Асан қайғы (XV ғасыр)Асан өз заманының асқан ақылгөйі

Асан қайғы (XV ғасыр)

Жырау • ойшыл • ақылгөй

Асан өз заманының асқан ақылгөйі болған. Жыраудың өз айтуынша, одан қалған таза, мінсіз асыл сөз аз болмаған, бірақ олардың бәрі біздің дәуірімізге толық жетпеген. Дегенмен бүгін қолда бар өлең-толғаулардың өзінен-ақ оның замана жайын әріден толғайтын ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екені айқын танылады.

Есіміндегі “қайғы” нені аңғартады?

Асан есіміне “қайғы” сөзінің қосылуы көп жайды аңғартады: ол халықтың мұң-арманы мен тағдырын ойлаумен өткен, ел қайғысын өз қайғысындай көтерген тұлға. Халық аңыздарында да оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы қоныс, жайлы мекен, шүйгін жер іздеген халық қамқоры ретінде сипатталуы осыны күшейте түседі.

Ел тыныштығы туралы арман

Асан ел тыныштығын армандаған. Мал бағып, көшіп-қонып жүрген елге ең керегі — бейбіт тіршілік. Алайда ол дәуірде жаугершілік пен басқыншылық, құнарлы жер үшін ұрыс-керіс жиі болып, ел берекесін кетіріп, жұртты күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген ауыртпалықты айқын көре білген.

Ханға тура айтылған сөз

“Әй, хан, мен айтпасам білмейсің” деп басталатын Жәнібек ханға арналған толғауында жырау елдің қамын ойлаудың орнына думанға беріліп, мансабына масаттанған билеушіге батыл үн қатады. “Шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің” деген жолдар арқылы ол халық тағдырын елемеудің зардабын бетке басады.

Кейіпкер мінезі

Бұл толғауда ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезі нанымды бейнеленеді: қымыз ішіп қызарып, масаттанып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреген қалпы елестейді.

Көшірілген ел, тарылған қоныс

Елінің ертеңін ойламаған билікке жырау налиды. Ол Ойыл, Жем, Еділ өңірлері аталған жолдарда қоныс аударудың салмағын, кеңес қылмай көшірілген елдің күйін өткір сезіндіреді.

Ойыл көздің жасы еді,
Ойылдан елді көшірдің.
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге.

Бірлік пен өнеге

Ақылгөй жырау ата жұрты — бұқараның күшін жоғары бағалайды. Ол елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, “Еділ бол да, Жайық бол — ешкімменен ұрыспа” деген ойға саяды. Жырларында ғибрат, өнеге алатындай парасатты түйіндер мол: өз дәуіріндегілерге де, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздайды.

“Бұл заманда не ғаріп?” толғауынан

Төмендегі шумақтарда жырау қоғамның қадір-қасиет өлшемдерін “ғаріп” ұғымы арқылы түйіндейді: қадірі кетсе — құндылық та жүдейді.

Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп.

Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын-шалқар көл ғаріп.

Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса, пір ғаріп.
Атажұрты бұқара
Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.