Көктем келді Сабақтың мақсаты

Сабақтың бағыты мен мазмұны

Білім беру салалары

  • Қатынас
  • Таным
  • Шығармашылық

Бөлімдер

  • Қоршаған орта
  • Математика
  • Жапсыру, құрастыру
  • Тіл дамыту
  • Өзін-өзі тану

Сабақтың тақырыбы

Көктем келді

Мақсаты

  • Көктем белгілерін әңгімелеу арқылы ерекшеліктерімен таныстыру.
  • Дұрыс сөйлеу дағдыларын және ізденімпаздық қабілеттерін дамыту.
  • Табиғатты сүюге және қорғауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру

Көрнекіліктер мен құралдар

  • Көктем көрінісі
  • Түрлі-түсті қағаз
  • Лупа (үлкейткіш әйнек)
  • Топырақ
  • Шелектер
  • Смайликтер

Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»

Сәлемдесу

Қайырлы күн, балалар! Әдеттегідей сендермен қайта кездескеніме қуаныштымын. Қане, қонақтармен және бір-бірімізбен сәлемдесейік.

Өлең

Бақшамызға барғанда,

Жолыққан бар жандарға,

Ертемен ақ пейілмен,

«Қайырлы таң!» деймін мен.

Алдымыздан кезіккен,

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен,

Біздер сәлем береміз.

Психологиялық жаттығу: «Күн шуағы»

Балалар, көзімізді жұмып, бақшаға келе жатырмыз деп елестетейік. Күн жылы шуағын төгіп, жарқырап тұр. Сен қуаныштысың: айналада құстар сайрап жатыр. Сол дыбысты тыңдап, бір сәтке тоқтайсың. Дәл осы кезде анаң: «Балам, жүгір, бақшаға кешігесің», — дейді. Сен жүгіріп, бақшаға беттей жөнелесің. Ал енді көздерімізді ашайық.

Сұрақ-жауап

Қандай сезімде болдыңдар?

Керемет, бақытты, тамаша.

Ойын: «Тамаша»

Шарты

Мен сендерге жақсы сөз айтсам, сендер «Жақсы, тамаша!» деп жұдырықтарыңды түйіп, бас бармақтарыңды көтеріп, бір-біріңе көрсетесіңдер.

Сұрақтар

  • Гүлдің иісі қандай? Тамаша
  • Құстардың дауысы қандай? Тамаша
  • Жайқалып өскен көк шөп қандай? Тамаша
  • Үстелімдегі нан өнімдері қандай? Тамаша

Нан өнімдері арқылы әңгіме өрбіту

Үстел басындағы әңгіме

Үстелде қандай ас түрлері бар?
Нан өнімдері, нан түрлері.
Қандай нан түрлерін атай аласыңдар?
Бауырсақ, бөлке нан, қытырлақ нан.
Нанды кім дайындайды?
Наубайханада — наубайшы, ал үйде — анамыз бен апамыз.
Нанды неден дайындайды?
Ұннан.
Ұн неден алынады?
Бидай мен арпадан.
Жақсы ұн үшін қандай дән керек?
Таза, толық піскен, жоғары сапалы бидай мен арпа.

Дәстүр: ас қайыру

Үстелден тұрарда ас қайырып, бата беріледі.

Еске салу

Үлкенді сыйлау, ризашылық айту, дастарқан қадірін білу.

Зерттеу: бидай мен арпаны салыстыру

Тапсырма

Үлкейткіш әйнектің көмегімен егуге жарамды дәндерді таңдаймыз: бүтін, таза, шірімеген бидай мен арпаны іріктейміз. Дәндердің ортасынан кесілген үлгілер де қарастыруға беріледі.

Айырмашылықтары

  • Бидай

    Түсі қоңырлау, қысқалау, сырты тегіс әрі жылтыр.

  • Арпа

    Сырты кедір-бұдырлау, ұзынша, түсі сарғылт.

Қорытынды

Толық піскен, таза дәннен жоғары сапалы ұн дайындалады. Мұндай тұқымнан жақсы бітік астық өседі.

Тәжірибе: тұқым егу

Қай мезгілде егін егеміз?

Егінді көктемде егеміз. Ендеше, өз ыдыстарымызға тұқым салып, қалай өсетінін бақылайық.

Егу қадамдары

  1. 1Топырақты дайындаймыз.
  2. 2Тұқымды топыраққа салып, бетін жабамыз.
  3. 3Үстіне су құямыз.

Жылы сөздер

Өс-өс, менің бидайым,

Жылдамырақ өс!

Жылуымды берейін.

Түсіндіру

Бидай мен арпа — астық тұқымдастар. Сондықтан өскен кезде жапырағы мен түсі ұқсас болуы мүмкін. Бұл — табиғаттың қызықты құпияларының бірі.

Көктем көрінісі: әңгімелеу және құрастыру

Көктемнің белгілері

  • Күн жылынады.
  • Құстар ұшып келеді.
  • Адамдар жер жыртып, егін егеді.
  • Су тасып, одан өту үшін көпір жасалады.

Қайталау сұрақтары

Бір жылда неше мезгіл бар?

Қыс, көктем, жаз, күз.

Бүгін қай мезгілдің еңбегі туралы айттық?

Көктем мезгілі: егін егіледі, ағаш бүршік жарып жапырақ жаяды, шөп шығады, төлдер ойнайды.

Тақпақ

Көктем, көктем, көктемде,

Құстар келіп сайрасып,

Төлдер ойнап, секіріп,

Қуанып бір қалады.

Қимыл-қозғалыс арқылы бекіту: «Көктемді құрастыр»

Сұрақтар

  • Ағашта нелер пайда болады? — Жапырақтар.
  • Нелер ұшып келеді? — Құстар.
  • Құстар қайда қонады? — Ағаштың бұтағына.
  • Көк шөп қайда өседі? — Жерде.
  • Төлдер қайда ойнайды? — Көк шөптің үстінде.

Қорытынды

Бұлардың бәрі көктем мезгілінде болады. Табиғат жаңарып, тіршілік жанданады.

Көңіл-күй белгісі

Әр баланың алдында көңіл-күйді білдіретін «бауырсақ» белгілері болады. Сабақ соңында сол арқылы өз әсерімізді көрсетеміз.

Шығармашылық бөлім: «Қағаз ханшайымының тапсырмасы»

Сюжет

Бізге «Қағаздар елінен» қонақ келді — Қағаз ханшайымы. Ол: «Сендер көктем туралы көп біледі екенсіңдер. Ендеше көктем көрінісін түрлі-түсті қағаздан жасап берсеңдер, мен сендерге сыйлық беремін», — дейді.

Саусақ жаттығуы: «Өрмекші»

Күні бойы еңбекпен,

Өрмекші өрнек тоқыды.

Нөсер кенет селдеткен,

Еңбегін оның жоқ қылды.

Күн шықты қайта жарқырап,

Құрғады тез-ақ төңірек.

Өрмекші өрмек тоқуға,

Кірісті дереу, тезірек.

Нәтиже

Жұмыс аяқталған соң әр топ өз жұмысын таныстырып, атау береді. Қағаз ханшайымы орындағандары үшін сыйлықтарын табыстайды.

Мағыналық түсіндіру

«Көктем» сөзі айнала көктеп, көк шығып, табиғаттың көгеруінен туған: көктеді, көгерді, көктеп өсті, көк шөп шықты.

Ән

«Көктем» әнін орындау арқылы сабақтың көңіл күйін көтереміз.

Қорытынды және кері байланыс

Сабақтан алған әсер

Балалар, сабақ ұнады ма? Енді «бауырсақ» белгілерін тақтаға жапсырып, сабақтағы көңіл күйімізді көрсетейік.

Рефлексия

  • Не ұнады?
  • Қандай жаңа нәрсе білдің?
  • Табиғатты қорғау үшін не істей аламыз?

Рахмет! Осымен сабағымыз аяқталды.