Дуэт - толық үндестікпен орындайтын екі адамға арналған шығарма

Сабақ туралы мәлімет

Өңір, аудан, мектеп
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Еңбек негізгі мектебі
Пән мұғалімі
Ыбраева Айман Амалбекқызы
Сабақ түрі
Ән кеші

Тақырыбы

«Әнші қарлығаштар»

Мақсаты

  • Оқушылардың алған білімдері мен үйренген әндерін көпшілікке ұсыну.
  • Ән айтуға қызығушылығын арттыру.
  • Дауыс диапазонын дамыту.
  • Сахна мәдениетіне баулу.

Көрнекілігі

Домбыра аспабы, нақыл сөздер, музыкалық аппаратура, ән авторларының суреттері, өмірі мен шығармалары туралы ақпараттар.

Сабақтың барысы

  1. 1) Ұйымдастыру

    Мұғалімнің кіріспе сөзі.

  2. 2) Музыкалық терминдер

    Термин сөздерге анықтама беру.

  3. 3) Ән авторларымен таныстыру

    Композиторлар мен ақындардың өмірі, шығармалары туралы қысқаша мәлімет.

  4. 4) Үйренген әндерді орындау

    Жеке, дуэт, трио, квартет және хор орындаулары.

Жүргізушінің кіріспесі

Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Жердің сәні — жеміс, өнім, дақылы; адамның сәні — өнер, білім, ақылы» демекші, мектебіміздің өнерпаз балаларының «Әнші қарлығаштар» кешіне қош келдіңіздер!

Мотивациялық ояту

Жүргізуші: Балалар, күн болмаса, айнала қандай болар еді?

Балалар: Қараңғы, суық, т.б.

Жүргізуші: Олай болса, күнге ризашылығымызды білдірейік! Көңіл күйімізді көтеріп, әсем әндерімізді шырқайық!

Барлығы бірге (гүл ұстап)

Қуанамын мен де, қуанасың сен де,
Қуанамыз бәріміз арайлап атқан күнге!

Ескерту: жүргізуші оқушылардан гүлдерді жинап алып, қонақтарды топқа бөледі. Кеш соңында қонақтар «әнші қарлығаштардың» өнеріне ризашылықтарын білдіреді.

Өлең жолдары (оқушылар кезекпен)

1) Кел, достар, бастайық,
Бастайық ән кешін.
Қызықтан бос қалып,
Еш бала жүрмесін.

2) Құрметпен көп тосқан
Келіпті қонақтар.
Келіңдер, кел, достар,
Қазір ән айтамыз!

3) Ал, тура қараңдар,
Жақсы ән, күй келсін.
Білмейтін балалар
Білгеннен үйренсін.

4) Абай, Жамбыл, сал Біржан
Домбырамен ән салған.
Жүрегіңді жандырған,
Естіген ел тамсанған.

5) Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй!

Жүргізуші

Мектептің әдемі ғой әр сабағы,
Қызық-ау, әсіресе ән сабағы.
Шарипа — Шара болып би билесе,
Күлипа — Күләш болып ән салады.

Бәріміз бұл сабақта тамашамыз,
Үкілі бөрік киіп жарасамыз.
Апайға ән үйреткенге риза болып,
Үйді-үйге өлең айтып тарасамыз.

Музыкалық ұғымдар және орындаулар

Жеке орындаушы

Жеке орындаушы — музыкалық шығарманы бір өзі орындайтын әнші.

«Ана туралы жыр» әнін орындауға Бекжанды қошеметпен шақырамыз.

Әннен кейін сұрақ: «Қай әншіге ұқсап жеке орындауда ән шырқағың келеді?» Орындаушы өз ойын айтады.

Дуэт

Дуэт — толық үндестікпен орындайтын екі адамға арналған шығарма. Термин итальян тіліндегі duetto және латынша duo — «екі» деген мағынаны білдіреді. Дуэт екі адамның қосылып, екі дауыста немесе екі түрлі/бірдей аспапта орындауы болуы мүмкін.

«Аруана» әнін Сымбат пен Азиза орындайды. Қарсы алайық!

Әннен кейін сұрақ: «Эстрада жұлдыздары арасынан қандай дуэт топтарды білесіңдер?» Орындаушылар өз ойларын айтады.

Трио

Трио — үш орындаушыдан құралған әншілер тобы (итальянша trio, tre — «үш»).

М. Шахановтың сөзіне жазылған Ш. Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін Дамир, Әлішер, Әли орындайды.

Әннен кейін сұрақ: «Қай топтардың орындауындағы әндерді көбірек тыңдайсыңдар?» Орындаушылар пікір білдіреді.

Квартет

Квартет — төрт орындаушыдан құралған әншілер тобы (итальянша quartetto — «төрттік»).

Абай атамыз еңбекті, білім мен өнерді, татулық пен бірлікті жырлаған. «Көзімнің қарасы» әнін Аяулым, Аружан, Нұрболат, Мейіржан орындайды.

Әннен кейін сұрақ: «Алдағы уақытта топ құрсаңдар, оған қандай атау берер едіңдер?» Орындаушылар өз ойларын айтады.

Хор

Хор (грек. choros) — көп дауысты болып орындау үшін құрылған әншілер ұжымы.

А. Шамкеновтың сөзіне жазылған Ә. Еспаевтың «Ұстазым менің» әнін орындауға хор ұжымын шақырамыз.

(Хор орындалады.)

Қонақтармен байланыс

Гүлдер бойынша топқа бөлінген қонақтар әр әншіге тілек-ниеттерін білдірсе деймін. Құрметті қонақтар, өз заманыңызда ең көп айтылған әндерді еске түсіріп, бөліссеңіздер де болады.

(Қонақтардың пікірлері мен тілектері үшін орын.)

Қорытынды ән және марапат

Ортақ орындау

Ел арасында танымал болып, 2 айда 3 млн 28 мың адам тыңдаған «Алло, бұл кім?» әнін бәріміз жатқа білеміз. Ендеше қыздар және ұлдар тобы болып бөлініп, әнді бірге шырқайық!

(Әншілерге жаңа әндер топтамасы сыйға таратылады.)

Жүргізушінің қоштасу сөзі

Өнер қарлығаштары ән аспанында қалықтай берсін!
Ән кешімізге келіп, тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!
Жүздескенше!