Жағдаяттарды талқылау

Кіріспе

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы. Тренинг жүргізушісі: Боранбаева Света.

Тақырып: «Өмір — мен сені сүйемін!»

Мақсаты

  • 1 Өмірге бейімділік пен табандылықты қалыптастыру, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, өмірдің құндылығын сезіндіру.
  • 2 Түрлі мәселелер туралы психологиялық білім беру және олардың алдын алу жолдарын көрсету.
  • 3 Адам өмірі өз қолында екенін ұғындырып, өмірді сүюге дағдыландыру.
  • 4 Қайырымдылыққа, білімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Өмір жолы, жеке мақсат-мұрат және жалпыадамзаттық құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру.
  • Өз өмірінің мәнін түсінуге, рухани өсуге, жақсы мен жаманды ажырата отырып, өмірлік ұстанымын айқындауға үйрету.
  • Өз сөзіне, ойына және әрекетіне мұқият болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер
  • Слайдтар
  • Жағдаяттар
  • Постерлер
  • Жіп
  • Әуе шары

Барысы

  1. Кіріспе сөз
  2. Бейнебаян
  3. «Ойланайық, пікірлесейік»
  4. Ой қозғау: «Ұлылардан ұлағат»
  5. Жағдаяттарды талқылау
  6. «Назар аударайық» (бейнебаян)
  7. «Жүректен жүрекке» қорытынды

Танысу: «Өрмекшінің торы»

Танысу мақсатында қатысушылар «Өрмекшінің торы» ойынын ойнайды: жүргізуші жіптің бір ұшын ұстап, аты-жөнін айтады да, жіпті келесі адамға береді. Осылай кезектесіп жалғасқанда жіптен ортақ «тор» пайда болады.

Содан кейін жіпті жайлап босатып, бір команда ретінде тренингті бастаймыз. Бұл сабақтың ерекшелігі — өз ойыңды еркін айту, пікірді ашық жеткізу.

Кіріспе сөз

Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар мен ұстаздар!

Бүгінгі тренингімізді Тұманбай Молдағалиевтің өлең жолдарымен ашамыз:

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.

Сәл қайғырса, ол ұғына түседі,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.


Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап ұзартады әр күнін.

Сәл қуанса, шығарады ол естен,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.

— Тұманбай Молдағалиев

Бұл өлеңде не туралы айтылған? Әрине, өмір туралы. Сондықтан бүгінгі тренингіміздің тақырыбы: «Өмір — мен сені сүйемін!»

«Ойланайық, пікірлесейік»: пікірталас сұрақтары

  • Өмір дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
  • Өмір адамға несімен қымбат?
  • Адам баласы не үшін өмір сүреді?
  • Өмірдегі мақсатың қандай?
  • Өмірді сүйесің бе?

Өмір — адамның туған күнінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы. Төрт-ақ әріптен тұратын бұл сөздің ішінде қанша мағына бар десеңізші. Әрбір мезет — сынақ: қиындық пен қуаныш алмасып келеді.

Бір нақылда: «Өмір — сырын білдірмейтін тентек ат секілді, қай жағынан келіп тебетінін білмей қаласың» делінеді.

Өмірді шеті мен шегі көрінбейтін үлкен өзенге теңесек, біз — сол өзенде баяу жүзіп келе жатқан қайықпыз. Ендеше, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осы қысқа ғұмырда бір-бірімізді қадірлеп, сыйласып өтудің өзі — үлкен бақыт.

Ой қозғау: «Ұлылардан ұлағат»

Әр сыныптан бір қатысушы билет алып, ұлылардың өмір туралы сөздерін оқиды. Кейін сол ойды жалғастырып, өз пікірін айтады.

Өмір деген — бұйым емес қолдағы,

Өмір дейтін — ұлы бекет жолдағы.

— Мұқағали Мақатаев

Өмір — теңіз, өтіп кетем демеңіз,

Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз.

— Рудаки

Адам боп оңай туғанмен,

Адам боп қалу көп қиын.

— Қадыр Мырзалиев

Жағдаяттарды талқылау

Өмір туралы жақсы ой-пікірлерді тыңдадық. Енді төмендегі жағдайларға қандай шешім ұсынар едіңіздер?

Жағдаят 1: Байлық бар, бірақ бақыт жоқ

Әкесінің жеке тікұшағы бар, кәсіпкер, ауқатты адам. Жасөспірімнің сырттай қарағанда бәрі бар. Бірақ өзін бақытсыз сезінеді: достары аз, ата-ананың жылуы жетіспейді, байлықтан шаршаған.

Сұрақ: Қандай кеңес берер едіңіздер? Ол өз өмірінде нені өзгерте алады?

Жағдаят 2: Жалғыздық және үмітсіздік

Ата-анасынан айырылған, бағыт беретін жақындары жоқ. Өмір сүрудің жолын білмей, «өлімнен басқа жол жоқ» деп ойлайды. Өз жағдайын өзгелермен салыстырып, өзін кем санайды; қатарымен киініп, ойнап-күле алмаймын деп күйзеледі. Досы жоқ, жалғыз қалады, қоштасуға бекінеді.

Сұрақ: Мұндай кезде қандай қолдау қажет? Қандай қауіпсіз қадамдарды ұсынар едіңіздер?

«Назар аударайық»: бейнебаян және ой түю

Бейнебаян көрсетілгеннен кейін оқушылардан: «Не түсіндіңдер?» деп сұралады.

Әр оқушыға ақ парақ таратылады. Тапсырма: болашақ өмірін қалай елестететінін жазып, бір-екі сөйлеммен ойын қорғап айту.

«Жүректен жүрекке»: қорытынды

Өмірдің мәнін талдап көрдік. Өмірдің қызығын көрудің бір жолы бар: батыл болу, жеңіліс пен ауыртпалықтан қорықпау.

Енді әрқайсыңыз бүгінгі кездесуден не түйгеніңізді және бүгінгі күнге тілектеріңізді ашық айтсаңыздар.

Барлығымыз бірге айтатын ұран:

Біз өмірді сүйеміз! Бақытты өмір сүреміз! Біз бәріміз біргеміз!

Сөз соңында: «Адамды өмір үйретеді, үйретпесе күйретеді» дегендей, өмірдің ащысына төзе біліп, тәттісін ұғына білейік.

Келесі кездескенше сау болыңыздар! Уақыт бөліп, психологиялық тренингке қатысқандарыңызға рахмет!