Желтоқсан құрбандары
Тәрбиелік мақсат
Еліміздің тарихы туралы түсінік беру, балаларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу және мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге үйрету.
Туған елге деген сүйіспеншілікті арттыру, ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтауды бойына дарыту.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында ел азаттығы жолында құрбан болған ұл-қыздарымыздың ерлігін еске алу, егемендіктің мәнін түсіндіру және тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенімізді зерделеу.
Отанды, елді, жерді сүюге және қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
- Желтоқсан құрбандары туралы материалдар
Тақырып өзегі
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы және 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекеттің жариялануы.
Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар! Бүгінгі ертеңгілігіміз 1986 жылы дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына арналады. «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты ертеңгілігімізді бастаймыз.
Амандасу
Армысыз, қайырымды Аспан-ата!
Армысыз, мейірімді Жер-ана!
Армысыз, шұғылалы нұрлы күн!
Армысыз, балабақша, дос-жаран!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар мен апайлар!
«Желтоқсан әні» (өлең)
Әлі есімде ар мен намыс пәк мәңгі,
Еш аяусыз аяқасты тапталды.
Саперлердің күрегінен соққы жеп,
Қып-қызыл қан бояп жатты ақ қарды.
Жүректерге шер қатып,
Мұз-қар қонған – Желтоқсан.
Кеудедегі күрсініс
Ызғар болған – Желтоқсан.
Әділеттік жолында,
Ұлың түгел, халқым-ау,
Құрбандығы қазақтың
Қызың болған – Желтоқсан!
Әлі есімде сұмдығы көп сол алаң,
Өткен күнге өкінішпен оралам.
Озбыр күшке қарсы тұрған қаймықпай,
Қайран жастық, сен қашанда бол аман.
Құлдық ұрып көне берсең ырыққа,
Жер бетінен кетер едік құрып та.
«Қазақпын» деп ойлар болсаң, ағайын,
Алматының желтоқсанын ұмытпа.
Ескерту: Бұл бөлім балаларға тарихи оқиғаның адамгершілік және азаматтық мәнін түсіндіруге бағытталған.
Тарихи түсіндіру
Балалар, бізге тәуелсіздік оңай келген жоқ. 1986 жылы 16 желтоқсанда үлкен көтеріліс болды. Кең байтақ жерімізге жан-жақтан көз тіккендер аз болмады. Сол кезеңде қазақ жастары өз тілі мен мәдениетін дамытуға, ел тағдырына бейжай қарамауға үн қосты.
Сол жастардың ішінде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Сабира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова сияқты ерлер мен ержүрек қыздар болды. Олар Отан үшін, туған жер үшін, ана тіліміз үшін, біздің болашағымыз үшін жанын қиды.
Тәуелсіз мемлекет дегеніміз — ішкі және сыртқы мәселелерін ешкімге тәуелді болмай, өз еркімен шеше алатын дербес, еркін ел.
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды.
Оқушылардың сөздері
Шерхан
Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім — сөйлер сөзім,
Туған жерім — сағынарым.
Мәңгі бақи шырқалады
Республика Әнұраны.
Әнұран орындалады
Динара
Намысымның шырағындай — Желтоқсан,
Тәуелсіздік пырағындай — Желтоқсан.
Тарихымда із қалдырып, жаңғырып,
Аңыз болдың жыр-ағындай — Желтоқсан.
Жазира
Бірлік түбі — береке,
Береке түбі — мереке.
Егемен ел болдық,
Тәуелсіздікке енді жеттік.
Жанерке
Осындай еркіндікті ел тілесін,
Бақыт құсы бағымызға еркін келсін.
Ал енді тәуелсіздік құтты болып,
Көк байрақ мәңгі-бақи желбіресін!
Көрініс: Тергеу сәті
Диалог
Тергеуші:
Сен 18-і күні сағат 10:00-де қайда болдың?
Қайрат:
Жолдастарыммен бірге Фурманов көшесінде болдым.
Тергеуші:
Жоқ, сен өтірік айтасың. Сен Сәтбаев көшесінде милиционерді ұрдың! Сен кінәлісің, білесің бе?
Қайрат:
Жоқ, мен ешкімді көргенім де жоқ, ұрғаным да жоқ.
Тергеуші:
Ақымақ! Әкетіңдер! Көзін құртыңдар! Атыңдар!
Қайраттың сөзі
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең атыңдар!
Бұл — жазықсыз құрбан болған Қайраттың ел жадында қалған соңғы сөзі. Елі үшін жанын қиған ержүрек аға-апаларымызды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланады.
Тәуелсіздік туралы ойлар
Раушан
Жастық жырын Желтоқсанда самғаттым,
Бұлбұл құсым үнін асқақ сайраттым.
Егеменді ел боп алдың бүгінде,
Рухына бас иемін Қайраттың.
Гүлім
Қан төгілді қара жерге қаншама,
Қайғылы із қалдырды баршаңа.
Егеменді ел боп алдың бүгінде,
Қуанышым мәңгі тарқамасын!
Мадияр
Тәуелсіздік оңайлықпен келмейді,
Бізге мұны ешкім аяп бермеді.
Тәуелсіздік — Қайрат, Ләззат, Ерболдың
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.
Ән
«Ел қорғауға әзірміз»
Орындау бөлімі
Егеменді ел болудың белгісі — өзге жұртпен тең тұру, жұлдызы мен күші тең болу. «Егемендік» ұғымы ата жұрттың арғысы мен бергісіне ортақ қастерлі мағына ретінде естіледі.
16 желтоқсан — Тәуелсіздік нұры
М. Аружан
Туған жерге нұр шашып, жарық берген,
Қуаныш пен мол бақыт алып келген.
16 желтоқсан шуақ болып,
Тәуелсіздік еліме алып келген.
Би
«Қара жорға»
Сұрақ-жауап: Ел және рәміздер
Қазақстан қандай ел?
Егеменді, тәуелсіз мемлекет.
Ұлттық рәміздер
Ту, Елтаңба, Әнұран.
Елорда
Астана қаласы.
Ел басқарады
Н. Назарбаев.
Қазақстандағы ұлт өкілдері
Орыс, неміс, қытай, өзбек, шешен және басқа да ұлт өкілдері.
Тәуелсіздік — бірлікті нығайтатын, елдіктің рухын көтеретін ортақ құндылық.
Өлеңдер мен әндер
Саламат
Намысымның шырағы да — Тәуелсіздік,
Сұрқай өмір сынағы да — Тәуелсіздік.
Жігіттіктің ұрпағы да — Тәуелсіздік,
Жаңа күннің шуағы да — Тәуелсіздік.
Мерует
Тәуелсіздік мерекесі — ел мерекесі тасыған,
Қазақ деген қайран жұрт бәрін кешті басынан.
Естісін ел үніңді, дүние түгел естісін,
Көтер биік тәуелсіздік туыңды!
Нұрбек
Жастай сүйіп аңсаған,
Тәтті күй мен кәусар ән —
Ол біздің Қазақстан.
Ән: «Менің Отаным»
Альбина
Көк байрақ иілмесін, жығылмасын,
Көзге жас, кеудеге өксік тығылмасын.
Тұрғанда көкшіл туың көкті тіреп,
Қазағым, сен қашанда тұғырдасың.
Ән: «Балдырғандар»
Балалардың ортақ жауабы
Болашақта елімізді өркендететін, қазақ тілін көркемдететін, бабаларға тағзым ететін, аналарға бас иетін азамат, азаматша боламыз.
Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты — біз қазақ елінің болашағымыз.
Қорытынды
Тарихым жатыр тасымда, тіл қатып келер ғасырға. Азаттық дейтін ұғымның басында — Желтоқсан тұр.
Кешіміз өтіп жатыр салтанатты. Төгілсін күн нұрының шапағаты. Халайық, қаттырақ қол соғыңыздар: әншіміз бар біздің де — Жанерке атты.
Ән: «Егеменді ел»
Осымен «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймыз! Халқымыз аман, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Келесі кездескенше сау-сәлемет болыңыздар!
Балалар: «Сау болыңыздар, қонақтар!»