Кештің жүрісі

Мақсаты

Оқушыларды Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнерімен таныстыру; Шәмші секілді бір-ақ рет өмірге келетін ұлы тұлғаның шығармашылығын қадірлеуге, өнерін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Кештің құрылымы

  • Шәмші қалай «Шәмші» атанды?
  • Шәмші әндерінің тарихынан.
  • Көрермендер арасынан «Ең үздік әнші» сайысы.

Жүргізушінің сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар! Мектебіміздің оқушылары дайындаған «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты кешімізге қош келдіңіздер.

Көрініс: Қамыс күркедегі қуаныш

Татардың гармонін, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың қамыс күркесінде 1930 жылы бір сәби дүниеге келеді.

Диалог

1-оқушы

Сүйінші, сүйінші! Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!

2-оқушы

Рас па? Менің де ұлды болатын күнім бар екен ғой. Сенен ештеңе аямаймын — бәрі сенікі!

Бала жылайды.

1-оқушы

Мен сені Шәмшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мынау патшаның өзінен гөрі әншіге көбірек ұқсайды екен.

3-оқушы

Оу, Қалдаяқ! Балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да, тақияңа тар келмес.

1-оқушы

Айтқаның келсін! Шәмшид болсын!

Қасындағылар: Аумин! Айтқаның келсін!

Олар шығып кетеді.

4-оқушы

Дәл сол сәттен кейін отыз жыл өткен соң «Шәмшид» аталған сол бала Шәмші Қалдаяқов болып, бүкіл Қазақстанға танылып, вальстің королі атанарын әлгі адамдар білген жоқ.

Музыкалық нөмір

Вальс: «Ақ бантик»

Алғашқы әннің әуені

Жүргізуші: Шәмшінің алғашқы әндерінің бірі — «Қайықта» әні орындалады.

Жеке орындаушы.

Ананың ақ тілегі

Иә, Шәмшид есімі Шәмшіге айналып, композиторлық даңқы шартарапқа тараған шақта, анасы ауыр дертке шалдығып, Алматыдағы Шәмшіні шақыртады.

Көрініс

Анасы көзін ашып сөйлейді.

Анасы: Шәмшіжан, келдің бе? Балам, жас кеттім деп өкінбеймін. Жазмыш маған келін көруді, немере сүюді бұйыртпапты. Жалғыз тілегім — сен аман бол. Салған әнің айтылмай жатып үзілмесін.