Қазақстан ежелден, Алуан гүлдер жапқан бақ
Гүл – ғажайып дүние
Сынып оқушыларына гүл түрлері, сәндік және үй өсімдіктерін өсіру, баптау, күту, гүлдердің ерекшеліктері мен мекен ету ортасы туралы мағлұмат беру мақсатында «Гүл – ғажайып дүние» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім.
Кіріспе ой
Тәрбие сағаты сынып жетекшісінің кіріспе сөзімен басталды. Табиғаттың бөлінбес бөлігінің бірі — өсімдік. Өсімдік адам баласы үшін ішсе — тамақ, кисе — киім, жақса — отын, малына — өріс, өзіне — қоныс болған.
«Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Көкті жұлма, көктей соларсың» деген даналық сөздер — өсімдікті қадірлеу мен қастерлеуден туған.
Гүл — дүние көркі. Гүлдердің де біз сияқты «жаны бар» деп қабылдайтын сәттеріміз болады: олар адамның көңіл күйіне әсер етіп, қоршаған ортаға әсемдік пен жағымды әсер сыйлайды. Әр адамның сүйікті гүлі бар. Мерекелерде, туған күндерде, қуанышты сәттерде гүл сыйлау — құрметтің белгісі. Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатымыз гүлдер әлеміне арналды.
Сынып жетекшісінің сөзінен кейін «Гүл — табиғат байлығы» тақырыбындағы бейнематериал тамашаланды.
Оқушылардың ой-толғауы
1-оқушы
Табиғат — бүкіл тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұя бесігі. Адам үшін табиғат — ең қасиетті де қастерлі ұғым. Қазақ халқының өмірі табиғатпен тікелей байланысты. Сұлу табиғатты көзбен көріп, жанмен сезіп, сол қалпында сүйе білу — үлкен ләззат.
2-оқушы
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға еліріп.
Азалы аң көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Абай бабамыз айтқандай, көктем келсе қар ериді, табиғат түрленеді, тіршілік жанданады.
3-оқушы
Халқымыздың табиғат жөніндегі ой-пікірлері табиғат құбылыстарымен үндесіп жатады. Бұл сарын Шәкәрім бабамыздың өлеңдерінен де көрінеді:
Шымды жерде көресіз қара топырақ,
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылынса,
Жан кіріп, шөп шығады, гүл жапырақ.
4-оқушы
Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер,
«Жайнар кезім келді» деп,
Қанаттарың желбіреп,
Таңмен бірге оянып,
Күн нұрына боянып,
Көрік бердің далаға.
Т. Молдағалиев
5-оқушы
Гүлдер, гүлдер не түрлі,
Құлпырды да жетілді.
Барлық дала өртеніп,
Бара жатқан секілді.
Өрт дегенім — гүл екен,
Отқа ұқсап тұр екен.
Лүпіл қағып жүрегім,
Үзіп алдым біреуін —
Сыйлайын деп анама.
Т. Молдағалиев
Осы тұста сыныптағы қыз балалар гүл бейнесінде киініп, ұл балалар оларды көпшілікке таныстырды.
Көктем гүлдері: таныстыру және мағына
Бәйшешек
6-оқушының таныстыруы
Көктемнің көрікті гүлдерінің бірі — бәйшешек. Кейде оны қарғалдақ деп те атайды. Биіктігі шамамен 15 см. Ерте көктемде, наурыз айының басында көктеп, бүршік жарады.
7-оқушының өлеңі
Мен боламын қырларында текеметтің,
Көктемге алғаш көрік әперетін.
Бәйшешекпін, көктесем қар астында,
Қыс ызғарын қаймықпай көтеретін.
Ыдырады мұз бен қар —
Мен шыққан соң сыналып.
Ала бұлттан жұлдыздар
Қарағандай сығалап.
Аз өмірдің өзінде
От-жалын боп лауладым.
Соғылған дер кезінде
Күміс қоңырауларым.
Елемедім ызғарды,
Күнге күліп қарадым.
Қызықтырып қыздарды,
Гүлге негіз қаладым.
Оразақын Асқар
Қызғалдақ
8-оқушының таныстыруы
Қызғалдақ — лалагүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік. «Тюльпан» атауы түрік тілінен тараған: бас киім мағынасын білдіретін «тюрбан» сөзімен байланыстырылады.
Ұзақ уақыт бойы қызғалдақтың отаны — Голландия деп саналып келді. Алайда 2001 жылы Алматы қаласында «Қызғалдақ және адам» атты халықаралық фестиваль өтіп, онда қызғалдақтың бірінші отаны — Қазақстан, ал екінші отаны — Голландия екені айтылды.
Фестивальден айтылған ой
Нидерланд елінің ханшайымы Беатрис Елбасымызбен кездесуде: Ұлы Жібек жолы Еуропа мен Азияны жалғастырса, қызғалдақ Қазақстан мен Голландияны және өзге елдерді жалғастырды. Ұлы Жібек жолы кезеңінде қызғалдақтың әлемге таралғаны дәлелденіп отыр. Сондықтан қызғалдақтың отаны — Қазақстан екенін әлем мойындап отыр, — деген болатын.
9-оқушының өлеңі
Кім білмес қыр аруы қызғалдақты,
Өң беріп көркейтеміз әрбір бақты.
Сәні деп өмірінің, көңілінің,
Сый етіп, мені жігіт қызға арнапты.
Қызыл ғалдақ, ақ ғалдақ,
Қолда бар не мақталмақ.
Қазақстан ежелден,
Алуан гүлдер жапқан бақ.
Ұқсайды оған қоңырау,
Әркімге тиіс ол ұнау.
Құрта алмады сан таптап,
Қазақпенен оны жау.
Кең төсінен даланың,
Сыйлар шаттық, маған мұң.
Қорғап тамған деп қалам,
Қаны ма ата-бабамның?
Жұмыртқа ма, жүрек пе?
Шам ба жанған түнекте?
Ұрпақтарым, қастерле,
Гүліңді де жүдетпе.
Біздерде алуан бар ғалдақ,
Шығады ерте қарсалдақ.
Шетел алып байыпты,
Қалмайық біздер тал қармап.
Шетелге пайда пұл болып,
Құлпырды алуан түрге еніп.
Қымбаттап ата мекенге,
Оралман гүл боп жүр келіп.
Оразақын Асқар
Інжугүл
10-оқушының таныстыруы
Інжугүл — лалагүлділер тұқымдасына жататын өсімдік. Оның хош иісі мен көз қуантар әдемі гүлдері кез келген жанды бейжай қалдырмайды. Айтуларынша, мамыр айының алғашқы күндері Париж қаласы інжугүлге малынып кететін көрінеді. Бұл күнді «Інжугүл күндері» деп мерекеге айналдырған.
Музыка әлеміндегі ізі
Атақты сазгер П. И. Чайковский: «Мен інжугүлді гүлдер патшасы деп білем», — деген екен. Қызығы, ол сүйікті гүліне арнап музыка емес, өлең жазған. Ал сол сөзге сазгер А. С. Аренский әннің музыкасын шығарған.
Қазақстандағы таралуы
Халық арасында «дем беруші», «шабыт беруші» аталған інжугүл Қазақстанда негізінен Орал өңірінде өседі.
Қорытынды
Бұл тәрбие сағаты оқушылардың табиғатқа сүйіспеншілігін арттырып, өсімдікті күту мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Гүл — тек әсемдік емес, ол — тәрбие, талғам және табиғатқа жауапкершілік.