Сау бол түлкі
Оқу іс-әрекетінің сипаттамасы
Бұл материал мектепке дейінгі ұйымға арналған көркем әдебиет сабағының жоспары ретінде құрастырылды. Оқу үдерісінде балалар үстел үсті театры мен көлеңкелі театр туралы түсінік алып, ертегі кейіпкерлерін танып, оларды дұрыс ажырата білуге үйренеді.
Білім беру саласы
Әлеуметтік орта
Оқу іс-әрекеті
Көркем әдебиет
Тақырыбы
«Түлкі мен тырна»
Мақсаты
- Балаларға үстел үсті театры және көлеңкелі театр туралы түсінік беру.
- Ертегі кейіпкерлерін танытып, оларды дұрыс ажырата білуге үйрету.
- Көркем шығармаларға қызығушылығын арттыру; ойын тілін, білімін және сөздік қорын молайту.
- Ертегіні ықыласпен тыңдауға дағдыландыру; татулыққа, ұйымшылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Көлеңкелі театр
- Үстел үсті театрының атрибуттары
- Жүрекшелер
Әдіс-тәсілдері
- Түсіндіру
- Көрсету
- Сұрақ-жауап
- Салыстыру
- Мадақтау
Сабақ барысы
1) «Жылулық шеңбері»
Тәрбиеші: «Балалар, бір-біріңе қарап күлімдегендерің қандай әдемі! Жүздеріңнен жылулық сезіліп тұр. Мен де сендерге өз жылуымды беріп, қайырлы таң деймін. Сендер де бір-біріңе қайырлы таң тілеп, күнмен сәлемдесіп, қонақтарға да жақсы тілек айтыңдар».
2) Күтпеген қонақ: түлкінің келуі
Сахналық көрініс
Осы кезде залға түлкі кіреді.
Түлкі: «Мәссаған, мен қайда келдім? Өзімше үйіме бара жатыр едім…»
Диалог
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, бұл кім? Дұрыс, бұл — түлкі. Сәлеметсіз бе, түлкі! Сіз балабақшаға келдіңіз. Қайдан келдіңіз және қолыңызда не бар?»
Түлкі: «Мен орманнан келемін. Бір аңқауды алдап, қулығыммен сандығын алып алдым».
3) Сандықтың құпиясы
Тәрбиеші: «Бұл сандықтың ішінде не бар екен? Қане, ашып көрейікші».
Түлкі: «Жоқ, ішіндегісін алып қояйын дейсіңдер ғой?»
Тәрбиеші: «Жоқ, түлкі, біз алмаймыз».
Түлкі: «Жарайды, бірге ашайық. Ішіндегісі — менікі».
Сандық ашылғанда, ішінен ертегі кейіпкерлері шығады. Тәрбиеші балаларға кейіпкерлерді көрсетіп, қай ертегіге тиесілі екенін сұрайды. Кейіпкерлердің ішінде тырна да бар.
4) Көлеңкелі театр: «Түлкі мен тырна»
Тәрбиеші: «Балалар, “Түлкі мен тырна” деген ертегі бар. Қазір осы ертегіні сендерге көлеңкелі театр арқылы айтып беремін. Ал сен, түлкі, балалармен бірге отырып тамашала».
Ертегі көлеңкелі театр арқылы көрсетіледі.
5) Талқылау және қорытынды
- Балалар қандай ертегімен танысты?
- Ертегі ұнады ма?
- Түлкі мен тырна қандай әрекет жасады?
- Досты алдауға бола ма? Неліктен?
Тәрбиеші түлкіге қарап: «Енді сен достарыңды алдап, қулық жасайсың ба?» — деп сұрайды.
Түлкі: «Жоқ, енді қулық жасамаймын, ешкімді алдамаймын».
6) «Жүректен жүрекке» тілектер
Тәрбиеші: «Жарайды, балалар, енді мына жүрекшелерді алып, түлкіге арнап жүректен жүрекке жақсы тілек айтайық».
Түлкі: «Рахмет, балалар. Енді мен жақсы, әдепті боламын. Сендер маған әдемі, таза жүректер сыйладыңдар».
Түлкі балаларға кішкентай тәтті сыйлық ұсынады.
7) Қоштасу
Тәрбиеші: «Түлкі, саған рахмет».
Түлкі: «Ал енді мен кетейін. Сау болыңдар!»
Балалар: «Сау бол, түлкі!»
Осымен сабағымыз аяқталды. Сау болыңыздар!