Иса Байзақовтың Жазғы кеш өлеңі

Сабақтың тақырыбы

Иса Байзақовтың «Жазғы кеш» өлеңі.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Оқушыларды Иса Байзақовтың жыр әлемімен таныстыру.
  • Өлең авторы туралы қысқаша мәлімет беру.
  • Жазғы кеш көрінісін танытудағы сөз қолданыс ерекшелігін, суреттеу шеберлігін ұғындыру.

Дамытушылық

  • Өлеңнің астарына, қыр-сырына мән беруге үйрету.
  • Идеясын түсініп, бағалай білуге баулу.
  • Өз ойын әдеби тілмен жеткізу дағдысын дамыту.

Тәрбиелік

  • Табиғатты сүюге, әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеу.
  • Сұлулық талғамын байыту, мейірімділікке баулу.

Сабақ форматы

Түрі

Сұрақ-жауап, ой толғау.

Әдісі

Мәнерлеп оқу, талдау, түсіндіру.

Көрнекілігі

Оқулық, тақта, ақынның өлең жинағы, пейзаждық суреттер.

Пәнаралық байланыс

Бейнелеу өнері.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеп, сабаққа дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Бала Шоқан» әңгімесінің желісі бойынша рөлдерге бөліп, шағын қойылым (көрініс) дайындау.

III. Жаңа сабақ

Бүгін біз Иса Байзақовтың «Жазғы кеш» өлеңімен танысамыз. Алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығына қысқаша тоқталамыз.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық. Исаның әкесі Байзақ та, анасы Ғазиза да әнші, сауықшыл, өнерге жақын адамдар болған. Сол ортада Иса жастайынан ән мен жырдың, әсемдіктің өшпес нұрына қанып өседі.

Иса Байзақов 1900 жылы Павлодар облысы Ертіс өңірінде дүниеге келген. Тоғыз жасында анасынан айырылып, нағашы атасының тәрбиесінде өседі. Нағашысы Рахмет — жақсы әнші болған.

Иса — суырыпсалма, табанда қиып салып, өткір де отты өлең шығаратын ақын. Қазақтың әйгілі әртісі Елубай Өмірзақов: «Өз жасымда Исадай ақынды көрген жоқпын» деп жазған.

1922–1929 жылдары Иса әр түрлі драмалық үйірмелерде және Қазақтың тұңғыш драма театрында әртіс болып ойнап, ерекше дарын иесі екенін танытады. Домбырасын құйындата тартып, небір желдірмелерді суырып салып, елді тәнті еткен.

Ақынның маңызды туындыларының бірі — «Құралай сұлу» дастаны.

IV. Оқулықпен жұмыс

Оқушылардың назарын ақынның «Жазғы кеш» өлеңіне аударамын. Ең алдымен, өлеңді байыппен, әр жолына зер салып, мәнерлеп оқып шығамын.

Тақырыпты ашу мақсатында 1–2 оқушыға тізбектей, нақышына келтіріп оқытамын. Одан кейін өлеңнің жалпы мазмұны талқыланады:

  1. Өлеңде не айтылады? Астарында қандай ой жатыр?
  2. Ақын ойын қалай, қандай сөздер арқылы жеткізген?
  3. Өлеңнің қай тұсы ұнады? Неліктен?

V. Ассоциациялық ойын

Оқушылар тақта алдында екі топқа (қыздар және ұлдар) бөлініп, жарысады. «Жазғы кеш» дегенде ойларына қандай сөздер немесе сөз тіркестері келеді? Ойларын неғұрлым көп әрі көркем жеткізген топ жеңіске жетеді.

VI. Шығармашылық жұмыс (дәптерге)

«Менің көрінісімдегі жазғы кеш» тақырыбында ой толғау жазу.

Жұмыс барысында Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің әуені баяу қосылып тұрады.

VII. Үй тапсырмасы

  1. И. Байзақовтың «Жазғы кеш» өлеңін жаттау.
  2. Осы тақырыпқа ұқсас тағы қандай ақындардың өлеңдері бар? (Іздену.)

VIII. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, мәнерлеп оқуы, талдауы және шығармашылық жұмысы бойынша бағалау.