Одағайдың емлесі мен тыныс белгілері
Сабақтың тақырыбы
Одағайдың емлесі мен тыныс белгілері.
Сабақтың мақсаты (білімдік)
- Оқушылардың одағайдың түрлері, емлесі мен тыныс белгілері туралы түсінігін кеңейту.
- Алған білім, білік, дағдыларын бекіту және сауаттылыққа үйрету.
Сабақтың мақсаты (дамытушылық)
- Одағайды түрлеріне қарай талдап, өзіндік пікірді еркін жеткізуге баулу.
- Одағайды мәтіннен тауып, ажырата білуге үйрету.
- Зерттеушілік және шығармашылық іс-әрекет қабілеттерін дамыту.
Сабақтың мақсаты (тәрбиелік)
- Қазақ тіліндегі көңіл күйге қатысты көтермелеу қолданыстарын және ұлттық ерекшелікті бағалауға тәрбиелеу.
- Тіл өнерін қастерлеуге, туған жерін сүюге, отансүйгіштікке баулу.
Сабақтың форматы
- Сабақтың түрі
- Шығармашылық-ізденіс сабағы (топпен жұмыс).
- Сабақтың әдістері
- Ой тудыру, сыни тұрғыдан ойлау, салыстыра зерттеу, ішінара ізденіс.
- Көрнекілігі
- Интерактивті тақта.
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет, тарих.
Күтілетін нәтижелер (құзыреттілік бойынша)
1) Проблемаларды шешу құзыреттілігі
- Өздігінен шешім қабылдайды.
- Сөздерді мақсатына және мазмұнға сәйкес қолданады.
- Сөздік қорын өз бетінше толықтырады.
2) Ақпараттық құзыреттілік
- Ақпарат негізінде көздеген мақсатына сай мәтін құрайды.
- Шығармашылық жұмыстарды орындайды.
3) Коммуникативтік құзыреттілік
- Сөз құрылымының барлық бөліктеріне тән дағдыларды меңгереді.
- Өз пікірін қорғай алады.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1.Оқушыларды түгендеу; қалам, дәптер және қажетті құралдардың бар-жоғын тексеру.
- 2.Сынып бөлмесінің тазалығын қадағалау.
- 3.Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
- 4.Оқушыларды екі топқа бөлу.
Психологиялық дайындық
- Бүгінгі сабақтың ерекше екенін атап өту; қонақтарға ілтипат білдіру.
- Оқушылардың бір-біріне қарап, жақсы тілектер айтуы.
Жатқанда елдің еркін, азат болып,
Ешкімге жүрмеу үшін мазақ болып,
Өз халқыңның тілі мен тарихын біл, жұртыңды таны,
Сонда сен көгересің қазақ болып.— Сабақ эпиграфы
Бүгінгі сабағымыз сәтті өтсін деген ниетпен тақтаға жұлдыз ілінді. Жұлдыздарың әрдайым жанып, армандарыңа жете беріңдер. Жұлдыздай жарқырап, оқып-білім алыңдар! Тәуелсіз еліміздің білімді ұрпағы болыңдар!
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Мен — саған, сен — маған» ойыны
Шарты: қарама-қарсы топ оқушылары бір-біріне сұрақ қояды. Сұрақтар үйден алдын ала дайындалып келеді.
I топқа сұрақтар
- 1.Көмекші сөздер дегеніміз не?
- 2.Көмекші сөздерге нелер жатады?
II топқа сұрақтар
- 1.Көмекші етістіктер өз ішінде неше түрге бөлінеді?
- 2.Көмекші есімдер мен көмекші етістіктерді атап беріңдер.
Жазылым тапсырмасы
Өлеңде аты аталған тарихи тұлғалар туралы көмекші сөздерді қолдана отырып, шағын шығарма жазыңдар.
Мәтін
Алаштың арыстары
Алаштың арнап мақсаты мен арманын,
Қазақ үшін қиды қыршын жандарын.
Өтті өмірден Ахмет пен Әлихан,
Теңдік үшін төгіп қасық қандырын.
Жүсіпбек пен Мағжан сынды жасынды,
Ақындарым жау боп елге танылды.
Ең ақыры арыстардың аттарын,
Атауға да қатаң тыйым салынды.
Империя қазағымды бұқтырды,
«Алаш» сөзін «апиын» деп ұқтырды.
Мен сияқты кейінгі жас ұрпақтың,
«Алаш» десе төбе шашы тік тұрды.
(А. Имантаев)
III. Жаңа сабақ
Тақырыппен танысу
Дәптерлеріңе бүгінгі күнді және сабақтың тақырыбын жазыңдар: «Одағайдың емлесі мен тыныс белгілері».
Мәнерлеп оқу (үзінділер)
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос...(Махамбет)
— Әй, кемпір! Ертең дәу саған қонаққа келеді.
— Ойбай, немізді береміз?
— Тәйт! «Ойбайламай»: «Үйде ет жоқ, нені асамыз?» — десең болады.
Келесі күні кемпір:
— Ойпырым-ай, шал-ай, нені асамыз, үйде дым жоқ.
— Түу, сол да сөз болып па! Басқы дәудің басын ас, ортаңғы дәудің төсін ас, болмаса досым дәудің өзін ас!
Дәулер:
— Астапыралла, қашайық!(«Қаңбақ шал» ертегісінен)
Одағай: анықтама және негізгі белгілер
Одағай — дербес мағынасы жоқ, адамның көңіл күйін білдіретін немесе жануарларға қарата айтылатын сөз табы.
Ерекшеліктері
- Одағайлардың дербес лексикалық мағынасы болмайды: пәлі, әттең, ойпырмай т.б.
- Сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді: Қап, соны күшік кезінде атып тастау керек еді.
- Сөйлем мүшесі бола алмайды: Әттең, қазір жанымда әкем болғанда ғой.
Мағынасына қарай 3 түрі
1) Көңіл күй одағайлары
Адамның түрлі сезімін білдіреді: алақай (қуану), әттең (өкіну), шіркін (таңдану).
2) Жекіру, бұйыру одағайлары
Жекіру, тыйым салу мәнін білдіреді: тәйт, жә, тек т.б.
3) Шақыру одағайлары
Мал мен құсқа қарата шақыру немесе қуу үшін айтылады: шөре-шөре, құрау-құрау, моһ-моһ т.б.
Одағайдың емлесі мен тыныс белгілері
Емле
1) Қайталану арқылы жасалған одағайлар дефис арқылы жазылады.
Мысалы: Әлди-әлди, сап-сап.
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат, бөпем.
Сап-сап, көңілім, сап, көңілім.
(Бесік жыры, Абай)
Тыныс белгілері
2) Одағай сөйлемнің басында келсе, одан кейін үтір қойылады.
Мысалы: Бәрекелді, батырым, осылай болатынын сезгем. (Ә. Әбішев)
3) Одағай сөйлемнің ортасында келсе, екі жағынан үтір қойылады.
Мысалы: Сізге, тәйірі, сол да сөз болып па?
4) Одағай сөйлемнің соңында келсе, оның алдынан үтір қойылады.
Мысалы: Жүре берсең, көре бересің деген осы екен ғой, о, тоба-ай!
5) Одағайлы сөйлемнің соңына көңіл күйіне қарай тиісті тыныс белгісі қойылады.
Нүкте, сұрау белгісі немесе леп белгісі қолданылады.