Кешірімділік - көңіл кеңдігі эссе

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы • Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебі

Педагог-психолог: Сейітова Гүлзада Пернебековна

Пән / сынып

Өзін-өзі тану • 8-сынып

Тақырып

Іздегенде табылатын — қасыңнан

Құндылықтар мен мақсат

Құндылықтар

  • Достық
  • Сыйластық
  • Татулық

Қасиеттер

  • Мейірімділік
  • Қамқорлық

Мақсаты

«Дос» және «достық» ұғымдарының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін ашу.

Міндеттері

  • Достық, сыйластық, татулық құндылықтарының адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Оқушыларды өзара сыйластыққа, бір-біріне көмек көрсетуге, бірін-бірі қолдауға және қамқор болуға баулу.
  • Мейірімділікке, достыққа, татулыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

  1. 1

    Ұйымдастыру кезеңі

    Оқу құралдарын әзірлеп, амандасу арқылы сабақты бастау.

  2. 2

    Тыныштық сәті

    Т. Молдағалиевтің сөзіне, С. Бәйтерековтің әуеніне жазылған «Жан досым» әнін тыңдау.

    Сұрақ:

    Кім өз әсерімен бөліскісі келеді?

  3. 3

    Үй тапсырмасын тексеру

    «Кешірімділік — көңіл кеңдігі» тақырыбындағы эссені талқылау.

  4. 4

    Әңгімелесу

    • Достық деген не? Оны қалай түсінесіңдер?
    • Достың көп болуы мүмкін бе?
    • Өз достарың туралы не айта аласыңдар?
  5. 5

    Мәтінмен жұмыс: «Екі дос» (аңыз)

    Екі дос бір егістікте жұмыс істейтін. Бірінің отбасы, балалары бар, ал екіншісі жалғыз басты еді. Олар күн батқанға дейін еңбек етіп, тапқан өнімді теңдей екіге бөліп алатын.

    Бір күні жалғыз басты адам: «Өнім мен пайданы тең бөлгеніміз дұрыс болмады. Мен жалғыз тұрамын, қажеттілігім де көп емес», — деп ойлады. Содан бастап ол түн сайын бір қап өнімді жасырын түрде досының үйінің алдындағы сарайына апарып қоятын.

    Ал екінші дос та: «Менің отбасым бар, олар қартайғанда маған сүйеніш болады. Досымның ешкімі жоқ, қартайғанда қарайласатын жан табылмауы мүмкін», — деп ойлап, түн жамылып досының қорасына бір қап өнім апарып жүрді.

    Екі дос та қорадағы қаптардың саны неліктен азаймайтынын түсінбей жүрді. Бір түні екеуі бір-бірінің қорасына қап тасып жүргенде, жолығып қалады. Сонда ғана болған жайттың мәнін ұғып, қаптарды жерге қоя салып, құшақтаса кетеді.

    Талқылау сұрақтары

    • Аңыздың негізгі идеясы қандай?
    • Достардың бір-біріне деген адал ниеті мен достығын қалай бағалар едіңдер?
    • Өз достарыңа көмек көрсеткен кездерің болды ма?
  6. 6

    Жағдаятты талдау

    Мұрат пен Арман 6-сыныптан бері дос. Екеуінің достығын ата-аналары да біледі. Қазір олар 9-сыныпта оқиды, екеуі де оқу үздігі. Әдетте сабаққа бірге дайындалатын. Алайда соңғы кезде Арман өзгеріп, үлгерімі төмендей бастады. Мұрат бұрынғыдай хабарласып, сабаққа дайындалуға шақырса, Арман үнемі сылтау айтады.

    Бір күні Арманның өзі қоңырау шалып: «Егер ата-анам сұраса, екеуміз сабаққа дайындалып жатырмыз деп айта салшы. Мен Азаматпен компьютер клубына барамын», — дейді. Азамат — 10-сыныпта оқитын көрші бала. Мұрат не дерін білмейді: «Жоқ» десе — досының көңілі қалады, «Иә» десе — Арманның ата-анасын алдағаны.

    Сұрақ:

    Мұратқа мәселені шешу үшін қандай кеңес бересіз?

  7. 7

    Оқу ақпараты

    Адамдардың бір-біріне деген адал сенімі, өзара тілеулес ортақ көзқарасы достыққа ұластырады. Достық — адамдар арасындағы жауапкершілік, сыйластық, бір-біріне қамқорлық және рухани жақындық. Достық қарым-қатынас өзара сенімге негізделеді: достар қуанышта да, қиындықта да ниеттес әрі қамқор болады.

    Достық — сыйластықтың, мейірбандықтың мөлдір көзі. Оны бақыт та, қиындық та үзе алмайды.

  8. 8

    Мұғалім сыйы: «Достық өлкесінің заңы» (М. Шаханов)

    Алдымызда қанша сауал тосылды,
    Өмір бізді ерте үйірді биіне.
    Сәби кезім. Бірге ойнайтын досымды,
    Ертіп бардым нағашымның үйіне.

    Сәбилік шақ! Сүттей аппақ кезең бұл,
    Аңғал, бейқам балбұлақтай сыңғырлы.
    Досым киіп көремін деп әжемнің
    Аңдаусызда көзәйнегін сындырып алды.

    Енді қайттік, амал-айла азайып,
    Құтыларға өткел іздеп тарықтық.
    Досым менің ұяң еді ғажайып,
    Әжем болса қатал еді — жарықтық.

    – Бала мұнша бола ма екен мазасыз?
    Қане, қайсың көзәйнекті сындырған? –
    деді әжеміз. – Қалдырмаймын жазасыз!
    Сындырған кім? Алдыма кеп тұр жылдам!

    Енді қайттік, кім ұсынбақ көмегін?
    Бұл қырсықтан құтқармақ боп досымды:
    «Мен сындырдым... кешіріңіз...» – дедім мен,
    Үнсіз ғана төмен салып басымды.

    Қанша ашулы болғанымен осы рет,
    Әжем мені жазалаусыз қалдырды.
    Лезде қайта көтеріліп еңсеміз,
    Көңіліміздің айдынынан күн күлді.

    Сол сәтте інім сыбыр етті: «Сенбеңіз,
    Көзәйнекті қонақ бала сындырды».
    Әжем кенет ашу буып күйгелек,
    Аң-таң болып қалды да:

    – Жүр бері! – деп құлағымнан сүйрелеп,
    Ертіп барды нағашымның алдына.
    Қой, бәйбіше, дау тудырма бекерге, –
    деп нағашым әңгімесін жалғады:

    Айып па екен өзін беріп қатерге,
    Ер жігіттің досын қорғап қалғаны.
    Достық деген – ізгіліктің алаңы,
    Оған куә ғасырлар мен замандар.

    Отанын да сатып кете алады
    Қиын шақта досын сатқан адамдар!

  9. 9

    Үйге тапсырма

    Оқулықтағы тапсырманы орындаңдар: мәтіндегі түйінді ойды тауып, оның себебін түсіндіріп келіңдер.

    Ойтүйін

    Әбунасыр әл-Фараби:

    Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
    Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
    Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
    Тіпті кейде болса әзәзіл азғырған.

    Өрге жүзген өнегелі ісімен,
    Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
    Жүргендер көп достық атын малданып,
    Алайда тек қалма оған алданып.

  10. 10

    Түйіндеме (мұғалімнің қорытынды сөзі)

    Достық — адам өміріндегі үлкен арна. Әр адам дүниеге келгеннен кейін жан дүниесіндегі сырын бөлісетін дос іздеуі — табиғи заңдылық. Халқымыз «Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» деп бекер айтпаған.

    Достықтың маңызды белгісі — берік әрі терең эмоциялық жақындық. Ол — бір-біріне сөз жүзінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу. Дос — кейде бір ауыз сөз айтпай-ақ түсінетін, қиын кезеңде қолдау көрсететін, қуанышыңды бөлісетін және сен үшін шын қуана алатын жан. Ендеше, бәріміз де адал дос бола білейік.

  11. 11

    Соңғы тыныштық сәті

    «Достарым» әнін тыңдау: әні — Оралхан Көшеров, сөзі — Хасен Закариянов, орындайтын — Жанар Айжанова.

    Әнді тыңдай отырып, оқушылар ойтүйін жазу парағына бүгінгі сабақ туралы ойларын жазып, пікір білдіреді.