Қатаң дауыссыз дыбыстар

Қазақ тілі • 3-сынып

И, й, у әріптерінің жазылуы

Бұл сабақ — 2-сыныпта өткен білімді еске түсіріп, бекітуге арналған қайталау сабағы. Негізгі назар и, й, у әріптерінің жазылу ерекшеліктеріне және олардың сөз ішіндегі қызметіне аударылады.

Сабақтың мақсаты

  • 2-сыныпта алған білімді еске түсіріп, и, й, у әріптерінің жазылуын қайталау; и және у дыбыстарының кейде жуан, кейде жіңішке айтылу себептерін анықтау.
  • Оқушылардың сауаттылығын және сөйлеу мәдениетін дамыту.
  • Адамгершілікке, әділдікке, бірін-бірі әділ бағалай білуге тәрбиелеу.

Сабақтың типі

Қайталау сабағы

Көрнекіліктер

Сызбалар, карточкалар, суреттер

Әдіс-тәсілдер

  • Венн диаграммасы
  • Топтастыру
  • Семантикалық карта
  • Топпен жұмыс

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі: қызығушылықты ояту

Оқушылар топтарға бөлініп отырады. Оқушылар санына сәйкес кеспе әріптер дайындалады: дауыстылар (жуан, жіңішке) және дауыссыздар (қатаң, ұяң, үнді). Әріптер үстел үстіне теріс қаратып жайылып қойылады.

II. Қайталау

Әр оқушы бір әріптен алып, дыбыстың түріне сәйкес өз тобына барып отырады. Тақырыптар бойынша өткен материал қайталанады.

1-топ: Жуан дауысты дыбыстар

Берілген әріптерді қатыстырып жуан айтылатын сөздерге мысал келтіреді және жуан айтылу себебін түсіндіреді.

2-топ: Жіңішке дауысты дыбыстар

Берілген дыбыстарды қатыстырып жіңішке айтылатын сөздерге мысал келтіреді және жіңішке айтылу себебін түсіндіреді.

3-топ: Қатаң дауыссыз дыбыстар

Бірнеше сөз тауып, олардың ішіндегі қатаң дауыссыздарды анықтайды және неге қатаң екенін түсіндіреді.

4-топ: Ұяң дауыссыз дыбыстар

Мысал сөздердегі ұяң дыбыстарды анықтап атайды.

5-топ: Үнді дауыссыз дыбыстар

Мысал сөздердегі үнді дыбыстарды анықтап атайды.

Негізгі назар

Мұғалім дыбыстардың ішінен и, й, у дыбыстарына арнайы тоқталып, 2-сыныпта өткен ережелерді еске түсіреді. Одан кейін топтарға тапсырмалар беріледі.

Топтық тапсырмалар

1-топ тапсырмасы: И және й әріптері бар сөздер

Бағандарды салыстырып, айырмашылықтарын табыңдар:

киін — кейін

қима — қайық

тиме — түйме

сиыр — сойыл

биле — бейне

жина — жайна

Күтілетін қорытынды

  • Й — дауыссыз дыбыс; көбіне дауысты дыбыстан кейін жазылады.
  • И мен й дыбыстарының жуан не жіңішке айтылуы сөздегі дауыстыларға байланысты.
  • И буын құрайды, ал й буын құрамайды.

Егер қорытынды толық шықпаса, мұғалім жетекші сұрақтар арқылы бағыттайды.

2-топ тапсырмасы: Й әрпі сөз басында келе ме?

«Й әрпі дауысты дыбыстан кейін жазылады» деген ережеге қарамастан, й әрпінен басталатын сөздер бар ма? Мысалдар: йод, йогурт, Йемен. Бұл сөздердің шет тілдерінен енгені түсіндіріледі.

Тапсырма: жазылуы мен айтылуын салыстыр

Жазылуы Айтылуы
Биыл быйыл
Киім
Оқиды
Жиын

Қорытынды: и дыбысының алдында ы немесе і дыбысы естіледі, бірақ жазылмайды.

3-топ тапсырмасы: «сый», «тый» сөздерінен тарайтын сөздер

«Сый», «тый» сөздерінен қандай сөздер тарайды? Бұл сөздер қай ережеге бағынбайды? Бірнеше мысал жазыңдар.

Сый →

  • сыйла
  • сый (негізгі сөз)

Тый →

  • тыйылды
  • тый (негізгі сөз)

4-топ тапсырмасы: У дыбысының айтылуы бойынша жазу

Келесі сөздерді айтылуы бойынша жазыңдар:

Жазылуы Айтылуы
жу жұу
келу келіу
тасу
желпу
уәде
уақыт

Күтілетін қорытынды

у дыбысы көбіне дауыссыз дыбыстан кейін келеді. Сөздің жуан-жіңішкелігіне қарай ыу немесе іу болып айтылады.

5-топ тапсырмасы: Буынға бөлу және у дыбысын анықтау

Сөздерді буынға бөліп, у дыбысының дауысты ма, әлде дауыссыз ба екенін анықтаңдар:

Уыз

Ауыз

Қауын

Астау

Қыстау

Жусан

Уақыт

Умаждады

Уілдеу

Күтілетін қорытынды

у дыбысы дауыстыдан кейін келгенде — дауыссыз, ал дауыссыздан кейін және сөздің басында келгенде — дауысты дыбыс қызметін атқарады.

Әр топ өз тапсырмасы бойынша мысалдарын айтады. Осы кезеңде «мағынаны тану» жұмыстары жүргізіледі.

III. Бекіту

Венн диаграммасы: и және й әріптерін салыстыру

1-жаттығудан кейін әр топ Венн диаграммасын толтырады, талқылайды. Соңында сынып болып бірлесіп тақтада ортақ диаграмма құрастырылады.

И

  1. Дауысты дыбыс.
  2. Дауыссыз дыбыстан кейін жазылады.
  3. Сөздің басында жиі кездеседі.
  4. Буын құрайды.
  5. Айтылуында и дыбысының алдында ы/і естілгенімен, жазылмайды.
  6. Тек «тый», «сый» сөздерінде ы әрпі жазылады.

Й

  1. Дауыссыз дыбыс.
  2. Әріптік таңбасы бар.
  3. Сөз ішінде жиі кездеседі.
  4. Сөздің басында, ортасында, соңында келе алады.
  5. Көбіне дауысты дыбыстан кейін жазылады.
  6. Шет тілінен енген сөздерде ғана сөз басында кездеседі.
  7. Буын құрамайды.

2-жаттығу: «сый», «тый» сөздерінен тараған сөздер

«Тый», «сый» сөздерінен таралған сөздерді қай топ көбірек жазатынын анықтау үшін жарыс ұйымдастырылады. Топтастыру стратегиясы қолданылады.

Сый

Тараған сөздерді жазу

Тый

Тараған сөздерді жазу

3–4-жаттығулар: у дыбысының қызметі

Жаттығулар арқылы оқушылар у дыбысының дауысты/дауыссыз болу себептерін, сондай-ақ кейде жуан, кейде жіңішке айтылуын анықтайды. Берілген сөздерге у әрпін жалғағанда ы және і дыбыстарының түсіп қалатынын байқайды.

5-жаттығу: й әрпі бар кірме сөздер

Оқушылар й әрпі сөз басында келетін шет тілінен енген сөздермен танысады, оларды дұрыс жазуға жаттығады.

Ой толғаныс: семантикалық картамен жұмыс

Семантикалық картаны «+» және «−» таңбаларын қою арқылы толтыру ұсынылады.

IV. Бағалау

  • Топтық бағалау.
  • Оқушыларды жеке бағалау.

V. Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы сабақ соңында нақтыланып беріледі.