. Негізгі бөлім
- Болашақ маман иелері: студенттермен сыр-сұхбат
- Мамандық таңдау — болашағыңды айқындау
- «Мамандық таңдаудың жеті қадамы»
- Тренинг: ҰБТ дегеніміз не және оның мен үшін маңызы қандай?
III. Қорытынды
Болашағыңа бүгіннен қамдан
Кіріспе сөз
Құрметті студенттер, оқушылар және ұстаздар! «Мамандығым — мақтанышым» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер!
Мектеп бітіргелі отырған 11-сынып оқушыларын «Қандай мамандық таңдаймын?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлардың мазалауы заңды. Осы кезеңде дұрыс бағыт-бағдар беру үшін ұстаздармен, кешегі түлектермен, бүгінгі студенттермен және болашақ маман иелерімен кездесіп, пікір алмасудың маңызы ерекше.
Мамандыққа келудің жолдары әртүрлі
- Біреу үшін бұл — арманды жүзеге асыру.
- Біреу үшін — отбасы дәстүрін жалғастыру.
- Тағы біреулер үшін — жаңалыққа ұмтылу, дербестікке талпыныс.
- Ал кейбірі үшін — «әйтеуір бір мамандық алу керек» деген көзқарас.
Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы керек. «Мен кіммін?», «Өмірдегі орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақтар кез келген жанды ойландырады. Мамандық түрі көп, ал таңдаудың өзі оңай емес.
Ең бастысы — еңбекке қабілеттілік, зейін және таңдаған істің өз ортаңа нақты, бағалы үлес қоса алуы. Өз ісіне сенген, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Еңбектен қуаныш таба білген сайын жаңа күш пайда болып, жігер артады.
Абай атамыздың өсиеті: «Неге арналсаң, соны істе». Яғни адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқаны жөн.
Сұхбатқа арналған сұрақтар
Пікір алмасуды тереңдету үшін төмендегі сұрақтар ұсынылады:
-
1. Білікті маман болу үшін адам ең алдымен немен қарулануы қажет?
-
2. Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан және қалай дайындауы керек?
-
3. Болашақ мамандықты таңдағанда, нені басшылыққа алған дұрыс?
-
4. Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
-
5. Жақсы маман болу үшін адам нені біліп, нені үйренуі қажет?
-
6. Қай уақытта адам өз еңбегінің жемісін көре алады?
-
7. Бұл мамандыққа жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?
-
8. «Әттеген-ай» деген сәттеріңіз болды ма?
Мамандық таңдау — болашағыңды айқындау
Мамандық таңдау — болашағыңды айқындау. Әр адам өз алдына нақты мақсат қоя білуі керек. Сол мақсатқа жету үшін бірнеше міндетті кезең-кезеңімен орындаған жөн. Сонда ғана болашақ бағытың айқындалады.
Ой тастайтын сұрақтар
- Алдыңа қойған мақсатың бар ма?
- Сол мақсатқа жету үшін нақты қандай әрекет жасайсың?
Бала жастан-ақ бейімділікті байқап, ата-ана мен мектеп бірлесе қолдап отырса, оқушы өз бағытын ертерек танып, таңдауда қателеспейді. Мамандық таңдаудағы салғырттық пен немқұрайдылық — өз болашағыңа жауапсыз қарау.
Маңызды ескерту
ҰБТ-дан кейін ұпайға ғана сүйеніп, қай мамандықты таңдарыңды білмей, көптің соңынан еріп кету — мақсатсыздықтың белгісі. Уақыт өткен соң өкініштің орнын толтыру әрдайым мүмкін бола бермейді.
Сондықтан шешімді асықпай қабылдаған дұрыс: үш ойланып, төрт толғанған артық емес. Сен өз болашағыңды өзің белгілейтін ең маңызды кезеңде тұрғаныңды ұмытпа.
«Мамандық таңдаудың жеті қадамы»
1-қадам: Байыппен бағдарлау
Қиял әсерімен «романтикалық» мамандықтарға еліктеу, ата-ана жолын ойланбай таңдау, досқа еріп оқу орнына түсу немесе үйге жақын ЖОО-ны ғана көздеу — жиі кездесетін жағдай. Мамандық таңдау тағдырға әсер ететіндіктен, шешімді байыппен қабылда.
2-қадам: Дұрыс шешім — өз қолыңда
Таңдауды өз бетіңше жасау керегін саналы түрде ұғын. Ата-анаң да, дос-жараның да ақыл айтады, бірақ шешім — сенің өмірлік бағытың.
3-қадам: Бейімділігіңді ескеру
Қызығушылығыңды анықта: қай пәндер ұнайды, бос уақытта не істегенді жақсы көресің, адамдармен тез тіл табыса аласың ба? Таңдау көп жағдайда осы бейімділікке тіреледі.
4-қадам: Өзіңді сынақтан өткізу
«Өзімнен және жұмысымнан нені күтемін?», «Бес жылдан кейін өзімді қалай елестетемін?» деген сұрақтарға жауап бер. Таңдаған мамандығың туралы көбірек ақпарат жина: сол сала мамандарын бақыла, мекемелерге барып таныс, қарапайым практикалық тапсырма орындап көр.
Мысалы, программист болғың келсе, тек ойын ойнаумен шектелмей, ең қарапайым бағдарлама жазып көр. Дайындық курстарына қатысу да пайдалы. Жазғы демалыста қызықтырған салада ең кіші қызметтен бастап тәжірибе жинау таңдауыңның дұрыстығын нақты көрсетеді.
5-қадам: Сұранысты назарда ұстау
Еңбек нарығында қай мамандықтың бағаланатынын зертте: бос орындар, жұмысқа орналастыру сайттары, салалық болжамдар. Осыны ескере отырып, таңдаған мамандығыңды қай оқу орны қалай даярлайтынын анықта.
6-қадам: Мамандар кеңесіне жүгіну
Күмәнің басылмаса, психолог-кеңесші мамандар көмегін пайдалан. Қабілет пен бейімділікті анықтайтын арнайы тестілер де шешім қабылдауға жәрдемдеседі.
7-қадам: Қорытынды шешім
Жинаған мәліметтер негізінде ұнаған 5–10 мамандықтың тізімін жаса. Әрқайсысының оң және кері тұстарын салыстыр. Үшеуі қалған кезде қайта ой елегінен өткізіп, соңғы шешімді қабылда.
Қорытындылау
Мамандықты дұрыс таңдауда қандай қателер жіберілуі мүмкін? Осы сұрақ төңірегінде еркін пікір алмасып, бүгінгі кездесуден алған әсерлермен бөлісу ұсынылады.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Бүгінгі кештен не алдыңыз?
- Өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз?
- Ойландыратын қандай жағдай болды?
Еңбек етсем, ертеңгі бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер уақытыма сенемін.
Достық іспен қасты да жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін.
Арым таза, ақ көңіл адалдыққа сенемін,
Абыройлы, ақ ниет адамдыққа сенемін.
Ел сеніміне кіретін құрметті маман иесі боламын десеңіздер, бүгінгі кездесуде айтылған ақыл-кеңесті жадыңызда сақтаңыз. Ілім-білім алуға бар күш-жігеріңізді жұмсап, егеменді еліміздің ертеңі болатын — болашақ маман иелері атануларыңызға тілектеспіз.