Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар
Ертеңгілік тақырыбы
«Қарттарым – асыл қазынам»
Көрнекіліктер
Интерактивті тақтадан слайд көрсету.
Қанатты сөздер
- «Қарты бардың қазынасы бар».
- «Ата-анаңды құрметтесең, сен де сондай игілік көресің».
- «Ақиқатты айқындап жариялар, бара жатыр азайып қариялар».
Мақсаты
Балалардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру; үлкенді сыйлауға, ата-баба мұрасын ұмытпай сақтауға тәрбиелеу; салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге және аталы сөзден ғибрат алуға баулу.
Жүргізілу барысы
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылықты ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше. Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасқан, оны өзгелерден даралап тұратын өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, сөзіне құлақ асу.
Қазақ қарттары жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей-теңіз болып келеді. Осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1 қазан – Қарттар күнімен құттықтай отырып, «Қарттарым – асыл қазынам» атты кешімізге қош келдіңіздер!
Қадірлі ата-әжелер, бүгін сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздер жас ұрпаққа әрқашан төзімділіктің, даналықтың үлгісі болып келесіздер.
Құттықтау сөзі
Бүгінгі салтанатты мерекеде құттықтау сөз кезегін балабақша дәрігері Г. Бигареваға береміз.
Арнау өлеңдер
Хош келіпсіз ақжаулықты аналар,
Ақыл кенін арқалаған аталар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз – алаңсыз балғын шақты балалар.
Армысыз ауылымның асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би,
Сіздер үшін мереке шашулары.
Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар, ақжаулықты аналар, шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаушы ұстаздар қауымы! Баршаңызды қазан айының алғашқы мерекесі – Қарттар күнімен құттықтаймыз.
Көрініс және әнмен ашылуы
Жүргізуші: «Дүниеге келер бір рет, құрыштан құйған құдірет. Балалар, ол кім?»
Балалар: «Әрине, қарттарымыз!»
Жүргізуші: «Балалар, бүгін ата-әжеміздің ауылына, жайлауға барғыларың келе ме? Олай болса, кешімізді “Біз жайлауға барамыз” әнімен ашамыз».
Сахналық әрекет
Балалар ата-әженің ауылына келеді, амандасады.
Әже: «Балаларым, амансыңдар ма, қош келдіңдер. Төрге шығыңдар. Алыстан шаршап келдіңдер деп, сендерге арнап дәмді бауырсақ пісіріп, шұбат дайындап қойдым. Қане, ауыз тиіңдер».
Ауылымыздың ардагері, қарт зейнеткер Бақтығұл атаға сөз беріледі.
Той деп бүгін халқым шашу шашады,
Той деп бүгін әлем сырын ашады.
Қарттар күні мейрамына арналған,
Бишілер өнерлерін шашады.
Ұлттық өнер: қамшы және би
Балалар: «Ата, сіз не жасап отырсыз?»
Ата: Қамшы туралы әңгімелейді.
Бүлдіршіндерді қазақтың ұлттық «Қамшы биімен» ортаға шақырамыз.
Әже туралы ән және әңгіме
Асыл әжем, мақтанышым менің де,
Қонақ болып отыр міне төрімде.
Өзіңе арнап балдай тәтті үніммен,
Ән салатын кезім келді менің де.
Балалар: «Әже, қолыңыздағы не нәрсе?»
Әже: «Бұл – құрақ көрпеше. Мұнда көптеген ою-өрнек бар. Мен оны безендіріп, әдемілеп тігіп отырмын».
Бүлдіршіндеріміздің орындауында «Әжетайым» әнін қабыл алыңыздар.
Ән: «Әжетайым»
Жүргізуші: «Балалар, әже деген қандай болады?»
Балалар: (жауаптар)
Жүргізуші: «Әжелеріңді жақсы көресіңдер ме? Сыйлайсыңдар ма?»
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Жүргізуші: «Кім өзінің әжесі туралы айтып береді?»
Нұрәлі: (әңгіме)
Жүргізуші: «Ал сендер ата-әжелеріңе арнап қандай өнер көрсетесіңдер?»
Балалардың құттықтаулары
Дария
Мерекелеріңіз құтты болсын, ата-әже!
Көкіректен жыр төгілмей жата ма!
Зейнетіне жеттіңіздер өмірдің,
Кенеліп бір ілтипатты батаға.
Азамат
Гүл-гүл жайнап бәріміз,
Кірді біздің сәніміз.
Қарттарымыздың тойымен,
Құттықтаймыз бәріміз.
Ақсезім
Ақ жаулықты әжемді,
Ай нұрына теңедім.
Әр ісінен үлгі алып,
Еркін өсіп келемін.
Ерұлан
Қысылып еш саспаңдар,
Қанеки, ән бастаңдар.
Ата-әжелердің көңілін,
Бір көтеріп тастаңдар.
Мансур
Ата – үлкен кәріміз,
Қуат берер дәріміз.
Әулиедей аялап,
Ардақтаймыз бәріміз.
Алмас
Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр, әжем.
Ән: «Шөп шабуға барамыз!»
Аспаптық орындау және өлеңдер
Жүргізуші: «Баламның табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсейші» дейтін ата-әжелерден үлгі-өнеге көріп келе жатқан кішкентай тентектерімізді ортаға шақырайық.
Балалардың түрлі аспаптармен орындауында «Ата толғауы» шығармасы орындалады.
Нұрәлі
Жадыраймын, жадырайын,
Көңілденіп күлемін.
Жанарма деп талабым,
Ата ақылын тыңдаймын.
Артур
Бесігіме бөлеп алып,
Сен тербетсең, қалғимын.
Жүрегіме сіңіп жатыр,
Сенің айтқан әлдиің.
Таңшолпан
Ақ жаулықты әжемді,
Ай нұрына теңедім.
Әр ісінен үлгі алып,
Еркін өсіп келемін.
Аманжан
Мейірімді апалар,
Балалар кеп бата алар.
Қалтасына кәмпит сап,
Немереге апарар.
Әже: «Ой, балаларым, бәрің де өнерлі екенсіңдер. Бәрің шаршаған боларсыңдар. Олай болса, атаң екеуміз сендерге қазақтың ұлттық ойындарын дайындап қойдық. Ойнаймыз ба?»
Ұлттық ойындар және қорытынды
Ойын
Әже «Айгөлек» ойынын ұйымдастырады.
Ойын
Ата «Арқан тарту» ойынын ұйымдастырады.
Бәріміз қосылып «Қошақаным!» әнін айтайық.
Алғыс және бата
Бүлдіршіндеріміздің сіздерге арнап өз қолдарынан жасаған сыйлықтары бар. Қабыл алыңыздар!
Кеш соңында үлкен алғысымызды білдіре отырып: саналы ұрпағы бар елдің қариясы бақытты, ақсақалды атасы бар елдің балалары бақытты. Асыл жандарымызға ұзақ ғұмыр, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.
Аппақ шашың күн сайын қылаңдаған,
Зейнет емес, бейнеттен арылмаған.
Тәңірімдей табынып өтем мәңгі,
Қариялар, өзіңді ел сыйлаған.
«Батамен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, ата-әжелер, бата мен ізгі ниет-тілектеріңіз болса, сөз кезегі өздеріңізде.
Соңында естелік үшін суретке түсу ұйымдастырылады.