Геометриялық пішіндерден құрастыр

Сабақтың тақырыбы

«Аспанға саяхат»

Мақсаты

  • Балалардың жыл бойғы білімдерін қорытындылау: сандар, геометриялық пішіндер, ертегілер және ертегі кейіпкерлері туралы түсініктерін бекіту.
  • Логикалық ойлау мен ақыл-ой белсенділігін арттыру.
  • Берілген тапсырманы өздігінен орындауға және өз ойын еркін жеткізуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Геометриялық пішіндер жиынтығы
  • Ертегі кейіпкерлерінің суреттері
  • «Айырмашылығын тап» ойынына арналған күн және түн суреттері

Сабақ құрылымы үш бөлімнен тұрады: мотивациялық, ұйымдастыру-ізденушілік, рефлексивті-түзету.

I. Мотивациялық-қозғаушы бөлім

Шаттық шеңбер

Табиғатым тамаша, Көз тоймайды қараса. Жүрейікші жараса. Сәлем саған, Жер-Ана! Сәлем саған, нұрлы күн! Аман-есен болайық, Бейбітшілік тілейік.

II. Ұйымдастыру-ізденушілік бөлім

Кіріспе әңгіме

Тәрбиеші: Балалар, аспан әлемі сендерді қонаққа шақырады. Бүгін Айдың туған күні екен. Айға немен барамыз?

Балалар: Зымыранмен!

Дидактикалық ойын: «Геометриялық пішіндерден құрастыр»

Балалар геометриялық пішіндерден зымыран құрастырады.

Нәтиже

Пішіндерді тану және сәйкестендіру дағдысы бекітіледі.

Дағды

Құрастыру, салыстыру, кеңістікте бағдарлау.

Қатысу

Топпен жұмыс істеу, өз ойын айту.

«Аспанға саяхат» көрінісі

Тәрбиеші: Зымыранға отырайық, тез арада Айға ұшып барайық. (Зымыранның ұшу дыбысы естіледі.)

Балалар көздерін жұмып, «ұшып», аспан әлеміне жетеді.

Диалог

Ай: Аспан әлеміне қош келдіңдер, балалар!

Тәрбиеші: Аспан әлемінде нелер болады?

Балалар: Жұлдыз, күн, бұлт, ай.

Тәрбиеші: Ай, туған күнің құтты болсын! Ал жұлдыздар қайда кеткен?

Ай: Рахмет, балалар! Бүгін менің туған күнім. Достарым — жұлдыздар — сендерден қорқып, жасырынып қалыпты. Егер ойын ойнап, тапсырмаларды орындасаңдар, жұлдыздар қайтадан жарқырап шығады.

1-тапсырма. Дидактикалық ойын: «Жұбын тап»

Балалар ертегі кейіпкерлерін сәйкестендіріп, олардың қай ертегіге тиесілі екенін атайды.

2-тапсырма. Санамақ

Бір дегенім — баспақ, Бұзауы жүр бастап. Екі дегенім — ешкі, Ешкі қойдан есті. Үш дегенім — үйрек, Жем бер, қолға үйрет. Төрт дегенім — тайлақ, Тайлақты қой байлап. Бес дегенім — бие, Құлынына ие.

3-тапсырма. Дидактикалық ойын: «Айырмашылығын тап»

Күн мен түн суреттерін салыстырып, айырмашылықтарын анықтайды.

Сергіту сәті (қимыл-қозғалыспен)

Күн ұйықтайды, күн оянады.

Жел соқты, қатты жел соқты.

Жаңбыр жауды, бұлт түнерді, найзағай шатырлады.

Күн ашылды, жел басылды.

Жеке жұмыс

Заттардың санын анықтау тапсырмалары орындалады.

Қимылдық ойын: «Күн мен түн»

Ойын арқылы зейін, жылдамдық және ережені сақтау дағдысы дамиды.

Жұлдыздардың қайта жарқырауы

Әр тапсырма орындалған сайын жұлдыздар бір-бірден жарқырап шығады.

Жұлдыздарға арналған тақпақ

Жұлдыз көкте мүлде көп, Жарқырайды түнде кеп. Қызығамыз, қараймыз, Кереметке балаймыз. Бірақ әлі баламыз, Өссек, ұшып барамыз.

Балалар Айға арнап «Айгөлек» әнін айтып, билейді.

Ай: Рахмет, балалар! Жұлдыздай жарқырап жүріңдер!

Ай әр балаға түрлі-түсті жұлдызшалар таратады.

III. Рефлексивті-түзету бөлімі

Балалар зымыранға мініп, балабақшаға қайта оралады. Сабақ соңында орындалған тапсырмалар қысқаша қорытындыланып, балалардың белсенділігі бағаланады.