Адамгершілік туралы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл сабақ Абай Құнанбаевтың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңі арқылы оқушының мәтінмен жұмыс дағдысын дамытып, адамгершілік құндылықтарын терең түсінуге бағытталады.

Түрі

Танымдық сабақ

Типі

Жаңа білімді меңгерту

Технология

Дамыта оқыту

Әдіс-тәсілдер

  • Талдау
  • Әңгімелеу
  • Сұрақ-жауап
  • Топпен жұмыс

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Қима қағаздар
  • Плакат, фломастер

Мақсаттар

1) Мазмұнды түсіну

Абай шығармашылығымен таныстырып, өлеңнің негізгі идеясын ашуға үйрету.

2) Мәтінмен жұмыс

Көркем мәтінді талдау дағдысын жетілдіру, оқығаны бойынша ой қорытуға жаттықтыру.

3) Тәрбиелік бағыт

Жағымсыз қасиеттерден бойды аулақ ұстауға баулу, адамгершілік құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу.

I. Мотивациялық-бағдарлау кезеңі

Сабақ басында баяу әуен қойылып, оқушылар өзіне сенімділік пен жылы көңіл күй қалыптастыратын аффирмациялар айтады.

Аффирмациялар

  • Мен өзіммен достасқан әлемде өмір сүремін!
  • Менің айналамда сүйкімді адамдар бар, олар маған әрқашан көмектеседі!
  • Мен өз күшіме сенемін.
  • Мен бұл өмірдің ең тамаша кереметтеріне лайықпын және оны қуанышпен қарсы аламын!
  • Мен қалағанымның бәріне қол жеткіземін!
  • Мен өз ғажайыптарымды дәл қазір жасаймын!
  • Өмірдегі барлық жақсылық мен үшін!
  • Мен күннен күнге күшейіп келемін!
  • Оқуым күннен күнге жақсарып келеді!
  • Армандарым орындалады!
  • Мен бәрін дұрыс жасайтыныма сенімдімін!
  • Мені бәрі жақсы көреді!

Осы жүрекке жылы тиетін сөздер арқылы өзімізге деген сүйіспеншілік пен сенімді арттырып, сабақты бастаймыз.

Өткен сабаққа шолу

  • Өткен сабақта қай автордың әңгімесімен таныстық?
  • Әңгіме кім туралы?
  • Неліктен әңгіме «Орындалған арман» деп аталады?
  • Әңгіменің басындағы «үлкен той» қандай тойды білдіреді?

Үй тапсырмасы

I топ

С. Көбеев туралы мәлімет жинау.

II топ

«Менің арманым» тақырыбында шығарма жазу.

III топ

Мәтіннен бай және кедейге қатысты айтылған сөздерді теріп жазу.

Музыкалық көпір: Абай әні

Үнтаспадан Абайдың әні тыңдатылады. Оқушылар әннің атауын және авторын анықтайды.

Ой қозғау

«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз…» деген жолдардың қай өлеңнен екенін еске түсіреміз. Одан кейін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа айтуға ынталандырамыз.

II. Операциялық-орындаушылық кезең

Бұл бөлімде жаңа тақырып таныстырылып, мәтін талданады, сөздік жұмысы жүргізіледі және топтық тапсырмалар арқылы өлеңнің идеясы ашылады.

1) «Абай әлеміне» шағын саяхат

Электронды оқулықтан Абай туралы қысқаша мәлімет тыңдалады. Алдын ала берілген ізденіс тапсырмасы бойынша оқушы (Аида) слайдпен таныстырады.

2) Жаңа тақырып және мақсат

Бүгін біз Абай Құнанбаевтың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңімен танысамыз. Мақсатымыз — көркем мәтінмен жұмыс істеу дағдымызды жетілдіру, оқығанымыздан түйін жасап, ой қорытындысын айту.

3) Өлеңмен алғашқы танысу

Алдымен өлең интерактивті тақтадан оқылады. Кейін оқушылар түсінуге қиын сөздерді атап, сөздік жұмысына кіріседі.

4) Сөздік жұмысы: «Алтын сандық»

Оқушылар сөздердің мағынасын анықтап, қарама-қарсы мағыналарын тауып, сөйлем ішінде қолданып көреді.

Сабырсыз

Мағынасы: шыдамсыз, төзімсіз.

Қарама-қарсысы: шыдамды, ұстамды, салмақты.

Мысалы: Ол анасының келуін сабырсыздана күтті.

Көрсеқызар

Мағынасы: қызыққой, еліктегіш.

Мысалы: Сауысқан жылтыраққа құмар, көрсеқызар еді.

Алауыз

Мағынасы: береке-бірлігі жоқ, ынтымақсыз.

Қарама-қарсысы: ынтымақты, ұйымшыл, ауызбіршілігі мықты.

Мысалы: Тышқан мен мысық қашаннан алауыз болатын.

Күндейді

Мағынасы: қызғанады.

Қарама-қарсысы: тілегін тілейді, қуанышы мен қайғысын бөліседі.

Мысалы: Достарын күндеген адам көпшіліктен шет қалады.

Мертігеді

Мағынасы: бір жері шығады, сынады.

Мысалы: Ол қатты құлап, оңбай мертікті.

Міндейді

Мағынасы: мін тағады, жамандайды.

Мысалы: Тәрбиесіз жан досын да міндейді.

Жалмауыз

Мағынасы: дүниеқоңыз, көзі тоймайтын.

Мысалы: «Нағыз бір тойымсыз, жалмауыз екенсің!» — деді ренжіп.

5) Оқулықпен жұмыс

Оқушылар өлеңді алдымен іштей оқиды, кейін тізбектей дауыстап оқып шығады.

6) Өлеңнің идеясын ашу

Сұрақтарға бағытталған талдау

  • Ақын адам бойындағы қандай қасиеттерді сынайды?
  • Бұл қасиеттерді бір сөзбен қалай атаймыз?
  • «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен қандай жағымды мінездерді табамыз?
  • Екі өлеңнің ұқсастығы неде?
  • Негізгі ой қандай ортақ тақырыпқа келіп тіреледі?

Сыналатын қасиеттер

Сабырсыздық, арсыздық, еріншектік, күншілдік, міншілдік, ұятсыздық, ойсыздық, ұрлыққа бейімділік сияқты жағымсыз мінез-құлықтар.

Үлгі болатын қасиеттер

Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — адамды кемелдікке бастайтын асыл қасиеттер.

Түйін

Өлеңдердің өзегі — адамгершілік: жамандықтан жиреніп, жақсылыққа ұмтылу.

7) Топтық жұмыс

Абайдың тәрбиелік бағытын түсіну үшін оқушылар топпен жұмыс жасайды. Жұмыс барысында баяу Абай әні қосылып тұрады.

1-тапсырма — I топ

Екі шығармадан адам бойындағы жағымды және жағымсыз мінез-құлықтарды жіктеп, кесте құрастыру (ватманға).

1-тапсырма — II топ

«Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңіне кешенді-сатылай талдау жасау: авторы, тақырыбы, жанры, негізгі идеясы, шумақ саны, тармақ саны (ватманға).

1-тапсырма — III топ

Абай және оның шығармалары туралы басқа топтарға қоятын сұрақтар дайындау.

Қорғау және сұрақтар

Екі топ өз жұмыстарын қорғайды, үшінші топ сұрақ қойып, ойды нақтылауға көмектеседі.

2-тапсырма — шағын пікірталас

Пікірталас — берілген тақырып бойынша өз ойыңды айту және оны дәлелдеу. Қанша адам қатысса, сонша пікір болуы мүмкін.

Пікірталас ережелері

  • Кезектесіп сөйлеу.
  • Бірін-бірі мұқият тыңдау.
  • Сөйлеушінің сөзін бөлмеу.
  • Сыйластық сақтау, ар-намысқа тиетін сөз қолданбау.

Пікірталас сұрақтары

  • Адамгершілікті қалай түсінесің?
  • Адамгершіліктің өлшемі бола ма? Адамгершілігі мол адам қандай?
  • Адамгершілік қайдан қалыптасады?
  • Достарыңның бойынан қандай адамгершілік белгілерін байқайсың? Кері қылықтар кездеседі ме?

III. Рефлексиялық-бағалау кезеңі

Оқушылар өз-өздеріне сұрақ қойып, қандай адам болғысы келетінін ой елегінен өткізеді. Мұғалім пікірлерді тыңдап, қорытынды жасайды.

«Жақсы сөз — жан азығы»

Оқушылар бір-біріне жүрекше ұсынып, «қандай адам болу керек» деген тілектерін айтады. Жүрекше соңында мұғалімге қайтып келеді.

Қорытынды сөз

«Абай рухы — туған тілдің тірегі. Абай рухы — қазағымның жүрегі. Жыр маржаны жүрегіңді толқытып, намысыңды қамшыласын үнемі».

Бағалау

Оқушылардың жұмысы бағаланып, жетістіктері атап өтіледі. Сабақ бойынша қысқаша кері байланыс алынады.

Сабақ ұнаса, үш рет қол соғу арқылы көңіл күйді білдіреміз.

Үй тапсырмасы

  • Абай атаға хат жазу.
  • Өлеңді мәнерлеп оқу.