Қайсы зат

Сабақ туралы

Пән

Дүниетану

Тақырып

Денелер мен заттар

Сабақ типі

Жаңа сабақ

Әдістер мен ресурстар

  • Интербелсенді тақта, электрондық оқулық
  • Салыстыру, талдау
  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік: суреттер, кестелер

Сабақ мақсаты

Білімдік

Оқушылардың табиғи және жасанды денелер, олардың құрамы, зат ұғымы туралы түсінігін қалыптастыру.

Дамытушылық

Өткен тақырып бойынша білімдерін тексеру, есте сақтау мен ойлау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу, күнделікті өмірде білімді қолдануға бағыттау.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Бүгін қай күн? — Сәрсенбі

Ертең қай күн? — Бейсенбі

Тақпақ

Қайырлы күн, балалар! Қайырлы күн, мұғалімдер! Оят онда Сәрсенбіні — Тыныш болып түніміз. Оят онда Бейсенбіні — Ашық болып күніміз. Сабағынан қалмасын — Сәттілікке толсын-ай!

Ұйымдастыру әрекеттері

  • Топ басшыларына бағалау парақтарын тарату.
  • Сабаққа назар аударту, тәртіп ережесін еске салу.

2) Үй тапсырмасын тексеру

«Әр суретті өз орнына қой» ойыны (интербелсенді тақтадағы слайд). Оқушылар суреттерді дұрыс орналастырса, құпия сөз шығады. Құпия сөзді табу үшін төмендегі сұрақтарға жауап беріледі:

  1. Температураны немен өлшейді? Оның түрлерін ата.
  2. Ауа, су, топырақ температурасының тіршілік иелері үшін маңызы қандай?
  3. Дені сау адамның қалыпты температурасы қандай?
  4. Ауа райын білу не үшін қажет?
  5. Ауа райын болжайтын қандай жәндіктерді білесіңдер?

Нәтиже: құпия сөз ретінде «Денелер мен заттар» шығады. Демек, бүгінгі сабақ осы ұғымдарға арналады.

Суретпен жұмыс

Тақтадағы суретке қарап, табиғат көрінісін сипаттау. Қай нысан «артық» екенін анықтау (мысалы, көл — өлі табиғат нысаны).

Талқылау сұрақтары

  • Тірі табиғат пен өлі табиғат дегеніміз не?
  • Осы нысандардың барлығын бір сөзбен қалай атаймыз?
  • «Дене» ұғымын сен қалай түсінесің?

3) Жаңа сабақ

Түсіндіру

Электрондық оқулық арқылы «дене» ұғымының мағынасы түсіндіріледі. Оқушылар: дене деген не, оның түрлері, зат деген не екенін анықтайды.

Нақтылау сұрақтары

  • Сынып ішінде қандай денелер бар?
  • Олар қандай заттардан тұруы мүмкін?

4) Оқулықпен жұмыс (топтық тапсырмалар)

1-топ: Табиғи және жасанды денелер

Оқулықтың 30-бетіндегі 1-абзацты оқиды. Денелердің табиғи және жасанды болып бөлінетінін түсіндіреді, суреттер арқылы ажыратады. Электрондық оқулықпен бекітеді.

2-топ: Денелердің күйі

Денелер қатты, сұйық және газ тәріздес болатынын дәлелдейді: үстелдегі тас, целлофандағы ауа, стақандағы су арқылы мысал келтіреді.

3-топ: Дене заттардан тұрады

Көрнекіліктермен дәлелдейді: ағаш және пластмасса сызғыш, қант, су, өсімдік, ауа. Өсімдік құрамы күрделі екенін (су, крахмал, қант және басқа заттар) түсіндіреді. Адамдар мен жануарлардың да әртүрлі заттардан тұратынын айтады. Кітап, дәптер, қалам арқылы мысал келтіреді.

4-топ: «Сен білесің бе?» — Дене ме, зат па?

Қосымша карточкамен жұмыс: «Қайсысы дене? Қайсысы зат?» тапсырмасын орындайды. Үстел үстіне сабын қойылып, оның неден жасалатыны талқыланады.

Қысқа дерек: сабын тарихы

Ерте кезде қазақ халқы қара сабынды алабота өсімдігін және мал сүйектерін өртеп, өсімдік күлін сүйек майымен араластыру арқылы жасаған. Дайындалған қоспа бір түн тұндырылған.

  • Жара шықса, сол жерді сабынмен жуу пайдалы.
  • Кей жағдайда иісті сабыннан гөрі кір сабын тиімді болуы мүмкін.

Тапсырмаға 3 минут беріледі. Соңында топ жауаптары тыңдалады.

5) Сергіту сәті

«Бақытты баламыз» әнімен сергіту қимылдары орындалады.

Елді сүйген баламыз — Біз талапты баламыз, Білімнен нұр шашамыз — Оқып-білім аламыз. Әлкей, Қаныш атадай — Көп жаңалық ашамыз, Заттар сырын ұғынып — Ажырата аламыз.

6) Топтық жұмыс

1-топ: Әңгіме құрастыру

Жасанды денелерді пайдаланып, бүгінгі тақырыпқа сай қысқа әңгіме құрастырады.

2-топ: Ұйқас табу

Берілген өлең жолдарындағы бос орындарды сөздермен толықтырады.

Дене деген немене? Достым, білгің келе ме? Бізді қоршап тұрған — Өлі, тірі табиғат. Дене — заттың баласы, Зат — дененің анасы. Дене неден тұрса — Дейміз оны зат.

Керекті сөздер: келе, заттың, дененің, табиғат, зат.

3-топ: Құрастыру тапсырмасы

Мына заттарды пайдаланып, қандай бұйым құрастыруға болатынын ұсынады: шырпы, ермексаз, скрепка, қағаз, кубик, түтікше.

4-топ: Жұмбақ құрастыру

Бір денені ойлап, сол дененің атынан сөйлеп, қандай заттардан тұратынын жұмбақтап айтады.

Мен құмнан жасаламын, Әрбір үйде боламын. Мен болмасам, үйдің іші қараңғы болады. Мен қай денемін?

7) Қорытынды және бекіту

Электрондық оқулық арқылы тапсырмалар орындалып, негізгі ұғымдар бекітіледі.

Жедел тапсырмалар

  • Денелер қандай заттардан тұрады? Жаңбыр — судан.
  • Денелер қандай заттардан тұрады? Ұшақ — металдан.
  • «Не неден жасалады?» тақырыбында ауызша жауап беру.

Логикалық тапсырма

Алабота мен шырпының суреттері көрсетіледі. Олардың байланысын анықта: шырпымен алаботаны өртеп, күлін пайдалану арқылы сабын жасауға болады.

Рефлексия

  • Бүгін сабақта не білдіңдер?
  • Не үйрендіңдер?
  • Қай тапсырма қызықты болды? Неліктен?

8) Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Топ басшылары бағалау парағы бойынша қорытынды баға қояды.

Үйге тапсырма

  • Бір дененің жасалу жолын зерттеп, қысқаша сипаттама дайындау.
  • «Адамдарға дененің қандай заттан тұратынын білу не үшін керек?» сұрағына жауап іздеу (ой-толғау).

Сабақ аяқталды.