Сөйлемдердің жігін ажыратып, Кідіріс белгісі орнында тұрам

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып
Сұраулы сөйлем
Көрнекілік
Интерактивті тақта, тірек-сызба, суреттер

Білімділік

Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, лепті болып бөлінетінін түсіндіру және сұраулы сөйлем туралы нақты ұғым қалыптастыру.

Дамытушылық

Оқушылардың сөздік қорын және тіл байлығын дамыту, сауатты жазуға дағдыландыру, жан-жақты ойлауға үйрету.

Тәрбиелік

Оқушыларды ұйымшылдыққа, достыққа, бір-бірін тыңдай білуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Бізге ашық күн керек,

Аспан керек мөп-мөлдір.

Қуанышқа тұр бөлеп,

Бақытты өмір төккен нұр.

Сабақтың мақсатымен таныстыру

Балалар, бүгінгі сабағымызға қонақтар келіп отыр. Біз оларды жақсы тәртібімізбен және білімімізбен қарсы алып, шығарып салуымыз керек. Бүгін сөйлем туралы білімімізді жетілдіріп, сұраулы сөйлем туралы мағлұмат аламыз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Берілген тапсырма

229-жаттығу: жоспар бойынша әңгіме құрау. Оқушылар өздері жазып келген әңгімелерін оқып береді.

Өткен тақырыпты бекіту (сұрақ-жауап)

  • Қандай үлкен тақырыпты өтіп жатырмыз? (Сөйлем)
  • Сөйлем дегеніміз не?
  • Сөйлем неден құралады?
  • Сөйлемдегі сөздер қалай жазылады?
  • Сөйлем қандай әріптен басталып жазылады?
  • Хабарлы сөйлем дегеніміз не? Мысал келтір.

III. Жаңа сабақ

Кіріспе әңгіме: табиғат әлеміне саяхат

Балалар, мен сендерге бір сұрақ қойғым келіп тұр: «Табиғат дегеніміз не?» (Бізді қоршаған орта.)

Бүгін сабақта табиғат әлеміне саяхат жасаймыз. Суреттен қай жыл мезгілін көріп тұрсыңдар? Кімді және тағы нелерді көріп тұрсыңдар?

Мен жаңа не істедім? (Сұрақ қойдыңыз.) Сұрақты не үшін қоямыз? (Жауап алу үшін.)

Негізгі ереже

Жауап алу мақсатымен айтылған сөйлем сұраулы сөйлем деп аталады.

Сұраулы сөйлемнің соңына сұрау белгісі (?) қойылады.

Мысал: Сенің атың кім?

Енді «Құстар әлеміне» саяхатқа шығамыз.

IV. Оқулықпен жұмыс

230-жаттығу: өлеңдерді мәнерлеп оқу және салыстыру

Көлге келіп қонады,
Көлдің көркі болады.
Аңшы бірақ атпайды,
Аққудың бар обалы.
(А. Ершуов)

– Сені өсірген баптап кім?
Аққу неткен аппақсың?
– Таза ауада жүремін,
Тұнық суға жүземін.
(Қ. Толыбаев)

Талдау және бекіту

  • Сөйлемдердің соңына назар аудар: қандай тыныс белгілері бар?
  • Қай ақын сұраулы сөйлемді пайдаланған?
  • Екі өлеңді салыстыру үшін нені білу керек? (Ұқсастығы мен айырмашылығы.)
  • Венн диаграммасы арқылы «Аққу» туралы білетінімізді топтастыру.
  • Аққу туралы ойдан жұмбақ құрастыру.

Келесі аялдама: «Жәндіктер әлемі».

V. Таза жазу минуты

Дәптермен жұмыс

231-жаттығу: мәтінді оқып, не туралы екенін анықтау. Сұраулы сөйлемдерді тауып, көшіріп жазу.

Сұраулы сөйлемдер

  • Көке, мынау не төбешік?
  • Илеу деген не?
  • Бүкіл құмырсқа бір-ақ үйде тұра ма?
  • Олар тату тұра ма?

Қорытынды ой: құмырсқаның илеуін бұзуға болмайды.

VI. Сергіту сәті

Аспанға қарап ай көрдік,

Жерге қарап күн көрдік.

Оңға, солға бұрылып,

Егеменді ел көрдік.

Қосымша сұрақтар

  • 1 желтоқсанда қандай мейрамды тойладық? (Тұңғыш Президент күні.)
  • Қазақстан Республикасының Президенті кім?
  • 16 желтоқсан қандай күн?

Келесі аялдама: «Су әлемі».

VII. Өзіндік жұмыс

232-жаттығу

Төмендегі жағдайларды білу үшін сұраулы сөйлем құрастыр:

  • Сабақтың басталу уақыты;
  • Сыныптағы кезекшінің есімі;
  • Асқардың сабаққа кешігу себебі;
  • Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың саны.

VIII. Жұмбақ шешу

Өзім сөзден тұрамын,
Біткен ойды құрамын.

Жауабы: Сөйлем

Қоя салсаң бір тары,
Жаңалықты жеткіземін.

Жауабы: Хабарлы сөйлем

Ойды аяқтап орақ тұрады,
Жауап сөз қалап тұрады.

Жауабы: Сұраулы сөйлем

Енді «Аспан әлеміне» саяхатқа шығамыз.

233-жаттығу: оқу және талдау

  • Іштен оқу.
  • Рөлге бөліп оқу және сұрақтарға жауап беру.

– Бұлттар қайда қонады?
– Бұлттар – таудың қонағы.
– Құстар қайда қонады?
– Құстар – талдың қонағы.
– Қаңбақ қайда қонады?
– Қаңбақ – сайдың қонағы.
– Қармақ қайда қонады?
– Қармақ – судың қонағы.
(Несіпбек Айтов)

  • Қандай сөйлемдер оқылды?
  • Сөйлемдерге талдау жасау.

IX. Көрініс: сөйлем түрлері мен тыныс белгілері

Нүкен

Ей, кішкентай ғана нүкте!
Сенің осы керегің жоқ-ау түкке.
Керек болсаң, айта қойшы,
Сырыңды менен бүкпе.

Нүкте

Мен сөйлемнің соңында тұрам.
Сөйлемдердің жігін ажыратып,
Кідіріс белгісі болып орнында тұрам.
Тиянақты ойдың біткенін білдірем.
Сөйлем соңына таяғанда,
Дауысты бәсеңдетіп үлгерем.
Ой арасын бөліп тұрған мен емес пе?

Сұрақ белгісі

Аузыңды ашып сұрайсың да тұрасың:
«Осы саған не керек?»

Киноға барасың ба?
Газет аласың ба?
Осындай сөйлемдердің соңында
Кейде оқушылар тыныс белгі қоймай кетеді.
Өзің айтшы, осылардың соңында қандай белгі келеді?

Ілебай

Сен неге айқайлай бересің?
Сөйлемде қандай мағына бересің?
Жөн-жосығыңды түсіндірші,
Жазуда қай жерде кездесесің?

Леп белгісі

Мен үнемі айғайлай бермеймін:
Қуанып та, күліп те білемін.
Кейде өкініп, ренжісем де,
Көбіне көтеріңкі, көңілді күйді білдіремін.

X. Қорытынды

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Балалар, ұстаздарға қандай уәде береміз?

5 болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп оқып,
Өсе берсін санамыз.

XI. Үй тапсырмасы

234-жаттығу: сурет бойынша әңгіме құрастыру.

XII. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы, таза жазуы және сұраулы сөйлемді дұрыс қолдануы бойынша бағаланады.