Кедей поэмасымен таныстыру

Сабақ тақырыбы: «Кедей» (Сұлтанмахмұт Торайғыров)

Бұл сабақ жоспары Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығын таныстыруға, «Кедей» поэмасынан үзінді арқылы оқушылардың ойлау, талдау және сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Білімділік

Оқушыларға ақынның өмірі туралы мәлімет беру, сабаққа қызығушылығын арттыру, негізгі мәселелерге мән беруге үйрету.

Дамытушылық

Өз ойын еркін айтуға, мәтінді мәнерлеп оқуға, талдап пайымдауға дағдыландыру.

Тәрбиелік

Адамгершілікке, ізденімпаздыққа, имандылыққа және асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Жаңа сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, талдау, ізденіс.

Көрнекіліктер

Сызбалар, кестелер, суреттер.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа дайындық барысында оқушылардың көңіл күйін көтеру, ынтымақтастық орнату ұсынылады: терезеге қарап, күннің шуағын сезіну, «шаттық шеңберіне» тұру және топқа бөліну.

Жылы сөз, ортақ көңіл:

Күн жарығын алақанға саламын, Жүрегіме басып ұстай қаламын. Ізгі әрі нәзік, жарық, мейірімді, Болып кетер сонда дереу жан жағым.

II. Өткенді пысықтау

Мақалдың мағынасы талданып, өткен сабақпен байланыс жасалады:

Тауда туған құлынның — Екі көзі таста болар. Ашаршылықта туған баланың — Екі көзі аста болар.

Осы мақалға үндес қандай шығарма оқылғаны сұралады. Жауап: Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі.

1-топ

Бірінші бөлімнің мазмұнын айту.

2-топ

Екінші бөлімді сурет бойынша әңгімелеу.

3-топ

Қазақ халқының аштыққа душар болуының себебін талқылау.

III. Жаңа сабақ

Сабақтың жаңа бөлімі ақынның өмірі мен шығармашылығын таныстырудан басталып, «Кедей» поэмасынан үзінді арқылы мәтіндік талдауға ұласады.

«Кедей» поэмасынан үзіндімен жұмыс

Бүгінгі сабақта С. Торайғыровтың «Кедей» поэмасынан алынған үзінді оқылып, топтық тапсырмалар арқылы мағынасы ашылады.

Мәтін

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа, Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа. Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ, Туғаннан бері, міне, талай жасқа.

Топтық жұмыс

1-топ

Өлеңді мәнерлеп оқу.

2-топ

Мағынасын ашу, негізгі ойды табу.

3-топ

Өлең мазмұны бойынша әңгімелеу.

Ой қозғау: жетекші сұрақтар

1) Ақын неге «Кедей» деп атаған?

Өйткені шығармада үстінде бүтін киімі жоқ, қарны аш, байға жалданып қой баққан жалшының ауыр хәлін шынайы суреттейді.

2) «Кедей» деген кім?

Тұрмысы төмен, баспанасы мен киімі жұтаң, ішер асы тапшы адамдар.

3) Ауыр тұрмыс қалай берілген?

Ұйқысыз ұзақ түн, қасында тек иттің болуы, жыртық әрі кір киім, аштық азабы арқылы кедейдің мүшкіл халі айқын көрінеді.

Ой толғау: бүгінгі өмірмен байланыстыру

1-топ: «Қазір кедей адам жоқ»

Қазіргі қоғамда еңбек етуге мүмкіндік бар; бастысы — ерінбей, адал еңбек ету.

2-топ: «Қазіргі кезде кедей адамдар бар»

Кейбірі еңбекке құлықсыз, жалқау, өмірге сенімсіз болып, өзін-өзі дамытуға ұмтылмайды деген пікір талқыланады.

3-топ: Аштық пен кедейлік болмас үшін

  • Өзіңе сенімді болу
  • Оқу, білім алу
  • Еңбек ету

Салыстыру және қорытынды тапсырмалар

Ойтұжырым: Венн диаграммасы

Екі мәтіннің ортақ қасиеттерін анықтау:

Бейімбет Майлин

«Күлпаш»

Сұлтанмахмұт Торайғыров

«Кедей»

Ұқсастығы

Екі шығарма да аштық пен жоқшылықтың азабын тартқан, ауыр тіршіліктен қажыған кедей адамның күйін суреттейді.

Шығармашылық жұмыс

Эссе

«Жалпы өмірде кедейлер бар ма?» тақырыбында ой жазу.

Қорытынды

Кедейлікке жол бермеу үшін білімді дұрыс меңгеріп, адал еңбектенуге тәрбиелеу.

Үй тапсырмасы

Мәтінді түсініп оқу, мазмұнын әңгімелеу.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі мен жауаптарына қарай бағалау, мадақтау.

Автор туралы мәлімет

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, А. Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Майқынова Нақып Ақзановна.