Әлияның ерлігі - елге мұра, ұрпаққа ұран
Тақырыбы
«Әлияның ерлігі — елге мұра, ұрпаққа ұран!»
Мақсаты
- Оқушыларға Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің маңызын терең ұғындыруға жағдай жасау.
- Туған жерін қорғауда аты аңызға айналған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі мен ерлік жолын ұрпаққа үлгі ету.
- Оқушылардың бойында отансүйгіштік рух пен патриоттық сезімді ояту.
Көрнекіліктер
Әлияның портреті, Әлия музейінен фотосуреттер, жұлдызша белгілері, нақыл сөздер, шарлар, шырақтар.
Сабақтың барысы
Жүргізуші сөзі
Әлемді дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс 1941 жылғы 22 маусымда басталды. Алайда сол кездегі Кеңес еліндегі бірлік пен достықтың арқасында соғыс 1945 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды.
Содан бері талай жыл өтті. Жеңіс — тарихтың ғана белесі емес, ел жадындағы мәңгілік тағзым.
Соғыс жылдарында қазақ халқының талай қаһарманы ел қорғау жолында ерлік көрсетті: Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Әди Шәріпов және басқа да ерлер. Ал «Шығыстың қос шынары» атанған Мәншүк пен Әлия — ХХ ғасырдың қайсар қыздары ретінде ұлт рухын асқақтатты.
Бүгінгі тәрбие сағатымыз қазақтың ер жүрек, батыр, мерген қызы — Әлия Молдағұлованың өнегелі өмірі мен ерлігіне арналады: «Әлияның ерлігі — елге мұра, ұрпаққа ұран!»
Тағзым
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Батырларға басымды иіп бір минут,
Еске алайық сол бір апат-қайғыны.
1 минут үнсіздік.
Әлия Молдағұлова: өмір жолы
Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Нұрмұхамед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келді.
Әлия сегіз жасында анасынан айырылып, Алматыда тұратын нағашы ағасының қолына тәрбиелеуге беріледі. 1935 жылдан бастап Ресейдің Ленинград қаласында Красногвардейский ауданындағы Гурдин көшесі, №46 балалар үйінде тәрбиеленді. Ленинградтағы №9 орта мектепте білім алды.
Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысындағы Вятское селосына көшірілді. Әлия Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түсті.
Алайда 1942 жылы ол Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскерінің қатарына қабылданып, майданға жіберу туралы өтініш білдірді. 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін тәмамдап, сол жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы, 4-батальонының мергені болды.
Негізгі ой
Әлияның ерлігі — тарихтағы бір ғана дерек емес. Бұл — елге аманат, ұрпаққа өнеге, жүрекке жігер беретін рухани мұра.