Бала - өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі

Тақырыбы: Мен және жанұям

Бұл кештің өзегі — отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдықты, қайырымдылықты және достық қарым-қатынасты нығайту. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, сыпайылық пен ілтипаттылықты бойға сіңіру — тәрбиенің басты бағыты. Сонымен бірге балаға ұлттық тәрбие құндылықтарын танытып, елінің қамын ойлайтын, ата-анасын және жора-жолдасын қадірлей білетін азамат қалыптастыру көзделеді.

Мақсаты

  • Отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты қалыптастыру.
  • Үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, әдептілікке тәрбиелеу.
  • Ұлттық тәрбиені насихаттап, жан-жақты тұлға қалыптастыру.
  • Дамыта оқытуға негізделген тапсырмаларды ата-анамен бірлесе орындау.

Әдісі

  • Сұрақ-жауап.
  • Пікір алмасу.
  • Өз ойын көпшілік алдында еркін жеткізу.

Көрнекілігі

Төсбелгілер, үлестірмелі кестелер, даналық сөздер, компьютер, баяндамалар, плакаттар.

Түрі

Ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты күшейтуге бағытталған бірлескен кеш.

Ерекше ой

Отбасы — кішкентай ғана шағын мемлекет. Оның аты — Жанұя. Бұл «мемлекет» бақытты, тату, өнерлі, үлгілі болғанда ғана берекесі артады.

Нақыл сөздер

1. Анаң — асыл қазынаң, әкең — асқар тау.

2. Ата-ананың міндеті — тәрбиелеу және жақсылықты үйрету.

3. Бала — біздің болашағымыз.

4. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады.

5. Бала — өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі.

6. Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды.

Балаға деген махаббатқа ешбір махаббат теңесе алмайды. Ол — адам өмір бойы сусындайтын махаббат.

Ғабиден Мұстафин

Кештің барысы

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, шәкірттер! Бүгін біз керемет, ғажайып әлемге саяхат жасаймыз. Қалай ойлайсыздар, ол қандай әлем болуы мүмкін?

Ол — бір өзі кішкентай ғана шағын мемлекет. Ал ол мемлекеттің аты — Жанұя. Бүгінгі басқосуымыз осы «мемлекет» туралы өрбиді: отбасы қандай болуы керек? Бақытты, тату, өнерлі, үлгілі.

Сонымен, ата-ана мен бала бірлескен «Мен және жанұям» атты кешімізге қош келдіңіздер.

Өлең жолдары

Жақсыдан жаман туады,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан жақсы туады,

Адам айтса нанғысыз.

Тәрбиелік өзек

Отбасы — адамзат бесігін тербеткен қасиетті ұя, ал баланың ең алғашқы ұстазы — ата-ана. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық отбасылық тәрбиенің маңызын айқын көрсетеді. Бала қыран болу үшін, оны самғататын ата да, әке де қырандай биік болуы керек.

Ата-ана орны

Әр отбасында ата-ананың орны бөлек: бала әкеден — ақыл, анадан — мейірім алады. Әке — отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі. Ана — отбасының ұйытқысы, жылуы мен шуағы. Жақсы ана үйге береке дарытып, жанұясын бақытқа бөлейді.

«Бала — адамның бауыр еті» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан әр ата-ана баласының білімді, мәдениетті, тәртіпті, әдепті болғанын қалайды. Бала — өмірдің жалғасы, көз қуанышы, шаңырақ иесі. Қай халық болса да үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді.

Тәрбиенің бастауы — ата-бабадан қалған ақыл-өсиет пен даналық сөздер. Кештің ашылу құрметіне «Анашым» әні орындалады.

Сайысты бастау

I стратегия: топқа бөлу. Сайысқа қатысатын оқушылар I топ — «Ұландар» дөңгелек үстеліне жайғасады. Ата-аналар II топ — «Ардақтылар» үстеліне отырады. III топ — әділқазылар. Әділқазылар құрамына бір оқушы ата-анасымен бірге қатысады.

«Ұландар» тобына

Балам менің бал бөбегім,

Өмірімнің жалғасы.

Ол үшін мен ой толғанам,

Шегінбе, сен қалмашы.

«Ардақтылар» тобына

Ей, ардақтылар ата-аналар,

Келші бүгін жарысайық.

Біздерменен бақ сынасып,

Әперші ұпай өз балаңа.

Әділқазылар тобына

Әділқазы болды менің,

Досым ата-анасымен.

Сендік саған, жан жолдасым,

Әділдікпен бағалашы.