Оқушы және мұғалім

ШҚО облысы, Өскемен қаласы

№32 орта мектеп, қазақ тілі мұғалімі — Амербекова А.Б.

Сайыс сабағы

«Біз қазақ тілін үйренеміз»

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың тіл байлығын арттыру.
  • Топ алдында еркін сөйлеуге, дауыс ырғағын дұрыс сақтауға, өлеңді мәнерлеп оқуға, шешендікке тәрбиелеу.
  • Тіл, Отан тақырыбындағы көркем сөздер мен толғаулар арқылы елін, жерін сүюге баулу.
  • Пәнге ынта мен қызығушылықты арттыру.

Сабақ туралы қысқаша

Сабақтың типі
Сайыс сабағы
Әдіс-тәсілдері
Сұрақ-жауап, іздендіру, әңгімелесу, мәтінмен жұмыс

Көрнекі құралдар

  • «Біз қазақ тілін үйренеміз» және «Қош келдіңіз!» жазулары
  • Карточкалар (9 әріп)
  • Кесте

Сабақтың барысы

1. Ұйымдастыру кезеңі

Құрметті мұғалімдер мен оқушылар! Сайыс сабағымызға қош келдіңіздер! Республикамыздың мемлекеттік тілі — қазақ тілі құрметіне арналған «Біз қазақ тілін үйренеміз» сайысын бастаймыз. Оқушылар ортаға шақырылады.

Өлең шумақтары

  1. Қазақ тілі

    Атаң, анаң — қуат алар,
    Отан да одан.
    Дүниеде ешбір асыл
    Тең келмейді қатар оған.

  2. Тілдің құдіреті

    Қазақ тілі жол ашты,
    Халықты танып-білуге.
    Достарды жаңа танытты
    Қол созатын білімге.

Оқушылар ұраны

  1. Мектеп — біздің анамыз, білім, тәлім аламыз.

  2. Терген білім жемісін — біздер жас ұландармыз.

  3. Керек болса ел үшін, ел қорғауға барамыз.

  4. Асыға күткен бәріміз, келді сайыс күніміз.

Сайысқа қатысатын топтар

Ортаға «Азамат» және «Ұлан» топтары шақырылады.

1-топ

«Азамат»

Отан — біздің анамыз,
Әлпештеген, өсірген.
Өмір нәрін аламыз
Оның жұпар төсінен.
Біз Отанға адалбыз,
Біз Отанды сүйеміз.
Жеңімпаз боп өсеміз,
Азамат боп өсеміз.

2-топ

«Ұлан»

Аға сыйлар ұланбыз,
Қуанамыз бұған біз.
Кішілерге қамқормыз,
Еліміздің тағдырын
Осы бастан ойлаймыз.
Ер жетеміз, жол көріп —
Біз осындай ұланбыз.

2. Тапсырмалар жүйесі

1-тапсырма

Танысу

Топтық

Әр топ өзін таныстырады (аты, ұраны, қысқаша таныстырылым).

2-тапсырма

«Мені танисың ба?»

Жылдамдық

Әріп жазылған карточка ұсынылады. Қай әріп түссе, сол әріп кездесетін сөз айту керек (барлығы — 9 әріп).

  • «Ұлан» тобы бастайды — 6 оқушы.
  • «Азамат» тобы жалғастырады — 6 оқушы.

Үзіліс

Оқушылардың әзілдері

Көңіл сергіту

1) Оқушы мен мұғалім

Оқушы: «Апай, маған қоятын екілікті Дүйсен ағама қоя салыңызшы!»
Мұғалім: «Неге?»
Оқушы: «Өйткені бұл есепті сол шығарған еді».

2) Үшті үшке қосқанда

Мұғалім: «Үшті үшке қосқанда не болады?»
Оқушы: «Екі үш болады».

3) Неге келмедің?

Мұғалім: «Кеше сабаққа неге келмедің?»
Оқушы: «Басым ауырды».
Мұғалім: «Ал бүгін неге кешігіп келдің?»
Оқушы: «Тағы да басым ауыратын шығар деп тосып қалдым».

3-тапсырма

«Қос тіл — қос қанатым»

Жұптық

Бір оқушы орыс тілінде сөйлем немесе қысқа мәтін айтады, екіншісі қазақ тіліне аударады. Әр топтан бір оқушы қатысады.

Бастау реті: «Азамат» тобы.

4-тапсырма

«Кел, танысайық»

Диалог

Әр топтан бір оқушы шығып, танысу диалогын жүргізеді.

Бастау реті: «Ұлан» тобы.

5-тапсырма

«Қазақ тілім — айбыным»

Шығармашылық

Тіл және Отан тақырыбында көркем сөз оқу немесе толғау айту. Әр топтан қатысушылар шығады.

Бастау реті: «Азамат» тобы.

Қорытындылау

Төрешілер алқасы сайыс нәтижесін шығарып, жеңімпаздарды анықтайды. Белсенді қатысқан оқушылар мадақталады.