Күкірт қосылыстары

Химия • 9-сынып Жаңа сабақ Сын тұрғысынан ойлау элементтері

Сабақтың тақырыбы: Күкірт және оның қосылыстары

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: күкірт және оның қосылыстары туралы толық мәлімет беру; реакция теңдеулерін дұрыс жазуға үйрету.
  • Дамытушылық: есеп шығарту арқылы ой-өрісті дамыту; сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыру.
  • Тәрбиелік: қоршаған ортаны қорғауға, ұйымшылдыққа, шапшаң ойлауға және қазақы дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Сабақтың әдісі
Баяндау, сұрақ-жауап
Технология элементі
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту

Ресурстар және байланыс

  • Д. И. Менделеевтің периодтық жүйесі, кестелер, слайдтар.
  • Қосымша әдебиеттер (есептер жинағы), баспасөз материалдары.
  • Пәнаралық байланыс: математика, биология, экология, физика, қазақ тілі, жаратылыстану.

Жаңа сабаққа кіріспе (жұмбақ)

Таңбам менің доллардың бейнесінде, өзіме отыз екідей салмақ үйлесімді. Латынша sulfur деген атауым бар, емдік те қасиетім бар — сенесің бе?

Сабақтың өту барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Сабаққа қатысуын және оқу құралдарын тексеру.
  • Сынып тазалығына назар аудару.

2) Психологиялық ахуал

«Мен сенемін…» жаттығуы арқылы жағымды көңіл күй қалыптастыру.

3) Үй тапсырмасын сұрау

«Кім жылдам?» ойыны
  1. 1.Периодтық жүйеде қанша бейметалл бар?
  2. 2.Электртерістігі ең жоғары бейметалл қайсы?
  3. 3.Кремний жер қыртысында таралуы бойынша нешінші орында?
  4. 4.Бейметалдардың тотықтырғыштық қабілеті период бойынша қалай өзгереді?
  5. 5.Көміртектің ұшқыш сутекті қосылысының формуласы қандай?
  6. 6.Химиялық реакцияға түспейтін бейметалдарды атаңдар.
  7. 7.Негізгі топшада бейметалдардың қасиеттері қалай өзгереді?

4) Үй тапсырмасын бекіту (есеп)

Су құрамында қанша пайыз оттек және қанша пайыз сутек бар?

5) Жаңа сабақ

5.1) Күкірт атомының құрылысы

Оқушылар күкіртке периодтық кесте бойынша сипаттама беріп, нәтижесін тақтада және дәптерде орындайды.

5.2) Табиғатта кездесуі және маңызы

Күкірт — адамзат бірнеше мың жыл бойы пайдаланған элементтердің бірі. Тарихи деректер бойынша б.з.д. 680 жылы теңіз шайқастарында византиялықтар арабтарға қарсы өте күшті қару ретінде «грек отын» қолданған. Грек отының құрамында күкірт болғаны айтылады.

Күкірттің элемент екені XVIII ғасырда А. Лавуазье еңбектерінде дәлелденіп, XIX ғасырда Г. Дэви және Ж. Гей-Люссак химиялық талдау арқылы нақтылаған.

Күкірт табиғатта бос күйде де, қосылыстар түрінде де кездеседі. Жер қыртысындағы массалық үлесі шамамен 0,1%. Қазақстанның Орталық, Оңтүстік және Шығыс өңірлерінде күкіртті кен орындары бар.

Сульфатты қосылыстар Арал және Каспий маңында кездеседі. Барит сияқты минералдар (Майқайың, Төртқұдық, Мырғалымсай, Қарағайлы, Қайрақты, Тұйық, Жалайыр және т.б.) кең таралған. Сульфидті минералдар (халькопирит, мыс жылтыры) Жезқазған мен Кенді Алтайда көп.

Емдік қасиеті бар минералды сулар (мысалы, Алмаарасан) да белгілі. Ақтөбе, Ақтау, Атырау өңірлерінде өндірілетін мұнай мен газ құрамында күкірт қосылыстары жиі ұшырасады.

Күкірт тірі ағза үшін маңызды: нәруыз құрамына кіреді, шаштағы кератинде, құс қауырсынында, жануар жүнінде көп болады. Бос күйіндегі күкірттің аса қауіптілігі жоғары емес, бірақ аз мөлшері іш жүргізетін әсер беруі мүмкін; ұсақ түйіршікті күкірт теріні тітіркендіреді. Күкірт қанның ұюына қатысады. Ақуыз құрамындағы күкірттің үлесі шамамен 0,25%, ал адам ағзасында 130–140 г дейін күкірт болуы мүмкін.

5.3) Физикалық қасиеттері

«Жазбаларды сөйлетейік»

Негізгі деректер

  • Түсі: сары; иіссіз; қатты кристалды зат.
  • Тығыздығы: ρ = 2,07 г/см³.
  • Балқу температурасы: 112,8°C.
  • Қайнау температурасы: 444,6°C.
  • Электртерістілігі: 2,50.

Ерігіштік және молекулалық түрлері

  • Суда ерімейді; CS₂ және бензолда жақсы ериді.
  • Спирт пен эфирде нашар ериді.
  • Күкірт S₂, S₄, S₆, S₈ молекулаларын түзе алады; S₈ — тәжге ұқсас тұйықталған құрылым.

Аллотропия және температура әсері

Күкірттің аллотропиялық түрөзгерістері: ромбты, моноклинді, аморфты, иілімді. Қалыпты температурада ең тұрақтысы — ромбты күкірт; табиғатта жиі кездеседі.

Күкірт 119°C-та балқып, сары-қоңыр сұйықтыққа айналады. 160°C-тан асқанда молекуладағы атомдар саны азайып, ашық тізбекті құрылымдар түзіліп, иілімді түрге ауысады.

Қайнаған күкіртті тез суытса, ұнтақ тәрізді «күкірт түсі» пайда болады. Ағаш қалыптарға құю арқылы таяқша күкірт алынады.

5.4) Химиялық қасиеттері және тәжірибелер

Күкірт химиялық реакцияларда әрі тотықтырғыш, әрі тотықсыздандырғыш қасиет көрсете алады. Тәжірибелер бойынша оқушылар реакция теңдеулерін өз бетімен жазады.

Тәжірибелер

  1. 1.Күкірт оксидін алу, түзілген затқа су қосу және индикатормен өнімді анықтау.
  2. 2.Күкіртсутектің түзілуі.
  3. 3.Сынап(II) сульфидінің түзілуі.
  4. 4.Күкірт қосылыстарының қоршаған ортаға әсері.

Негізгі тұжырымдар

  • Оттекте көгілдір жалынмен жанады (күкірт — тотықсыздандырғыш).
  • Металдармен жоғары температурада әрекеттесіп, сульфидтер түзеді.
  • Алтын, иридий, палладиймен әрекеттеспейді.
  • Шашылған сынапты күкірт ұнтағын сеуіп жинау — демеркуризация.
  • Сутекпен әрекеттескенде күкірт — тотықтырғыш; күкіртсутек пен оның тұздарын қорғасын(II) нитраты арқылы анықтайды.

5.5) Күкірт қосылыстарының қасиеттері

Күкірт(IV) оксиді (SO₂)

  • Түссіз газ, өткір тұншықтырғыш иісі бар.
  • −10°C-та сұйыққа ауысады, −73°C-та қатады.
  • 20°C-та 1 л суда 40 көлемге дейін ериді; күкіртті қышқыл түзеді.

Күкірт(VI) оксиді (SO₃)

  • Ұшқыш, түссіз; ылғал тартқыш, ауада түтінденеді.
  • Суда жақсы ериді, көп жылу бөле отырып күкірт қышқылын түзеді.
  • 44,6°C-та қайнайды, 16,8°C-та металдық масса тәрізді қатаяды.
  • 50°C-тан жоғары қыздырғанда SO₃ кристалдары ерімей, бірден булануы мүмкін.

Күкіртсутек (H₂S)

  • Түссіз газ, шіріген жұмыртқа иісі бар.
  • −60°C-та сұйыққа ауысады, −86°C-та қатады.
  • Судың 1 көлемінде шамамен 2,5 көлем ериді.

5.6) Қолданылуы

Оқушылар оқулықпен жұмыс істеп, күкірттің және оның қосылыстарының қолданылу бағыттарын «Топтастыру» стратегиясы бойынша жинақтайды.

5.7) «Білгенге маржан»

Қызықты деректер

Күкіртті кейде «химия өнеркәсібінің наны» деп атайды: оның өндірістегі маңызы өте жоғары. Кариб теңізіндегі арал мемлекеті Доминикада гейзерлер мен күкіртті сулар көп. Ондай суларға шомылу тек демалыс емес, денсаулықты нығайтудың да бір жолы ретінде қарастырылады.

Табиғаттың ерекше құбылыстарының бірі — Морн-Труа-Питон ұлттық паркінде орналасқан Бойлинг-лейк (Қайнап тұратын көл). Көлден шыққан бу құрамында күкірт қосылыстары көп болғандықтан, оның маңында өсімдіктер сирек өседі: күкірт өсімдіктердің қаптап өсуіне кері әсер етеді.

Техника құралдары, зауыт-фабрикалар және темекі түтіні бөлетін күкірт қосылыстары адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Күкірт пен оның қосылыстары ауадағы оттекпен және су буымен әрекеттесіп қышқылдар түзеді; олар жаңбыр және қар арқылы жерге түсіп, табиғатқа зиянын тигізеді (қышқыл жаңбыр).

Зиянды әсерлерді азайту мақсатында Қазақстанда тұрақты дамуға көшу бағытын күшейтетін тұжырымдамалық құжаттар қабылданған. Мұндағы негізгі идея — экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және саяси тепе-теңдікті сақтай отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін күшейту.