Суши тағамы адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін

Суши денсаулыққа қаншалықты қауіп төндіруі мүмкін?

Суши бүгінде Батыс елдерінде де, Шығыс елдерінде де кең тараған. Соған қарамастан, дәрігерлер шикі немесе аз тұздалған теңіз өнімдері кей жағдайда адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді.

Жақында португалиялық гастроэнтерологтар жапон асханасындағы суши паразиттік аурулардың таралуына себеп болуы ықтимал екенін атап өтті. Бұл туралы Baq.kz шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады. Дәрігерлердің тиісті зерттеуі BMJ Case Reports журналында жарияланған.

Нақты клиникалық жағдай

Дәрігерлерге 32 жастағы ер адам жүгініп, көмек сұраған. Ол бір апта бойы дене қызуы көтеріліп, лоқсығанын, сондай-ақ кеуде тұсының ауырғанын айтқан. Қан талдауы қабыну процесінің күшейіп бара жатқанын көрсеткен.

Алғашында дәрігерлер симптомдардың нақты себебін анықтай алмаған. Кейінірек науқас белгілер басталардан бұрын суши жегенін хабарлаған соң, мамандар оның анизакидоз деген паразиттік ауруға шалдыққанын болжап, тексерісті тереңдеткен.

Анизакидоз деген не?

Анизакидоз көбіне шикі немесе аз тұздалған теңіз балығымен бірге асқазанға түсетін жұмыр құрттардың дернәсілінен пайда болады. Эндоскопиялық тексеріс барысында дәрігерлер науқастың асқазанынан паразит құрттың дернәсілін анықтаған.

Нәтиже

Дернәсіл алынғаннан кейін пациенттің жағдайы едәуір жақсарған.

Не нәрсеге мән беру керек?

Дәрігерлер анизакидоздың бастапқы белгілеріне мұқият болуға, сондай-ақ балықты дұрыс таңдауға және тағам әзірлеу кезінде оның тазалығына ерекше мән беруге шақырады.

Дереккөз: baq.kz