Жанды сұрақ

Сабақ туралы мәлімет

Қарағанды қаласы, №21 негізгі мектеп. Физика және информатика пәндерінің мұғалімі — Қонақбаева Береке Салтанатовна.

Сабақтың тақырыбы: «Тұрақты электр тоғы» тарауын қайталау.

Сабақ түрі: қайталау және меңгерту. Сабақ типі: ойын-сабақ.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

«Тұрақты электр тоғы» тарауы бойынша оқушылардың білім деңгейін анықтау.

Дамытушылық

Логикалық ойлауды дамыту; қарым-қатынасты нығайту; үлгерімі төмен оқушыларды белсенді қатыстыру; сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Тәрбиелік

Тапқырлықты, ынтаны, ойлау белсенділігін арттыру.

Сабақтың құрылымы (ойын элементтерімен)

  1. 1 Сұрақ–жауап (тақырыпты қайталау)
  2. 2 Үй тапсырмасын тексеру (шығармашылық тапсырма)
  3. 3 «Кім жылдам?» (формула, белгілеу, өлшем бірліктері)
  4. 4 «Орнына қой» (аяқталмаған тұжырымдарды толықтыру)
  5. 5 Эксперименттік жұмыс (тізбектерді құрастыру)
  6. 6 «Ғалымдар тақтасы» (танымдық сұрақтар)
  7. 7 Ой толғаныс (өлең жолдарын құрастыру)
  8. 8 Есеп эстафетасы (шапшаң есеп шығару)
  9. 9 Тест және қорытындылау

Ереже және бағалау

  • Жауап нақты әрі жылдам болуы тиіс.
  • Бірінші болып қол көтерген топ жауап береді.
  • Әр сұрақ үшін 1 балл беріледі.

Ұйымдастыру кезеңі

Топқа бөлу

Сынып оқушылары екі топқа бөлінеді: «Кернеу» және «Кедергі».

«Шаттық шеңбері»

Оқушылар қол ұстасып, бір-біріне жылы лебіз айтып, сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастырады.

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге.

1) Сұрақ–жауап: «Тұрақты ток» тарауын қайталау

Негізгі сұрақтар

  1. Электр тогы дегеніміз не? — Еркін заряд тасымалдаушылардың реттелген қозғалысы.
  2. Ток күші деп нені айтады? — Өткізгіштің көлденең қимасы арқылы белгілі бір уақыт ішінде өтетін заряд мөлшерінің сол уақытқа қатынасы.
  3. Ом заңы қалай тұжырымдалады? — Тізбектің бөлігіндегі ток күші кернеуге тура, кедергіге кері пропорционал.
  4. Асқын өткізгіштік дегеніміз не? — (Оқушы жауабы: белгілі шартта кедергі нөлге жуықтайтын құбылыс.)
  5. Қуаттың өлшем бірлігі қандай? — Вт.
  6. Қысқа тұйықталу дегеніміз не? — Тоқ көзінің ұштары кедергісі өте аз өткізгіш арқылы тікелей қосылып қалуы.
  7. Тізбектегі I, U, R арасындағы байланысты тағайындаған кім?
  8. 10 кОм неге тең?
  9. Меншікті кедергінің өлшем бірлігін ата.
  10. R әрпінің математикалық және физикалық мағынасы қандай?
  11. Үйде электр тогын өлшейтін құрал қандай?
  12. «Керуен» сөзін физикалық шамаға айналдыр (дыбыстық ұқсастық арқылы).

2) Үй тапсырмасын тексеру: шығармашылық тур

«Ақын жанды болмаған адам физик те бола алмайды» қағидасына сүйене отырып, оқушылар I, U, R заңдылықтарын шығармашылық форматта ұсынды: өлең, ертегі, шағын шығарма немесе рөлдік көрініс.

1-топ: өлең («Ток күші»)

Ток күші, сенің арқаң өмір сүргеніміз,
Сабақ оқып, кір жуып, кино көргеніміз.
Бағаң өссе де қымбаттап,
Қиналсақ та уақытында төлейміз біз.

Елімнің жетістігі сенің арқаң,
Егініме нәр беріп, даламды дархан қылғансың.
Сөнбеген шамды жарқыратып,
Біздің шырағымыз болғансың.

2-топ: ертегі (Ампер, Вольт, Ом)

Ерте заманда Электр деген хан болыпты. Ол кезде электр энергиясы әлі кең таралмаған еді. Ханның үш баласы болыпты: үлкені — Ампер, ортаншысы — Вольт, кішісі — Ом. Балалары ержеткенде, хан оларды жинап, электростанция құру жоспарын талқылайды. Ампер мен Вольт іске бірден кіріседі, ал Ом келіспейді: станция найзағайдың күшін көп тартатындықтан, халыққа қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды. Бірақ ағалары оны тыңдамай, станцияны іске қосады. Ел жарық пен жылуға қол жеткізіп, Ампер мен Вольтке алғыс айтады. Ом біраз жыл реніште жүреді. Кейін Ампер мен Вольт басқа елдерге ток сатуды ойлап, найзағайдан алынатын қуатты арттыра түседі. Вольт кернеуді тұрақтандыру тетігін қолдануды ұсынса да, Ампер асығыстық жасап, тыңдамайды. Нәтижесінде, жауынды күні найзағай станцияға түсіп, қозғалтқыштар істен шығады: жүйеде кедергі пайда болып, апат орын алады. Содан бері ел ішінде Ампер — ток күші, Вольт — кернеу, Ом — кедергі деп аталып кетіпті.

3) «Кім жылдам?» — белгілеу және өлшем бірліктері

Оқушылар берілген шамалар үшін белгіленуі мен өлшем бірлігін тез әрі дәл табады.

Физикалық шама Белгіленуі Өлшем бірлігі
Ток күші I А
Кернеу U В
Кедергі R Ом
Меншікті кедергі ρ Ом·м
Заряд q Кл
Жұмыс A Дж
Электр қозғаушы күш ε В

4) Эксперименттік жұмыс

Әр топқа құрал-жабдықтар беріліп, тізбек құрастыру тапсырмасы орындалады.

«Кернеу» тобы: тізбектей жалғау

Тапсырма: тізбекті тізбектей жалғап, өлшеулер жүргізу.

  • Тоқ көзі
  • Амперметр
  • Вольтметр
  • Кілт
  • Қыздыру шамы

«Кедергі» тобы: параллель жалғау

Тапсырма: тізбекті параллель жалғап, өлшеулер жүргізу.

  • Тоқ көзі
  • Амперметр
  • Вольтметр
  • Кілт
  • Қыздыру шамы

5) «Ғалымдар тақтасы»

Тақырыпты өмірмен және ғылым тарихымен байланыстыратын қысқа сұрақтар:

  1. 1827 жылы ток күшінің кернеу мен кедергіге тәуелділік заңын ашқан ғалым — Г. Ом.
  2. Электр тогы ұғымын ғылымға алғаш енгізген француз ғалымы — А. Ампер.
  3. 1785 жылы вакуумдегі нүктелік зарядтардың өзара әрекеттесу заңын тәжірибе жүзінде дәлелдеген — Ш. Кулон.
  4. Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан — И. Ньютон.

6) Ой толғаныс

«Бес жолды өлең» стратегиясы бойынша мысал (оқушылармен бірлесіп құрастыруға болады):

1-қадам

Не? — сұйық

2-қадам

Қандай? — ақ, пішінін сақтамайды

3-қадам

Не істейді? — ағады

4-қадам

Анықтамасы — ақ түсті, пішінін сақтамайды, көлемін сақтайды

5-қадам

Түйін сөз — аққыштық қасиет

7) Сергіту сұрақтары

1

Ток күшінің бірлігі қандай?

2

Параллель және тізбектей жалғаудың айырмашылығын ата.

3

Джоульмен (Дж) өлшенетін шама қандай?

4

Кернеуді өлшейтін құрал қалай аталады?

5

«Тұрақты ... ток» сөйлемін толықтыр.

Қорытындылау және үй тапсырмасы

Қорытындылау

Сабақ соңында тест тапсырмалары орындалып, оқушылардың белсенділігі мен жауаптарының дәлдігі бойынша бағаланады.

Үйге тапсырма

  • №6 үйде орындалатын эксперименттік тапсырма (152-бет)
  • 22-жаттығу, 6-есеп (154-бет)