Ләззаттың анасы

Мақсаты

Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыз армандаған егемендікке жету жолында талай боздақтың жалған айыппен құрбан болғанын оқушыларға терең ұғындыру; дүниетанымды кеңейту; Отанды сүюге, құрметтеуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін түсінуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Интерактивті тақтада жинақталған суреттер, қанатты сөздер.

Негізгі ой

Тәуелсіздік — бір күннің жеңісі емес; ол ұрпақтың үміті мен талай жанның тағдырына түскен ауыр сынақ арқылы келген қасиетті құндылық.

Барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар мен шәкірттер! Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы аңсаған арманын — Тәуелсіздік мерекесін еске алып, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының тағылымын ой елегінен өткіземіз. Бұл — тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған ерлік пен намысқа толы жол.

Оқушылардың пайымы

1-оқушы: Егемен еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі — Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайын, мереке құтты болсын!

2-оқушы: Тәуелсіздіктің түп-тамыры Желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты. 1986 жылдың қасіретті желтоқсаны — бір күндік немесе бір жылдық наразылықтың ғана көрінісі емес.

3-оқушы: 1986 жылы Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасы болды. Бұл көтеріліс дүниені дүр сілкіндірді. Оған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова және басқа да ардақты ағаларымыз бен апаларымыз қатысты. Жастар алаңға арандату үшін емес, бейбіт жолмен тәуелсіздікке жету үмітімен шықты.

Ескерту

«Желтоқсан оқиғасы» слайдтары көрсетіледі. Интерактивті тақтаға назар аударылады.

Желтоқсанға арналған шумақтар

4-оқушы:
Қасқалдақ ұшып көліне,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.

5-оқушы:
«Нашақор» деп, «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.

6-оқушы:
Қақаған қыстың ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
ОМОН-дар бастан тепкен күн.

7-оқушы:
Қариялар итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.

8-оқушы:
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.

9-оқушы:
Ел басына туды күн,
Қайғы езіп елдің еңсесін.
Жаншыды-ау жанын батпан мұң,
Сол бір қарғыс атқан күн.

Көріністер

1-көрініс: Алаңдағы жастар

Алаңға жиналған жастардың үні — әділетке ұмтылған халықтың үні. Қысым мен қиянатқа қарамастан, олардың жүрегінде намыс пен үміт оты сөнбеді.

2-көрініс: Ақтық сөз

Тергеуші: Айыпкер Қайрат Рысқұлбековті алып келіңдер!

Әскери адам Қайратты алып келеді.

Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, Савицкийді өлтіргеніңді мойында. Мойындасаң жазаң жеңілдейді.

Қайрат: Жоқ, мен өлтірген жоқпын! Мен жаламен кетіп барамын!

Қайраттың монологы

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден.

Алатаудай бабалар,
Әруағыңмен жебей гөр!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар.
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты — құрбандық,
«Атам» десең атыңдар!

Тергеуші: Сот келеді. Орындарыңыздан тұрыңыздар!

Сот: Айыпкер Рысқұлбеков қылмысты деп танылып, ҚазКСР Қылмыстық кодексінің 60-бабы бойынша 3 жыл және 65-бабы бойынша 15 жыл бас бостандығынан айырылсын. 173-бап бойынша жазалаудың ең ауыр түрі — өлім жазасына, атуға кесілсін!

Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, ең соңғы ақтық сөзіңді айт!

Қайрат: Туған жердің намысы бөтен қолда кетпесін!

Музыкалық үзіліс

«Желтоқсан желі» әні орындалады.

3-көрініс: Қыз бала монологы және аналардың зары

Қыз бала

Есіңе ал, есіңе ал, жас достар,
Бұл жерде батыр жоқ қол бастар.
Бұл жерде жүректе мұз жатыр,
Бұл жерде өрімдей қыз жатыр.

Бұл жерде мәңгілік аттанған,
Халқымның есінде сақталған.
Бұл жерде Ләззаттың қаны бар,
Танкінің астында тапталған.

Қайраттың анасы

Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді-ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді-ау,
Жарылқағыш Құдайым.

Мынау неткен зар заман,
Жүректегі тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға,
Зауал келсін Алладан!

Басшыларға ұнамай,
Ел көзінше жыламай,
Анашыңның шарасыз
Боздағанын білдің бе?!

Тай-құлындай тебіскен
Бауырыңның сені іздеп,
Егілгенін білдің бе?!

Құлыным менің қор болды-ау,
Желтоқсанның қайғысы
Сан анаға сор болды-ау!

Ләззаттың анасы

Бота көзің боталап,
Қиянаттан қаталап,
Дәл он алты жасыңда
Қыршыныңнан қиылдың,
Қара жерге бұйырдың.

Қысқа күндей қызарып,
Баттың-ау сен, Ләззатым!
Елің үшін азапты,
Тарттың-ау сен, Ләззатым!

Айдай аппақ қызымды
Аямаған қанішер,
Туды екен білмеймін,
Қай анадан қанішер!

Ләззаттың сөзі

Міне, мен де жатырмын ақжазықтың түбінде.
Мені өлтірген танкист жігіт, тірімісің бүгінде?
Тірі жүрсең, өткен күнді еске алғанның несі бар?
Желтоқсанда құрбан болған Ләззат қызды есіңе ал.

Жас өмірдің қыршын гүлін қиып түскен қанішер!
Он алтыда қиылдым мен табанында танкінің.
Ләззат атты құрбанымын қазақ деген халқымның.
Туған халқым — қазағым, сенің үшін жанамын.
Енді қайтіп көрмейік Желтоқсанның азабын!

Музыкалық үзіліс

«Қарабауыр қасқалдақ» әні орындалады.

4-көрініс: Тарих өткелдері

Немересі: Әже, атам ылғи: «Сенің болашағыңды ойлаймын, өткен өмірді ойлаймын» дейді. Атамның өткен өмірі қандай?

Әжесі: Е, балам, атаң да, ата-бабаң да талай зобалаң көрді. 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы, 1930–1932 жылдардағы алапат аштық, 1937–1938 жылдардағы жазықсыз жазалау… Ал 1986 жылы тәуелсіздік жолында жастарымыз ереуілге шықты. Міне, өткен өмір. Бұған да тәубе: еліміз Тәуелсіздігін алып, егемен ел болдық.

10-оқушы: Арада төрт жыл өткен соң, 1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды. Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы Мұхтар Шаханов жастарға арналған жалынды өлеңін жазды. 17 желтоқсан Республикалық жаңару күні болып жарияланды.

Қорытынды

Мұғалімнің түйін сөзі

Егемендік деген — осы. Бүгін төрімізде желбіреген көк байрағымыз, айбынды Әнұранымыз, жарқыраған Елтаңбамыз тұр. Егемен еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен Қайраттай ағаларымызды, Ләззаттай апаларымызды ұмытпайық — әрдайым жадымызда сақтайық.

Есте сақтау

Ерлік — ұран емес, жауапкершілік.

Құрмет

Тәуелсіздік — елдің намысы мен бірлігінің жемісі.

Тәрбиелік мән

Әділет пен адамгершілік — болашақтың берік іргетасы.