Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында

1-сыныпқа арналған танымдық сынып сағаты

«Желбіре, Жеңіс жалауы!»

Мақсаты

  • Оқушыларды адамгершілікке, Отанын сүюге және оны қорғауға баулу; отансүйгіштік сезімін арттыру.
  • Соғыс туралы мәлімет беру, қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстыру арқылы ой-өрісін дамыту.
  • Үлкендерді сыйлауға, ардагерлерді қадірлеуге тәрбиелеу.

Жоспар

  1. 1 Кіріспе сөз.
  2. 2 Ұлы Отан соғысының басталуы (слайд көрсету).
  3. 3 Қазақстандықтар соғысқа қалай аттанды? (слайд көрсету).
  4. 4 Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында (слайд көрсету).
  5. 5 Топпен жұмыс: ерлік пен Отан туралы мақал-мәтелдер сайысы.
  6. 6 Бауыржан Момышұлының сөзін тыңдау.
  7. 7 «Ардагерлер – ұрпағымыз»: соғыс ардагерлері туралы әңгіме.
  8. 8 Жеңіс туралы өлеңдерді мәнерлеп оқу және «Бейбіт өмір» сурет сайысы.
  9. 9 Ән сайысы: «Жойылсын соғыс», «Соғыстан қайтқан солдаттар».
  10. 10 Қорытынды: «Тілек шамын» жағу.

Кіріспе сөз

Қайырлы күн, құрметті қонақтар! «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты танымдық сынып сағатына қош келдіңіздер!

1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасады. Олардың мақсаты — Кеңес елін отарға айналдыру, халқын құлдыққа түсіру және дүние жүзіне үстемдік орнату еді.

Ал Кеңес Одағы тарапынан бұл әділетті қорғаныс соғысы болды: жерін, елін және азаттығын қорғау жолындағы күрес.

Негізгі ұғым

«Ұлы Отан соғысы» атауы 1941 жылғы 3 шілдеде И. В. Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін кең қолданысқа енді.

«Ел басына күн туып, етігімен су кешкен; ат басына күн туып, ауыздықпен су ішкен» ауыр сын сағатта жерлестеріміз кеудесін оққа тосты. Олардың көпшілігі қан майданнан оралмады. Хабар-ошарсыз кетіп, кейінгі тағдыры беймәлім болғандар да аз емес.

Қанды қырғынның лаңы әрбір отбасының жүрегіне жара салды. Соғыс қасіретінің әлі күнге дейін жазылмаған ізі жанымызды сыздатады.

Ұлы Отан соғысының басталуы

Соғысты алғаш қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық шекарашы болды.

Атақты Брест гарнизонында 1941 жылдың көктемінде шамамен 3 мыңға жуық жерлесіміз әскери қызмет атқарған. Шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтуы тиіс еді, бірақ жау шабуылы бұл жоспарды күл-талқан етті.

Соғыс өрті ішке қарай тез тарады. Брест қамалының аман қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған, көпшілігінің сүйегі Беларусь жерінде қалды.

Қазақстандықтар соғысқа қалай аттанды?

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан бүкіл Кеңес Одағымен бірге алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды.

Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылғы дерек

6 200 000

Қазақстан халқы

Соғыс жылдары

1 196 164

Кеңес Армиясы қатарына аттанған қазақстандық

Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында

Жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасты. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медальдар мен ордендермен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанса, 100-ден астам жауынгер Даңқ орденінің толық иегері болды.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары

  • Талғат Бигелдинов
  • Сергей Луганский
  • Иван Павлов
  • Леонид Беда

Батырлар қатарында қазақтың қаһарман қыздары — мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, атқыш-штурман — атыраулық Хиуаз Доспанова да ел жадында.

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі — қазақ жауынгері Рахымжан Қошқарбаев. Жау тылында партизандар қатарында да қазақстандықтар шайқасты. Солардың бірі — Қасым Қайсенов.

Ал даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті әскери жазушы Бауыржан Момышұлы мен 28 панфиловшы ерлігін білмейтін қазақ кемде-кем.