Оқушылардың табиғатқа аялы қарым қатынасын дамыту
Пәні: Өзін-өзі тану • 5-сынып • Кіріктірілген сабақ (презентациясымен)
Табиғат тылсымы
Бұл сабақ табиғаттың құндылығын терең түсінуге, оны аялауға және туған жерге сүйіспеншілікті күшейтуге бағытталған.
Сабақтың барысы
Шаттық шеңбері
Табиғат, сен — тіршілік тұнып тұрған: сен — Күнсің, қырдан күліп көтерілген; сен — көлсің, сен — ормансың, сен — бұлбұлсың. Адамға табиғатты шын ұқтырған — өзің.
Әңгімелесу сұрақтары
- «Табиғат тылсымы» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Табиғат адамды қандай сезімге бөлейді?
- Табиғат сұлулығын қалай сезінуге болады?
- Табиғат аясында өздеріңді қалай сезінесіңдер?
- Табиғаттың қандай көріністері ерекше әсер етті? Неліктен?
Жаңа ақпарат
Адам өмірі табиғатпен тығыз байланысты. Табиғатты аялау, қамқорлық жасау, туған жерге сүйіспеншілікпен қарау — әр адамның парызы. Табиғаттың сұлулығы адамға қуат беріп, көңілге шуақ ұялатады, ерекше іңкәрлік сезімін оятады.
Мәтінмен жұмыс
Адам табиғаттан тыс өмір сүре ала ма?
Табиғат адамды қандай әсерге жетелейді?
Табиғат не үшін қажет?
Табиғаттың қандай құпияларын білесіңдер?
Шығармашылық жұмыс: табиғат құбылыстары мен халықтық ұғымдар
Аймира
«Тасбақа дауылы»Қазақ халқында «тасбақа дауылы» деген ұғым бар. Тасбақа киелі жануар саналады, ол туралы аңыз-әңгімелер көп. Ою-өрнек мұрасында да «тасбақа оюы» кең қолданылады.
Дала тасбақасы көбіне көктемде, көкек айында қысқы ұйқыдан оянып жер бетіне шығады. Дәл осы кезде бірнеше күн қатарынан шаңды, боранды қатты жел соғады. Халық оны «тасбақа дауылы» деп атайды.
Қысқы ұйқыдан шыққан тасбақа әлсіз болады да, сауытына жабысқан құм-топырақты өздігінен түсіре алмайды. Сол мезеттегі дауыл құмды ұшырып әкетіп, тасбақаның оянуымен тұспа-тұс келеді.
Әбдухакім
«Құс қанаты»«Құс қанаты» ұғымы жыл құстарының көктемде қайтуына байланысты айтылады. Елімізге алғаш келетін құстардың бірі — қараторғай.
«Құс қанаты» шамамен наурыздың 26–28-іне сәйкес келеді. Осы уақытта құстардың қанат қағысынан туған ызғардай сезіліп, күн суытып, жапалақтап қар жаууы мүмкін деген халықтық түсінік бар.
Ұлжан
«Құралайдың салқыны»Даламызда кең таралған киелі жануар — ақбөкенге байланысты айтылатын түсініктер көп. Соның бірі — «құралайдың салқыны».
Бұл құбылыс ақбөкендердің мамырдың 17–25-і аралығында жаппай лақтайтын кезеңімен сәйкес келеді. Осы уақытта олар көп болып топтасып, суы бар өзен жағалауын немесе шөбі шүйгін өңірлерді паналайды.
Дәл осы мезетте ауа райы салқындап, ызғырық жел соғып, жаңбыр жауып, артынша күн суытады. Табиғат жаңа туған құралайларды шынықтырып, қатал жағдайға бейімдейді. Бұл мезгілді «киіктің лақ өргізері» деп те атайды.
Тыныштық сәті: психологиялық дайындық
Ыңғайлы әрі еркін отырыңыздар. Көздеріңізді жұмыңыздар. Өздеріңізді орманда жүрмін деп елестетіңіздер. Жапырақтың иісін сезіп, құстардың әнін тыңдап, орманда серуендеп жүрсіздер.
Үңгірге жақындаңыздар. Қабырғасын қолмен ұстап, тастың қаттылығын сезініңіздер. Үңгірдің жанында сарқырап су ағып жатыр — соны табыңыздар. Судың сылдырын, орманның тыныштығын, құстардың үнін тыңдауға тырысыңыздар.
Ішкі жан дүниеңізді осы әсерлерге ашыңыз: өзіңізге ыңғайлы орынға отырып, тыныштықпен үйлесім табыңыз. «Иә» деген сөз сізге жағымды күй сыйласын: Иә — менің тамаша бүгінім мен ертеңім.
Ішіңізден күлкіні сезініңіз. Өткеніңізге, бүгініңізге, ертеңіңізге күлімдеңіз. Бұл күлкі жаңа ашылған раушан гүлі сияқты: ол ішіңізде ашылып, бүкіл денеңізге жайлы әсер таратады.
Енді жұмысты аяқтаймыз. Демалғаныңызды сезген кезде көзіңізді ашыңыз.
Мұғалім сөзі: табиғатқа құрмет — ортақ міндет
Әр өңірдің өзіне тән табиғат ғажаптары болады: қызықты үңгірлер, жартастар, бейнелі тау қатпарлары, шипалы қайнарлар, бұлақтар, тұмалар. Осындай тылсым құбылыстар — табиғаттың адамды таңдандыратын сыйы.
Табиғат адамды ерекше сезімге бөлеп, қуаныш сыйлайды, тануға жетелейді, құпия сырын ашуға ынталандырады. Табиғат тылсымын түсінген адам қоршаған әлемді құрметтеуге, оның сырын ұғуға құштар болады.
Тілсіз табиғаттың тылсымын түсіну, оны аялау және қорғау — әр адамның міндеті әрі борышы. Табиғат пен адам — егіз ұғым. Табиғат адамды әлдилеген ана іспетті.
Таң ала көлеңкедегі құстар үні, салқын самалдың қоңыр лебі, жусанның жұпар иісі — адам жанын байытып, көңілін орнықтырады. Бұл ұғымдарды есте сақтап, ой елегінен өткізу маңызды.
Қосымша әрекеттер
- «Табиғат тамашасы» бейнематериалын көрсету.
- Сергіту: «Жаңбыр» ойыны (табиғат дыбыстары, музыка).
Табиғат болжамдары: халық даналығы
Жануарларға қатысты белгілер
- Аю: үңгірін таудың биігіне салса, келер көктемде су мол тасиды.
- Қарға: ерте көктемде шомылса — күн жылынады; жазда аузын ашып қарқылдай берсе — найзағай ойнайды.
- Ит: шалқасынан немесе керіліп ұзақ жатса — күн жылынады; ұзақ ұйықтаса — ауа райы бұзылады.
- Мысық: бұйығып ұзақ ұйықтаса — күн жылынады; жуынса — күн ашылады; суды әдеттегіден көп жалап ішсе — ауа райы бұзылады; артқы екі аяғымен тік тұрып, алдыңғыларымен жер тырналаса — боран соғады.
Құстар мен аспанға қатысты белгілер
- Құстар: көңілдене сайраса — күн ашық; үндері тынса — күн күркірейді.
- Жыл құстары: топтанып қайтса — қыс қатты; топ-тобымен бір мезгілде оралса — көктем тез кіреді.
- Қарлығаш: келгенде терек жапырақ жаяды; төмендеп-биіктеп ұшса — дауыл; жер бауырлай ұшса — жаңбыр не жел.
- Көкек: таңсәріде көкектесе — су бетіне тұман түсіп, шық молаяды; «ку-ку» дауысы жиі естілсе — алдағы күн ашық.
- Ай: шалқасынан туса — шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
- Жаз: күн кенет ысып кетсе — көп ұзамай жауын жауады.
- Болжам: жауын немесе боран жұма күні басталса, келесі жұмаға дейін созылады деген ырым бар.
Топтық жұмыс
I топ
«Табиғат» сөзіне ассоциация жасау (плакатпен).
II топ
Суреттерді қолданып, «Мен және табиғат» тақырыбына коллаж жасау.
III топ
«Табиғат қажет, өйткені…» сөйлемін аяқтау.
Қоршаған ортаға қатысты тыйым сөздер
- Аққу — киелі құс: оны атуға, құс салуға болмайды.
- Бақа өлтіруге болмайды: «жаңбыр жауады» деп ырымдайды.
- Жылан үйге кіріп кетсе, өлтірмейді: басына ақ құйып шығарады.
- Көкті жұлса, «көктей соласың» деп жамандыққа жориды.
Бұл тыйымдар оқушылармен талқыланып, мән-мағынасы түсіндіріледі.
Ой тұжырым
«Табиғатқа менің айтар тілегім…» — оқушылардың тілектері тыңдалады.
Релаксация
Әр оқушы смайликтерді пайдаланып, сабақ соңындағы көңіл күйін сипаттайды да, бұлттарға орналастырады.
Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»
1-шумақ
Күн әлемі, көк әлемі —
Суреті ол жас баланың.
Ақ қағазға салған ізі,
Жазылған бар бір сөзі.
Қайырмасы:
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман.
2-шумақ
Сұм соғысты, қан төгісті —
Болдырмаймыз сәби үшін.
Гүл жайнайды, бақ таймайды,
Адам соны қалайды.
Қайырмасы:
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман.
Сабақтың негізгі ойы: табиғатты түсіну — оны құрметтеуге бастайды; ал құрмет — қорғауға, аялауға айналады.