Көктем мезгілінде

Мақсаты

Білімділік

Жыл мезгілдері туралы түсініктерін кеңейту.

Дамытушылық

Ақыл-ойын, сөйлеуін және тілін дамыту.

Танымдық-тәрбиелік

Табиғаттың сұлулығын сезіне білуге, қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу.

ҰОІӘ барысы

1) Кіріспе және амандасу

Балалар саппен залға кіреді. Тәрбиеші қонақтармен амандасуға шақырады.

Шаттық шеңбері

Күннің көзі ашылсын!
Көкке шуақ шашылсын!
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті,
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

2) Жыл мезгілдерін қайталау

Т:

Балалар, неше жыл мезгілі бар?

Б:

Төрт жыл мезгілі бар.

Т:

Қандай жыл мезгілдері?

Б:

Қыс, көктем, жаз, күз.

Түстер бойынша топқа бөліну

Қыс — көк түс

Нұрбақыт, Асылай, Мөлдір

Көктем — жасыл түс

А. Нұргүл, Алина, Адинай

Жаз — қызыл түс

Тоғжан, Нұралы, Нұргүл

Күз — сары түс

Дария, Әліби, Дильназ

3) «Сиқыршы» сәті

Тәрбиеші балаларға көздерін жұмуды ұсынады, әуен қосылады. Осы сәтте тәрбиеші сиқыршының киімін киіп алады. Кейін балаларға өзін «сиқыршы» ретінде таныстырып, қолындағы сиқырлы таяқшамен жұмбақтар арқылы жыл мезгілдерін табуға шақырады.

4) Қыс

Жұмбақ

Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Қарға омбығып,
Бет домбығып,
Сырғанап жастар ойнайды.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Жауабы: Қыс мезгілінде

Слайд бойынша түсіндіру

Қыс мезгіліндегі табиғат құбылыстары (аяз, қар, мұз, боран, балалардың қысқы ойындары) слайд арқылы көрсетіліп, талқыланады.

Тақпақ (Нұрбақыт)

Айналамда ұшып жүр,
Ақ мамық қар себелеп.
Қалт-құлт еткен бейне бір,
Ақ қанатты көбелек.

5) Көктем

Жұмбақ

Қар-мұз еріп, су көбейіп,
Сай-салаға толады.
Бүршік жарып, жарық ашып,
Гүл бәйшешек басады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Жауабы: Көктем мезгілінде

Слайд бойынша түсіндіру

Көктемдегі өзгерістер (қардың еруі, күннің жылынуы, жаңбыр, құстардың келуі, алғашқы гүлдер) слайд арқылы көрсетіледі.

Тақпақ (А. Нұргүл)

Көктем қандай көңілді,
Көктен жаңбыр төгілді.
Жыршы құстар көп келді,
Гүлдер жапты бөктерді.

6) Жаз

Жұмбақ

Өрік, алма,
Жидек, жүзім піседі.
Қауын-қарбыз,
Қияр, сәбіз дүкендерге түседі.
Астық пісіп, орақ түсіп,
Қырман дәнге толады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Жауабы: Жаз мезгілінде

Слайд бойынша түсіндіру

Жаз мезгіліндегі ерекшеліктер (ыстық күн, демалыс, жеміс-жидектің пісуі, суға шомылу) слайд арқылы көрсетіліп түсіндіріледі.

Тақпақ (Тоғжан)

Жазды ыстық сүйемін,
Сайрандап жүремін.
Суына шомылам,
Күніне күйемін.

7) Күз

Жұмбақ

Бұлттар төніп, жерге төгіліп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала нұры қашады.
Ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Жауабы: Күз мезгілінде

Слайд бойынша түсіндіру

Күз мезгіліндегі құбылыстар (жаңбыр, тұман, салқын жел, жапырақтардың сарғаюы, егін жинау) слайд арқылы көрсетіліп, талқыланады.

Тақпақ (Дария)

Ой, балалар, балалар,
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап жапырақ солыпты,
Ел егінін орыпты.

8) Сиқырлы шарлар және ойындар

Балалар көздерін жұмып отырады. Сиқыршы сиқырлы таяқшамен шарларды «ұшырып әкелгенін» айтады. Бұл шарлар — сиқырлы: ішінен ойын тапсырмалары шығады.

Ойын тапсырма

«Өз белгіңді тап!»

Ойын шарты түсіндіріліп, балалар өз белгісін тауып, тапсырманы орындайды.

Қимылды ойын

«Құбылыстарды көрсет»

Жел тұрды гуілдеп,
Ағаш біткен уілдеп.
Аспанды бұлт торлады,
Найзағайлар ойнады.
Жаңбыр жауды себелеп,
Кемпірқосақ көрінді.
Жарқыраған күн шықты.

Балалар табиғат құбылыстарын қимылмен көрсетеді.

9) Қорытынды

Бүгінгі оқу іс-әрекеті таңғажайып әрі сиқырлы өтті. Балалар жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін еске түсіріп, табиғаттағы құбылыстарды ажыратуды үйренді.

Сұрақ-жауап

  • Не көрдіңдер?
  • Нені білдіңдер?
  • Қай жыл мезгілінің белгілері есіңде ерекше сақталды?

Ойын аяқталды. Қонақтармен қоштасайық.

Сау болыңыздар! Келгендеріңізге рахмет.