Мұрат қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өсті

№19 сабақ Өзін-өзі тану 7-сынып

Тақырып: Отбасылық құндылықтар

Құндылық

Дұрыс әрекет

Қасиеттер

  • қайырымдылық
  • жанашырлық
  • жауапкершілік

Сабақ мақсаты

Отбасылық құндылықтарды түсіндіре отырып, «дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері

  • Отбасылық құндылықтарды «дұрыс әрекет» құндылығы негізінде түсіндіру.
  • Қайырымдылық пен жанашырлық қасиеттерін дамыту.
  • Оқушыларды отбасы алдындағы жауапкершілігін сезіне білуге тәрбиелеу.

Ресурстар

  • үнтаспа
  • суреттер
  • нақыл сөздер

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Нұрға бөлену

Ыңғайланып отырыңыз, денеңізді түзу ұстаңыз. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көзіңізді жұмып, тынысыңызды бірқалыпқа келтіріңіз.

Елестетіңіз: күннің нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу тарайды. Кеудеңіздің орта тұсында гүлдің түйнегі бар. Нұрдың әсерімен түйнек біртіндеп ашылып, әсем әрі таза гүлге айналады.

Сол гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-ниетіңізді нәзік тазартып, жүрегіңіздің қабығын ашады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастағанын сезініңіз. Ол біртіндеп күшейе түседі.

Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолдарыңыз тек жақсы, ізгі істер жасап, баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді тек жақсылық жасауға жетелейтін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.

Енді нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты айтады және тек жақсы, ізгі сөздерді сөйлейді.

Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздеріңізге де жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрсенің жақсылығын аңғарады.

Басыңыз түгелдей нұрға толсын: санаңызға тек ізгі, жарқын ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын алып, шұғылаға айналып, денеңізден асып, жан-жағыңызға сәуле шашады.

Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға — таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне дейін нұр бағыттаңыз.

Ойша қайталаңыз:

«Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен — Нұрмын».

Осы нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем жүрегіңіздің ішінде. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

2) Үй тапсырмасын тексеру

№19 сабақ, 74-бет: «Атасы мен әжесі» мәтіні

Мәтінді сұрақ-жауап арқылы талқылаңыз.

Талқылау сұрақтары

  • Мұрат қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өсті?
  • Сендердің отбасыларыңда ұрпақтар сабақтастығы сақталған ба? Әңгімелеп бер.
  • Отбасыңның тарихынан не білесің?
  • Ата-бабаларыңнан қандай асыл мұра (рухани) қалды?
  • Сенің оған көзқарасың қандай?

Сабақтағы тәртіп ережелері

«5Т» ережесін еске түсіріңіз:

  1. Тәртіп
  2. Талап
  3. Тыныштық
  4. Тазалық
  5. Татулық

Мәтін

«Атасы мен әжесі» — Жәмила Аязбекова

Мұраттың атасы мен әжесі оны сәби кезінен өз бауырларына басқан. Өздері тұратын Үшаралыға алып кеткен. Сол күндерден бастап әжесі жасарып, күннен-күнге ширап, бетіне қан жүгірді. Әке-шешесі қалада қалды.

Шал мен кемпірдің көмегі — балалары аяққа тұрғанша деген ниет. Оның үстіне, тұңғышты ата-ананың бауырына салу — ескіден келе жатқан дәстүр. Бұл сөкеттік емес, қайта жарасымды үйдің сәнін келтіретін әдет. «Немере — баладан да тәтті» деген ұғымның жаны бар.

Немере сүйген ата-ананың жасы ұзарады, жаны жадырайды, ал бала да ешқашан тасбауыр, өзімшіл болып өспейді. Бала күлкісін естіп, оның алғашқы қадамын көріп, асты-үстіне түсіп әбігер болғандар жасармай қайтсін?

Ата-бабаларымыз мұны қалай білген десеңізші: біз де сондай болып жетілсек, арман бар ма? Бұл түп-тамыры терең дана дәстүр ата-әке-бала секілді ұрпақтың үш тармағын берік етіп бекітіп тастағандай.

Ұрпақтың тармақтары қалай өсіп-жетілсе де, қандай жол қиынына жетелесе де, осы байланыс текті ағаштың тамырларындай — тармақтарын діңнен бөліп жібермей, мықты тұғыр болып қала береді.

Ұрпақтар осылай үзілмей жалғасып, әр тармақ өз алдына мәуелеп, шексіздікке ұмтылады. Ал қазағымыз, Қорқыт ата айтқандай, өлмей өмір сүрері анық.

Міне, Мұрат та ата-әжесінің қолында осылай өсті. Өз жеріне, туған топырағына тамыр жайып, жетілді. Кең дүниені бала шақтан ойын арқылы танып, жайлау кештерінде бар ынтасымен тыңдаған ертек-аңыздардан елінің, ұлтының құнарлы нәрін бойына сіңірді.

Ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей айтылатын дала даналығы бала санасында жатталып қалды. Сондықтан туған жерді қорғау, батырлар даңқы, көрші-көлемге қамқор болу, үлкенді сыйлау, досқа сенімділік — оның болмысымен біте қайнасқан табиғи ұғымдарға айналды.

Мәтін бойынша ой қозғау

  • Бала тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлі қандай?
  • «Бұл түп-тамыры терең дана дәстүр ата-әке-бала секілді ұрпақтың үш тармағын берік етіп бекітіп тастағандай» деген тұжырыммен келісесің бе? Неліктен?
  • Сендердің отбасыларыңда ұрпақтар сабақтастығы сақталған ба? Әңгімелеп бер.
  • Мұрат қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өсті?
  • Отбасыңның тарихынан не білесің? Ата-бабаларыңнан қандай асыл мұра (рухани) қалды? Сенің оған көзқарасың қандай?