Қаз - қаз балам, қаз балам

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты

Тақырыбы

Отбасы мерекесі: Тұсау кесу.

Мақсаты

Қазақтың салт-дәстүрімен таныстыру.

Сөздік

  • Отбасы
  • Тұсау кесу
  • Той
  • Салт-дәстүр

Міндеттері

Отбасы мүшелерін атай білуге үйрету.

Балалардың сөздік қорын, есте сақтауын және танымдық қабілеттерін дамыту.

Ойын анық әрі толық жеткізуге жаттықтыру.

Үлкендерді құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Сабаққа қажетті материалдар алдын ала дайындалады.

  • Отбасы мүшелерінің суреттері мен фотосуреттер
  • Екі-үш түсті тұсаукесер жібі (ақ, жасыл, қызыл)
  • Қайшы
  • Асықтар
  • Ақ мата
  • Тақырыптық суреттер мен заттар

Қатысушылар

Тұсау тойының көрінісіне қатысатын рөлдер:

Балалар

Ұлттық киім киеді, ойындарға қатысады, тілектер айтады.

Тұсауы кесілетін бала

Алғашқы қадамын жасап, ақ жолмен жүреді.

Тұсау кесуші әже

Бата беріп, жіпті кесу рәсімін орындайды.

Тойға шақырылғандар

Қуанышқа ортақтасып, игі тілектер білдіреді.

Сабақтың барысы

I. Сәлемдесу

Хош келіпсіз біздерге,
Сәлем бердік сіздерге.

Ойын: «Өзіңді таны»

Мақсаты: балалардың сөздік қорын байыту, отбасы мүшелерін дұрыс атау, ойын толық әрі түсінікті жеткізуге үйрету.

Тәрбиешінің сұрақтары

  • Бұл фотосуретте кімдер бейнеленген?
  • Кім өзін таныды?
  • Суретте сендер қайдасыңдар?
  • Бір сөзбен қалай айтамыз?

Балалардың үлгі жауаптары

Менің отбасымда төрт адам бар: әкем, шешем, ағам және мен.

Менің отбасымда үш адам бар: әкем, шешем және мен.

Мерекелер туралы әңгіме

Тәрбиеші: Қандай мерекелерді білесіңдер?

Балалар: Жаңа жыл, 8 наурыз және т.б.

Тәрбиеші: 8 наурыз кімнің мерекесі?

Балалар: Әжелердің, аналардың, қыздардың мерекесі.

Тәрбиеші: Мерекені қандай көңіл-күймен қарсы аламыз?

Балалар: Қуанышты, жақсы көңіл-күймен.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бүгін біз бұрын таныс болған дәстүрлерді еске түсіріп, жаңа дәстүрмен танысамыз.

II. Салт-дәстүрлермен жұмыс

Көрсетілім

Тәрбиеші тақтадағы суреттерге назар аударады: қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу.

Дидактикалық ойын: «Заттарды дұрыс орналастыр»

Балалар екі топқа бөлінеді:

1-топ

«Қырқынан шығару» дәстүріне қажетті заттарды таңдап, суреттің қасына орналастырады.

2-топ

«Бесікке салу» дәстүріне қажетті заттарды таңдап, суреттің қасына орналастырады.

«Бесікке салу» үшін керек заттар

  • Бесік
  • Майшам
  • Пышақ
  • Жастық
  • Көрпе

«Қырқынан шығару» үшін керек заттар

  • Леген
  • Су
  • Қасық
  • Қайшы (кей жағдайда)

Барлығын топтастырып қойған соң, тәрбиеші қайшы мен түрлі түсті жіптердің қалып қойғанын байқатады. Бұл заттар қажет, бірақ басқа рәсімге қатысты. Осылайша балалар бүгінгі жаңа дәстүр — тұсау кесумен танысатынын түсінеді.

Тұсау кесу: мәні мен мақсаты

Отбасының ең үлкен қуанышының бірі — сәби.

Сәби алғаш қадам басқанда тұсау кесу рәсімі жасалады.

Рәсімнің мақсаты — бала жүрісі шапшаң, жолы ашық болсын деген ниет.

Көрініс: әженің келуі

Топқа әже мен бала кіреді. Балалар әжемен амандасады. Әже келген қонақтарға жылы лебізін білдіреді.

Бата сұрау

«Ауыл әжесі, өзіңізден тұсаукесер батасын сұраймыз», — дейді тәрбиеші. Балалар қол жайып отырады.

Әженің батасы (үлгі)

Ей, жаратқан, тілегімізді қабыл ала гөр!
Жас ұрпақ ғұмырлы болсын,
Қуанышты, көңілді болсын,
Ақылды, зерделі болсын,
Абыройлы, беделді болсын,
Елінің қамқоры болсын,
Мәртебесі биік болсын,
Не тілесе, тілегі қабыл болсын!
Әрбір қадамы сәтті болсын!
Әумин!

Бәрі: «Әумин» деп бет сипайды.

Түстердің мағынасы

Әже тұсаукесерге арналған жіпті алдын ала дайындағанын айтады:

Ақ жіп

Адалдыққа бастасын.

Жасыл жіп

Ғұмырлы, өсіп-өркендеген азамат болсын.

Қызыл жіп

Молшылық пен берекесі артсын.

Арнайы ақ жол төселеді, әуен қосылады.

Тұсау кесу рәсімі

Тәрбиеші жүріс-тұрысы, ақыл-парасаты және көргенділігімен үлгі болатын әжені тұсау кесуге шақырады.

Әже: «Бисмиллә ир-рахман ир-рахим. Аяғыңның орасы қашық болсын, өмірде сүрінбей өт. Ырысты бол! Қайшыны әкеліңдер».

«Балапаным, Құдай жақсылықтан айырмасын. Жақсы ісіңмен бақытқа жет!» — деп, тұсауын кеседі.

Тақпақ

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.

Балалар тақпақты қайталап, сәбиге ақ жол тілейді.

Той ойыны: «Ханталапай»

Той барысында балалар асықпен «Ханталапай» ойынын ойнайды. Жеңімпаз бала сәбиге тілек білдіреді.

III. Қорытынды

Сұрақ-жауап

  • Бүгін қандай дәстүрмен таныстық? — Тұсау кесу.
  • Тұсау кесу дәстүрі не үшін өткізіледі? — Бала тез жүріп кетсін деп.
  • Қандай түсті жіптер қолданылды? — Ақ, жасыл, қызыл.
  • Тұсауын кім кесті? — Әже.

Әженің тілегі

«Өркендерің өссін, қарақтарым. Менің балам да сендердің орталарыңда дені сау болып өсіп, ел тілегін өтей алатындай дәрежеге жетсін», — деп әже ақ батасын береді.

Соңында шашу шашылып, қатысушылар қоштасады.